Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйлердің төбесі тесіліп жатыр

901

 Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйлердің төбесі тесіліп жатыр

Ақтөбеде мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйлердің төбесінен су сорғалап жатыр. Өйткені сапасыз құрылыстың кесірінен үйлердің төбесі тесіліп қалған, деп хабарлайды КТК арнасы.
Бұл үйлерді алдыңғы жылы жаңбыр суы басып қалған еді. Ол кезде төбеден сорғалаған су жоғары қабат былай тұрсын, төменгі қабаттағы пәтерлерге дейін жайылды. Шенеуніктер сол кезде жаңа қоныстарына кіргендерге сапасыз үй салғандарды жазалап, ретке келтіреміз деп ант-су ішкен болатын. Бірақ айналдырған екі жыл ішінде түк өзгермепті.

"Нұр Ақтөбедегі" үйлердің тазалығынан бастап, барлық жағдайын жасау – қазір  басқарушы компанияның міндеті. Бірақ олар төбені бітеуге қауқарсыз. Себебі, ақшасы да жоқ. Олар да құрылыстың сапасыз салынғанын жасырмады. 

"Егер құрылыс жүргізген мердігер төбені құр қара қағазбен жапса, мен не істеймін? Сол тесіліп, пәтерлерге су ағып жатыр. Ал біздің компанияның төбені қайта жөндеуге ақшасы жоқ. Сондықтан шығынды тұрғындардың өздері жабуы тиіс", - дейді №30 басқару компаниясының бас инженері Павел Гержик.

Әкімдіктегілер кепіл мерзімі біткендіктен мердігерлерге түк істей алмайды екен. Сондықтан, жаңағы басқарушы компания өкілі айтқандай, тек тұрғындардың өздері ақша жинауға міндетті. Енді ондағы халыққа мемлекеттік бағдарламаға алған баспаналарының несиесінен бөлек, құрылыс компанияларының сапасыз жұмысынан болған кем-кетікті жамауларына тура келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу