Назарбаев монополияға қарсы күрес комитетінің басшысына сөгіс жариялады

991

Президент Қауіпсіздік кеңесінің отырысында меморгандар басшыларына соңғы ескерту жасады.

Назарбаев монополияға қарсы күрес комитетінің басшысына сөгіс жариялады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР ҰЭМ табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Азамат Майтиевке сөгіс жариялады, деп хабарлайды 24.kz.

Ақордада Қауіпсіздік кеңесінің отырысында президент энергетика министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі және монополияға қарсы ведомство басшыларының баяндамаларын тыңдады. Елбасы 2009 жылы Қазақстанда "Инвестиция орнына - тариф" жобасы қабылданғанын, жеті жылдың ішінде ол монополистерге өздерінің өндірістерін жаңғырту үшін миллиардтаған қаржы табуға мүмкіндік бергенін атап өтті. Алайда инвестициялау мен қуаттарды жаңартудың орнына ірі энергетикалық компаниялар тұтынушылар есебінен заңсыз түрде дәулетін арттырып келген. Осы орайда президент тарифтерді заңсыз көтерген монополистерді жазалауды талап етті.

"Мәселе осыншалықты өзекті болып тұр. Монополияға қарсы комитет төрағасы, осы мәселені түзете аласың ба? Әлде қызметіңнен кетесің бе?", - деді президент комитет төрағасы Азамат Майтиевке қарата айтқан сөзінде.

Өз кезегінде ведомство басшысы салада туындаған жағдайды түзетуге қауқарлы екенін жеткізді.  

Сонымен қатар Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов өзінің бағынышты қызметкері аталған мәселені шешетінін айтып, оған болысты.

"Онда сөгіс жариялаумен шектелейік. Жағдайды ретте, кінәлілерді жазаға тарт. Осыдан кейін қабылданған шараларды маған баянда", - деді Нұрсұлтан Назарбаев ҚР ҰЭМ басшысына.

Жалпы президент бүгінгі отырыста меморгандар басшыларына соңғы ескерту жасады.

"Осы іс бойынша Бозымбаев та (энергетика министрі), экономика министрлігі мен монополияға қарсы комитет те қатаң жазаға лайықты. Барлығына ескерту жасаймын. Келесі жолы тиісті шаралар қабылданады", - деп түйді мемлекет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу