Президент Кубогының жартылай финалына өткен боксшылар анықталды

848

Президент Кубогының жартылай финалына өткен боксшылар анықталды

Астанада Қазақстан Президентінің Кубогы додасында жартылай финалға өткен боксшылар легі белгілі болды. 52, 60, 69, 81 және 91 келіден жоғары салмақ дәрежелерінде ширек финал жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды prosports.kz.

52 келіде сынға түскен қазақ боксшысы Әнуар Мұзапаров турнирдегі ең мықты спортшылардың бірі, өзбек Жасурбек Латиповты жарыс жолынан ығыстырды. Кездесу басталған бетте жарақат алған Жасурбектің жұдырықтасуына дәрігерлер рұқсат берген жоқ. Жартылай финалда Мұзапаров жапон боксшысымен жекпе-жек өткізеді.

60 келіге дейінгі салмақ дәрежедесінде екі қазақ боксшысы - Әділет Құрметов пен Закир Сафиуллин кім мықтыны анықтады. Бұл сында тәжірибесі мол Сафиуллин жеңіске жетті. Енді Закир Бүкіләлемдік бокс сериясында "Uzbek Tigers" намысын қорғап жүрген Шункор Абдурасуловпен финал жолдамасын сарапқа салады.

"Павлодардағы Қазақстан чемпионатында Әділеттен ұтылып қалған едім. Сол себепті, қарсыласыма жақсы дайындықпен шықтым. Жекпе-жек жақсы өтті деп ойлаймын. Енді Шункормен кездесемін. Өзімнің спорттық мансабымда өзбек боксшыларынан жеңіліп көрмегенмін, осы жолы да солай болады деп сенемін", - дейді Закир.

Қазақстан мен Өзбекстан құрамаларының арасындағы тағы бір маңызды кездесу 69 келі салмақ дәрежесінде өтеді. Абылайхан Жүсіпов 2017 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Махмуд Гаиповпен күш сынасады, ал Асланбек Шымбергенов тай спортшысы Сэйл Ардимен жолығады.

81 келіге дейінгі салмақтағы жартылай сындық бәсекелер қазақстандық Бекзат Нұрдәулетов пен өзбекстандық Бектемір Меликущиев, ресейлік Имам Хатаев пен қазақ боксшысы Бек Нұрмағамбет арасында өтпек. Ал аса ауыр салмақта Қамшыбек Қоңқабаев Айбол Дәуренұлымен кездеседі. Бұл салмақтағы екінші жекпе-жекте жерлесіміз Нұрдәулет Сапарбай мен ресейлік Максим Бабанин сынға түседі.

Бокстан ҚР Президентінің Кубогы додасы 10 маусымда аяқталады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу