Сапарбаев: "Ақтөбе" футбол клубының банкротқа ұшырауына жол бермейміз

641

Сапарбаев: "Ақтөбе" футбол клубының банкротқа ұшырауына жол бермейміз

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев "Ақтөбе" футбол клубының ойыншыларымен, жаттықтырушыларымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Ақтөбе" футбол клубының ойыншылар алдындағы қарызы артып, өңір басшысы алдымен клубдың бас директоры Самат Смақовпен кездескен болатын. 

Ал бүгін кезекті ойынға дайындалып жатқан командамен кездесу үшін орталық стадионға барып, клубтың банкротқа ұшырауына жол бермейтінін жеткізді.

"Ақтөбеде футбол болған, болады да. Біз Сіздерге барынша қолдау көрсетеміз. Әрине, клубтың проблемалық сұрақтары жоқ емес, бірақ біз оларды шешіп жатырмыз. Бастысы биылғы жылы еңбекақы мен сыйақы бойынша қарыз жоқ. "Банкротқа ұшырады" деген қауесетке сенудің қажеті жоқ. Ойнаңыздар және ойындарыңызбен жанкүйерлеріңізді қуантыңыздар", - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Кездесу кезінде 2017 жылдың қарызы түгел өтелетіні, ал одан бұрын жиналған қарыздар бойынша заң аясында шешім шығарылатыны жеткізді. Ал бас жаттықтырушы Владимир Мұханов ойыншылар тек ертеңгі сайыста ғана жеңіп қоймай, келесі ойындарда да жанкүйерлерін қуанту үшін бар күштерін салатындарына сендірді.

"Кездесуде балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту туралы да сөз болды. 2016 жылы Ақтөбеде футбол академиясы ашылған болатын. Биыл облыс орталығында бес футбол алаңы бар арнайы спорт базасы пайлануға берілді. Кездесу соңында облыс әкіміне өңірдің автомобиль кодын білдіретін "04" нөмірлі футболка тарту етілді",- деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, ертең "Ақтөбе" өз алаңында "Шахтерді" қабылдайды. Футбол клубының жағдайына алаңдаған жанкүйерлер де арнайы есепшот ашып, қаржы жинауға көшті. Жанкүйерлер әрбір 1 мың теңгенің маңызды екенін айтып, есепшотқа 50 мың теңге аударып жіберген қарапайым футбол жанашырларын жариялап жатыр. Сонымен қатар, жергілікті кәсіпкерлерден қиын кезде көмектесуді сұрады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу