banner

NCOC компаниясы Қарағандыда өндірілетін шарлы крандарды сатып алады

801

Аталмыш жабдық Қашаған кен орнындағы нысандарда және 2019 жылы мұнай зауытын жөндеу кезінде қолданылатын болады.

NCOC компаниясы Қарағандыда өндірілетін шарлы крандарды сатып алады

Солтүстік-Каспий жобасының операторы - North Caspian Operating Company N.V (NCOC) компаниясы шарлы кран жеткізетін "Бёмер Арматурен Казахстан" ЖШС зауытымен келісімшартқа отырды, деп хабарлайды Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Бұған қоса, NCOC Қарағанды облысы әкімдігімен жергілікті құрам мәселелері бойынша серіктестік туралы меморандумға қол қойды.

Құжаттарға қол қою рәсімі салтанатты түрде "Сарыарқа" ЕЭА аумағында өтті. Кездесуге Қарағанды облысының әкімі Алмас Айдаров, "NADLoC жергілікті құрамды дамыту бойынша Ұлттық агенттік" АҚ басқарма төрағасы Әділхан Арыстанов қатысты.

Келісімшарт бойынша Қарағандыда өндірілетін 225 шарлы крандар жеткізілуге тиіс. Аталмыш жабдық Қашаған кен орнындағы нысандарда және 2019 жылы мұнай зауытын жөндеу кезінде қолданылатын болады.

Осыған дейін зауытта технологиялық аудит өткізілген болатын. 
Шет елдік инвесторлардың қатысуымен салынған зауытта жуырда ғана технологиялық өнімдерді өткізетін нарық жеткіліксіз болғандықтан қиындықтар байқалған еді. Бұл мәселені жергілікті билік өкілдері мен республикалық органдардың көмегімен бірлесіп шешу жолдары іздестірілді. 

NCOC басқарушы директорының орынбасары Жақып Марабаевтың айтуынша, жабдықтарды жеткізу бойынша өтетін әрбір тендерге 45-50 компания қатысады. 

Алмас Айдаров мұнай газ компаниясына аймағымыздың басқа да өнім өндірушілерінің мүмкіндіктерін зерттеп шығуды ұсынды. Ол 2018-ші жылдың қорытындысына сай облыс жергілікті құрам бойынша 104 млрд теңге көрсеткішіне шығуды жоспарлап отырғанын айтты. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу