Павлодарлық іздеушілер "Мәскеу-Брест" халықаралық жорығына қатысады

869

Павлодарлық іздеушілер "Мәскеу-Брест" халықаралық жорығына қатысады

Павлодарлық "Панфиловшылар" жасағының екі іздеушісі халықаралық жорыққа қатысады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Облыстық жастар бастамаларын дамыту орталығында өткен баспасөз жиынында жорыққа аттанушыларға өңірдегі іздеушілер қозғалысының негізін қалаушы Жұмабек Камзин, Харьковск жерлестер-қазақстандықтар қоғамының іздеушісі Татьяна Круп және облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент басшылығы сәт-сапар тіледі.

Жорыққа қатысатын іздеу жасағының жетекшісі, қалалық №14 мектептің АӘД мұғалімі Бақытжан Өтепов Мәскеу – Брест – Мәскеу бағытында 2300 шақырымды басып өтетіндіктерін айтты.

"Бұл халықаралық жорық екінші рет өтуде, - деді Бақытжан Өтепов. – Қазақстан алғашқы рет қатысайын деп отыр. 240 сағат жолда боламыз. Менімен бірге "Панфиловшылар" іздеу жасағының мүшесі Рафаэль Мұхамеджанов барады. Жол бойғы қалаларда, соғыс болған жерлерде әскери техникалар көрсетіледі, ескерткіштерге гүл қойылады және қосымша шаралар өтеді. Бұл жолы бірінші рет "Тайфун-К" К-53949 және "Тайфун-ВДВ" К-4386 бронды автомобилдері қосылады".

Халықаралық жорыққа Ресей, Өзбекстан, Қазақстан, Армения, Қырғызстанның 30 қаласынан іздеушілер атсалыспақ.

Сонымен қатар, Павлодар облысының ЖБДО-да "Еріктілер" орталығының жанынан жергілікті іздеушілер жасағының штабы ашылды.

"Еріктілер қозғалысы өңірімізде дамып келеді, - деді еріктілер бөлімінің жетекшісі Ғабит Хафиз. – Іздеушілермен негізгі мақсатымыз бір. Сондықтан бірлесіп әрекет ететін боламыз. Біздің тарапымыздан бар көмекті жасаймыз. Кабинетімізге кез келген уақытта келіп жұмыс жасауларына болады".

Қазіргі кезде өңірімізде "Қазақстан электролиз зауыты" АҚ жанынан құрылған "Майдан жолы" және С.Торайғыров атындағы ПМУ қолдауымен жұмыс жасайтын "Панфиловшылар" атты тұрақты екі іздеушілер жасағы бар.

Айта кетейік, халықаралық бронды жорық 2017 жылы басталған. 21 миллион көрермен жинап, Ресейдің рекордтар кітабына енген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу