Қытай автокөліктер импортына салықты төмендетеді

665

Қытай автокөліктер импортына салықты төмендетеді

Қытай автокөліктер импортына салықты төмендетеді. Бұл туралы елдің қаржы министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды 24.kz.

Қазіргі сырттан келетін жеңіл көлікке 25 пайыздық салық бар, енді оны 15 пайызға дейін төмендету көзделуде. Бұл шешімді Қытай билігі АҚШ-пен арадағы сауда текетіресі бәсеңдеген соң қабылдағалы отыр.

Сауда тартысына түскен әлемнің бірінші және екінші экономикасы өзара келісімге келді. Екі тарап та бір-біріне тарифтерді көтермейтін болды. Осылайша АҚШ пен Қытай инвестиция мен тауар айналымын қайтадан жандандырмақ ниетте.

Қытайдың вице-премьері Лю Хэнің айтуынша, келіссөздер нәтижелі өтті. Көптеген мәселелер бойынша қос тарап ымыраға келген.

"Біз сауда саласындағы көптеген мәселелер бойынша пәтуаға келдік. Оның нақты тармақтарын талқыладық. Ауыл шаруашылығы мен энергетика тауарларын Қытайға экспорттау жөнінде келіссөздер жүргізілді", - дейді ол.

Келіссөзден соң АҚШ пен Қытай ауыл шаруашылығы, энергетика және басқа да салалар бойынша бірлескен жұмыс тобын құды. Экономист Лю Баочэннің айтуынша, бұл жолғы келісімде ешкім жеңген жоқ. Тараптар өзара түсінішпеушілікті сейілтті.

Өзара сауда тартысы бәсеңдегені сол екен, шығыс көршіміз шеттен келетін автокөліктің импортына салықты төмендететін болды.

Bloomberg-тің мәліметінше, былтыр бұл мемлекет 51 миллиард долларға сырттан жеңіл көлік кіргізген. Оның 13,5 миллиарды Солтүстік Американың үлесінде екен. Сондықтан салықтың төмендеуі өндірісі Қытай аумағында жоқ "Тесла" сияқты америкалық команияларға тиімді болмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу