Павлодар өзен порты кемелерінің алыс жолға шығуын тоқтатты

1229

Павлодар өзен порты кемелерінің алыс жолға шығуын тоқтатты

Павлодар өзен порты биылғы кемелерін алыс жолға шығару жұмысын тоқтатты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

2018 жылдың қортындысы бойынша порт қиыршық тастың 63 749 тоннасын, тұздың 15 232 тоннасын тасымалдаған.

"Биылғы маусымда жоспарлаған жұмыстарымызды ойдағыдай атқардық, - деді "Павлодар өзен порты" АҚ бас инженері Алексей Гладков. – Омбыға қиыршық тас тасып, қайтар жолда ағаш әкелдік. Жеткізілген ағаш көлемі 6 мыңға жуықтайды. Келер жылы Түмен облысына 100 мың тонна қиыршық тас жеткізуді көздеп отырмыз. Жалпы, биыл кеме арқылы жүк тасымалдау шығыны көліктерге жұмсалатын шығынға қарағанда 30 пайыз тиімді болды".

Сонымен қатар, "Тюлька өзенінің тармағын Алға ауылына дейін реконструкциялау" жобасы бойынша су көлемі ұлғайтылды. Алексей Гладковтың айтуынша, павлодарлық порт техникалық жаңартуларға биыл 100 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсаған.

"Кран қозғалтқыштары, арнаны тазарту құрылғылары сияқты қосалқы бөлшектерді жаңарттық, - деді бас инженер. – Басқа кемелер алу жоспарда бар. Қыс бойы кемелерді жөндеу жұмыстарымен шұғылданамыз. Осы жылы порттың айналасын көгалдандырдық. Жұмыс күшіне жас мамандарды тарту ісі де қолға алынуда".

Қазіргі уақытта Павлодар өзен портында 5 теплоход, 10 сүйретпе жүк кемесі бар. Айта кетейік, павлодарлық порттың кеме қозғалысы 2019 жылдың сәуір айында басталады деп жоспарлануда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу