Қылмыстық топ 106 миллион теңгенің малын ұрлаған

1032

Қылмыстық топтың ұйымдастырушысы әр топтың мүшесіне өз рөлін белгіліп қойған және ұрланған малды сатып, ақшаны өзара бөліп отырған. 

Қылмыстық топ 106 миллион теңгенің малын ұрлаған

Түркістан облысында мал ұрлығының 31 фактісіне қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері ұсталды. Келтірілген шығын көлемі - 106 млн теңге, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, қылмыстық топ мүшелерін ұстауға жәбірленушілерден жаппай арыздар түсуі негіз болған. Істі жан-жақты тексеру үшін облыстық ІІД Криминалдық полиция басқармасының, тергеу басқармасының және Төлеби, Сайрам, Қазығұрт, Түлкібас, Ордабасы аудандарының қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Полицейлер жүргізген жедел-іздестіру шаралары кезінде ұйымдасқан қылмыстық топтың жоспары ашылып, олардың әр мүшесінің өз ролі болғаны анықталды. Ұсталғандардың барлығы Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тұрғындары болып шықты. Ұрланған жылқылардың бір бөлігі айғақты зат ретінде алынып, иелеріне қайтарылған.

"Сезіктілер  қылмыстарын Төлеби, Сайрам, Қазығұрт, Түлкібас, Ордабасы аудандарында жүзеге асырған. Қылмыстық топтың ұйымдастырушысы әр топтың мүшесіне өз рөлін белгіліп қойған және ұрланған малды сатып, ақшаны өзара бөліп отырған. Ұрланған малдарды Шымкент қаласындағы өз үйіндегі қорасында ұстап, кейін облыстың басқа аудандарындағы мал базарларында сатқан", - делінген хабарламада.

Күдіктілер кінәсін толығымен мойындап отыр. Аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің "Ұйымдасқан қылмыстық топты құру және оған басшылық ету"  және "Ірі мөлшерде жасалған ұрлық" баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілді. Түркістан облыстық ІІД тергеушілері істі сотқа жолдады.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу