Өткен жылы елімізден 150 миллионнан астам жұмыртқа экспортталған

752

Өткен жылы елімізден 150 миллионнан астам жұмыртқа экспортталған

Еліміздің құс өсірушілері ішкі нарықтағы бәсекелестік қауіпсіздігіне алаңдаулы. Өйткені отандық фабрикалар елге заңсыз тасымалданатын өнімдердің азаймай отырғанын алға тартады, деп хабарлайды 24.kz.

Олардың сөзіне қарағанда, контрафактілік өнімді импорттаушылар көбіне кедендік баж салығынан жалтарып, бағаны негізсіз төмендетеді. Отандық кәсіпкерлер жергілікті құс өсірушілердің тұрақты тұтынушыларынан айырылып қалу қаупі жоғары екенін айтады. Целиноград ауданының Ақмол ауылына жұмыс сапарымен барған премьер-министр орынбасары, ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев қазақстандық құс өсірушілермен кездесіп, саладағы мәселелерді шешу жолдарын талқылады. Кәсіпкерлер ішкі нарықты контрафактілік өнімдерден қорғау үшін шекарадағы бақылаудың әлде де күшейтілгенін қалайды. Сонымен қатар олар техникалық регламенттен бастап, санитарлық және ветеринарлық бақылаудың тек бір ведомство құзырына өтуін сұрап отыр.

Өмірзақ Шөкеевтің пайымдауынша, бұл мәселеде саяси негіз бар. Сөзіне сүйенсек, АҚШ үкіметі халықаралық деңгейдегі келіссөздер кезінде тауардың дәл осы түріне арналған квотаның сақталғанын ұдайы қадағалап отырады екен. Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кірерде де осы ұсынысты қабылдаған. Қазір оны экономика министрлігі реттейді.

"Ал құс етіне келер болсақ, тұтынушылар отандық өндірушіні қолдап қана, шетелдік тауарды дүкен сөрелерінен ығыстыра алады", - дейді министр.

Қазір елімізде 60-қа жуық құс фабрикасы бар. Оның жартысынан көбі жұмыртқа өндірумен, қалғаны құс етін өңдеумен айналысады. Бүгінде отандық тауар Орталық Азия елдеріне экспортталып келеді. Мәселен, өткен жылы экспортталған жұмыртқа саны 150 млн-нан асып түсті. Ал келешекте Иран мен Қытай нарығы ашылмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу