Шұғыл көмек қызметтеріне ортақ нөмір беріледі

Ол үшін ішкі істер және денсаулық сақтау министрліктері тиісті шараларды іске асыру қажет. 

20 Тамыз 2018 17:38

Елордада жедел медициналық көмек пен өрт сөндіру қызметтерінің нөмірлерін бір жүйеге біріктіру жоспарланып отыр. Бұл туралы iKomek мониторинг және жедел әрекет ету орталығының жетекшісі Жаннат Дубирова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Осы бағыттағы жұмыстар басталғанына тоқталған ол, «Қазіргі кезде жұмыстардың екінші кезеңін пысықтап жатырмыз, бұл тұрғыда министрліктермен келісімнен өту керек. Себебі өрт сөндіруді, полицияны және жедел жәрдемді біріктіру үшін ішкі істер және денсаулық сақтау министрліктері тиісті шараларды іске асыру қажет. Сол кезде бізде 101, 102, 103 нөмірлері жойылып, болашақта тек 112 және 109 болады. Яғни АҚШ-та секілді аталған екі нөмірге ғана телефон шалуға болады», - деді Жаннат Дубиров.

Бұл жұмыстар америкалық қызметтер іспеттес іске асырылып жатыр. Яғни АҚШ-та шұғыл көмек қажет кезде 911 нөміріне хабарласады. Ал егер шұғыл емес мәселелер болса, онда 311 нөміріне қоңырау шалады.

Айта кетейік, iKomek мониторинг және жедел әрекет ету орталығы 2017 жылы «109 кезекшілік қызметі» МБ мен Астана қаласы әкімдігінің ахуалдық бақылау орталығының бейнебақылау мониторингі тобының бірігуі аясында құрылған еді. Атқарылатын жұмыстың басты мақсаты - апаттар мен жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін коммуналдық және жедел қызметтердің жұмысын үйлестіру әрі бақылау. Сонымен қатар, орталықта азаматтардың өтінімдерін қабылдау іске асырылады. Онда қала бойынша орнатылған 4 мыңнан аса бейнебақылау құрылғылары басқарылады.