ОҚО-ға газ 3 бағыттан тартылған

886

ОҚО-ға газ 3 бағыттан тартылған

Оңтүстік Қазақстан облысында 2021 жылға қарай халықтың 95,5 пайызы газбен қамтылады. Бұл меже 2017-2021 жылдарға арналған облыстың елді мекендерін газдандырудың жоспары негізінде жүзеге асады. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен кезекті мәжілісте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы мәлім етті, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі. 

"Жалпы облыс халқы жылына 1,1 млрд м3 табиғи газ пайдаланады. Оның 840 млн м3 қыс маусымында, ал 293 млн м3 жаз маусымында. Біздің өңір табиғи газбен 3 бағыт арқылы қамтамасыз етіледі. Олар: Өзбекстан Республикасының "Газли-Шымкент" және "БГР-ТБА" магистралды газ құбырлары, отандық "Бейнеу-Бозай-Ақбұлақ" магистралды газ құбыры, Түркменстан Республикасының "Қазақстан-Қытай" транзиттік магистралды газ құбырлары", - деді Марғұлан Зұлхарнайұлы.

Одан бөлек, басқарма басшысы Шымкент қаласы аумағында 509 нысан газ құбырларын қорғау аймағы шегін бұзып орналасқандығын жеткізді. Бұл өз кезегінде сол маңда орналасқан ғимараттар мен тұрғындардың өміріне елеулі қауіп туғызып отыр.

Мәжілісте сөз алған облыс әкімі ең бірінші кезекте жылыту маусымына дайындық жұмыстарын тағы да пысықтап, төтенше жағдайлардың орын алмауына мән беруді жүктеді.

Көмір бағасын тұрақтандыру бойынша басқарма тарапынан көмір жеткізуші мекемелермен келіссөздер жүргізілген. Нәтижесінде сатылу бағасын Майкөбе көмірінің 1 тоннасын 12500 теңгеге, ал Шұбаркөл көмірін 13 мың теңгеге дейін төмендетуге қол жеткізіліп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу