Құрылысы сегіз жыл бұрын басталған қазандық үшін тағы 800 миллион теңге қажет

784

Ал жобалық-сметалық құжаттарына түзету енгізу үшін 20 млн теңгедей қаражат жұмсалады.

Құрылысы сегіз жыл бұрын басталған қазандық үшін тағы 800 миллион теңге қажет

ШҚО әкімі Даниал Ахметов Жарма ауданындағы Шуақ ауылындағы  құрылысы 2010 жылы басталып, кейін аяқсыз қалған қазандық ғимаратын барып көрді, деп хабарлайды abctv.kz.

Әкім қондырғылардың жағдайымен танысты. Құрылысты аяқтап, қазандықты қолданысқа беру үшін қосымша қаражат керек. Оның көлемін тәуелсіз сарапшылар 500-800 млн теңгенің арасында бағалап отыр.

"Қондырғылардың бәрі жақсы сақталғанға ұқсайды. Жобаны аяқтау үшін сметасын жаңалау қажет" - деді Даниал Ахметов.

Бұл қазандық Шуақ ауылындағы түзеу мекемелерімен қатар, ондағы қызметкерлердің баспанасын жылытатын болады. Нысанның нақты жағдайын анықтау үшін техникалық зерттеу жүргізілмек.

"Аудандық бюджетке нысанды техникалық тұрғыда зерттеп, жобалық-сметалық құжаттарына түзету енгізу үшін тапсырыс түсірдік. Оның өзіне  20 млн теңгедей қаражат керек.  Құрылысты аяқтауға қосымша қанша ақша бөлу қажеттігі де сол кезде белгілі болады" - дейді аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Рауан Баилов.

Еске сала кетсек, ауылдағы ескі қазандықта апат болып, 2011 жылы ескі қазандықты жаңалау туралы шешім қабылданған еді. Жоба құны сол тұста 2,7 млрд теңгеге бағаланған. Мердігер компания бұл ақшаны 2013 жылдың ортасына дейін игеріп, әрқайсысы сағатына 6,5 Гкал жылу өндіретін үш қазандық орнатуға міндеттелді. Алайда, нысанның құрылысы сағызша созыла берді. Межелі уақыт келгенде құрылыстың әлі аяқталмағаны белгілі болып, іс сотқа берілді. "Мемлекет қаржысын талан-таражға салды" деген айыппен бірнеше жауапты тұлға абақтыға қамалды. Ал Шуақ ауылы әлі де ескі қазандыққа кіріптар күйде отыр.

Ауыл шетінде жападан жалғыз тұрған нысан банкроттық басқаруға берілген. Бірақ басқарушы ғимаратты күзетуден бас тартқан екен. Бір күн де жұмыс істемеген су жаңа қондырғылар көлденең көк аттылардың олжасына айналмас үшін аудандық әкімдік күзет компаниясын жалдап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу