Қырғызстанның үкімет басшысы Шыңғыс Айтматов көшесінің ашылуына қатысты

819

Мухаммедкалый Абылгазиев Астанаға 17 тамызда өтетін Қазақстан–Қырғызстан үкіметаралық кеңесінің жетінші отырысына қатысу үшін келді.

Қырғызстанның үкімет басшысы Шыңғыс Айтматов көшесінің ашылуына қатысты

Қазақстан Республикасының премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев пен Қырғызстан Республикасының премьер-министрі Мухаммедкалый Абылгазиев Астананың сол жағалауындағы енді дамып келе жатқан жаңа ауданда орналасқан Шыңғыс Айтматов атындағы көшенің ресми ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды primeminister.kz

 "Шыңғыс Айтматов – екі елге тең тұлға, бәріміздің ортақ мақтанышымыз. Бәріміз ұлы қаламгердің шығармашылығын қатар оқып өстік. Бүгінде де өскелең жас ұрпақ Шыңғыс ағамызды сүйіп оқиды. Өйткені оның шығармалары бізге өте жақын. Онда екі туысқан халықтың қилы тағдыры мен терең тамыры жатыр", — деді Бақытжан Сағынтаев.

Қырғызстан премьер-министрі Мухаммедкалый Абылгазиев Қазақстан президентіне Астана көшелерінің біріне ұлы жазушының есімін беру туралы шешім қабылдағаны үшін шын жүректен алғысын білдірді.

"Шыңғыс Айтматов қазақ-қырғыз халықтарының ұлттық игілігі. Қазақстан елордасы көшелерінің біріне жазушы есімінің берілуі өте қуанышты жағдай, себебі Астана – Еуразияның басты әрі күн сайын гүлденіп жатқан қалаларының бірі. Барлық қазақстандықтарды тәуелсіз Қазақстанның символы – Астананың 20 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Бауырлас қазақ халқының барлық жетістіктеріне шын жүректен қуанамыз", — деді Мухаммедкалый Абылгазиев.

Қазіргі таңда Бішкек қаласында Абай, Ш. Уәлиханов және М. Әуезов атындағы көшелер бар.

Шыңғыс Айтматов (1928–2008) — танымал қырғыз жазушысы, мемлекет қайраткері. Еуропа академияларының құрметті академигі, Қырғызстанның және КСРО-ның Жоғары кеңесінің депутаты болып бірнеше рет сайланған. ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының лауреаты (1993 ж.).

Еске сала кетейік, Қырғызстан Республикасының премьер-министрі Мухаммедкалый Абылгазиев Астанаға 2018 жылғы 17 тамызда өтетін Қазақстан–Қырғызстан үкіметаралық кеңесінің жетінші отырысына қатысу үшін келді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу