ШҚО-да "7-20-25" бағдарламасымен қанша пәтер беріледі

1448

ШҚО-да "7-20-25" бағдарламасымен қанша пәтер беріледі

Шығыс Қазақстанда "7-20-25" бағдарламасына қатысушылардан 300-ге жуық өтінім түскен, деп хабарлайды kaz.altaynews.kz.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, тұрғындар тарапынан 2,6 миллиард теңгенің өтінімі түскен. Қабылданған өтінімдердің 207-сі мақұлданып отыр.

"Өскемен, Семей, Риддер, Курчатов қалаларындағы және Ұлан ауданы, Қайсенов кентіндегі 1652 пәтер "7-20-25" бағдарламасы бойынша сатылуы мүмкін. Ғимараттарды "Нұрлы жер" бағдарламасының операторлары салған. Жыл соңына дейін тағы 182 пәтер дайын болады" – дейді құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Сырым Дүсіпов.

Биыл өңірде облыстық бюджет есебінен 15 әлеуметтік нысанның құрылысы жүріп жатыр. Соның арқасында Аягөз қаласында 600 орындық бір мектеп, Үржар ауданының Мақаншы ауылында 320 орындық тағы бір мектеп салынды. Сондай-ақ, Өскемендегі Күленов кентінде күніне 212 адам қабылдайтын емхана қолданысқа берілді. Абай ауданының Қарауыл ауылында бассейн бой көтерді.

Халықты таза ауызсумен қамту үшін құны 16,7 миллиард теңгенің 50 жобасы қолға алынған. Олардың 48-і "Өңірлерді дамыту" бағдарламасы бойынша, қалған екеуі "Нұрлы жол" бағдарламасы бойынша атқарылып жатыр.

"22 жоба аяқталуға жақын. Қалған 28-і келер жылға ауысады. Осы жұмыстардың нәтижесінде облыстағы орталықтандырылған ауызсумен қамтылған тұрғындар үлесі 88 пайызға жетпек", – дейді энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Мұрат Мұсатаев.

Жыл соңында Семей қаласындағы және Аягөз, Жарма, Катонқарағай, Көкпекті, Күршім, Тарбағатай, Үржар аудандарындағы 9 мың тұрғын орталықтандырылған су жүйесіне қосылмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу