Мемлекет басшысы Түркияның іскер топтар өкілдерімен кездесті

1036

Елбасы түрік бизнесмендерін туристік саладағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастыруға шақырды. 

Мемлекет басшысы Түркияның іскер топтар өкілдерімен кездесті

Қазақстан президенті Түркияның бизнес өкілдері алдында сөйлеген сөзінде екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық оң қарқын алып келе жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

"Қазақстан мен Түркия арасындағы қатынастар өзара достыққа, бауырластық пен сенімге негізделген. Сауда айналымы жөнінен Түркия Қазақстанның стратегиялық серіктестерінің алғашқы ондығына кіреді. Екі ел арасындағы тауар айналымы 2017 жылы 27 пайызға өсіп, 2 миллиард АҚШ долларына жуықтады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы тәуелсіздік алғаннан бері елімізге Түркия 3 миллиард АҚШ долларынан астам инвестиция құйғанын және бүгінде Қазақстанда түрік капиталының қатысуымен 2 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істеп отырғанын атап өтті.

Сонымен қатар, Қазақстан президенті екі ел кәсіпкерлерін қолдауға бағытталған "Жаңа синергия" бағдарламасының жүзеге асырылу нәтижелері жөнінде айтты. Қазақстанның экономикалық артықшылықтарына және елімізде бизнес жүргізу үшін жасалған қолайлы жағдайларға назар аударды. Сондай-ақ, ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі мен "Қазақ Инвест" компаниясының жұмысы және инвесторлар үшін қарастырылған түрлі жеңілдіктер жөнінде айтты, еліміздің көлік-транзит әлеуетінің мүмкіндіктеріне жан-жақты тоқталды.

Елбасы түрік бизнесмендерін Назарбаев университеті мен Инновациялық технологиялар паркі базасында құрылған инновациялық кластерлердің жұмысына атсалысып, туристік саладағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастыруға шақырды.

"ЭКСПО-2017" көрмесінің базасында "Астана" халықаралық қаржы орталығы жұмысы істей бастады. Бұл орталық Нью-Йорк, Сингапур, Лондон және Дубай қалаларындағы қаржы орталықтарының үздік моделі негізінде жұмыс жүргізеді. Оның құқықтық мәртебесі конституциялық заңмен бекітілді, жұмыс тілі – ағылшын тілі. Бұл – өңірдегі қызметі ағылшын құқығына негізделген бірден-бір орталық", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу