Ресейде әлем біріншілігіне арнайы салынған стадионның бірі сыр берді

17 Шілде 2018 17:55

Ресейдегі доп додасы аяқталғаны кеше ғана. Алайда әлем біріншілігіне арнайы салынған су жаңа стадиондардың бірі сыр берді, деп хабарлайды 24.kz.

Елдің оңтүстігінде қатты жауған нөсер салдарынан Волгоград қаласындағы стадион маңы балшыққа айналды. Жаңбыр суы ғимараттың түбіндегі топырақты ағызып әкетті. Салдарынан стадион жанында терең шұңқыр пайда болды. Қатты жауыннан нысан маңы опырылып түскен. Құрылысқа жауапты мекемелер жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін стадион бір аптаға жабылатынын айтты.

Волгоград қаласындағы спорт кешенінде әлем чемпионатының төрт ойыны өтті. 45 мың адамдық стадионды салуға 257 миллион доллар жұмсалған.

«Құрылысқа жауапты жобалау қызметінің қателігі болуы мүмкін. Сонымен қатар уақыттың тығыздығынан нысанды асығып салды. Ол да өз әсерін тигізді. Технологиялық талаптар сақталмаған сияқты», - дейді Волгоград қаласының тұрғыны Михаил Еселенко.