Министрлік "АрселорМиттал Теміртаудағы" апатты тексеруге кірісті

1192

Министрлік "АрселорМиттал Теміртаудағы" апатты тексеруге кірісті

ҚР Инвестициялар және даму министрлігі "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-дағы апатты тексеруге кірісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"10 қараша күні сағат 19.53-те "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-да оттекті цех жағында орналасқан диаметрі 820 мм сығылған ауа құбырларының және диаметрі 720 мм оттекті құбырдың опырылғаны туралы хабар түсті. Салдарынан әктасты күйдіретін цехтың жанында орналасқан газ құбыры жана бастаған. Конвертерлік цех ғимаратының конструкциясы зақымданып, көпірлі кран құлады. Алдын ала дайындалатын өнімдерді үздіксіз құйып тұратын МНЛЗ-2 машинасына зақым келді, МНЛЗ-3-те суды әзірлеу механизмі бұзылды. Сондай-ақ ілеспе құбырлар (су, бу, газ) мен кабель өнімдері бүлінді. Конвертерлік цехтың, әтасты күйдіру цехының, барлық илемдеу цехтарының, баяу жылдамдықтағы доменді цехтің жұмыстары тоқтатылды", - делінген ҚР ИДМ таратқан ақпаратта. 

Мәлім етілгендей, цех жұмыскерлері арасында құрбан болғандар жоқ.

"ҚР инвестициялар және даму министрлігі металлургиялық комбинаттағы апатты тексеру бойынша комиссия құрды", - деп атап өтті ведомстводан. 

"АрселорМиттал Теміртау" АҚ аумағындағы газ құбырынан өрт шыққаны туралы бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Бастапқыда тілсіз жауды ауыздықтауға 34 адам мен 8 арнайы техника жұмылдырылды. Кейін олардың саны 41 адамға және 10 арнайы техникаға арттырылды. 

ҚР ІІМ төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметовтің айтуынша, комбинат жұмысшылары газдың берілуін бірден тоқтатуға кіріскен. Өрт сағат 22.21-де сөндірілді.

"3 адам  дәрігердің көмегіне жүгінді, бірақ олар емханаға жатқызылған жоқ. Оқиғаның мән-жайын комиссия тексеріп жатыр", - деді Нұрсұлтан Нұрахметов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу