Шымкент президенттік бағдарламаға өз өзгерісін енгізді

1057

Бағдарламаға тиісті өзгерістер енгізетін меморандумға "Баспана" ипотекалық ұйымының басшысы Қайрат Алтынбеков пен Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қол қойды.

Шымкент президенттік бағдарламаға өз өзгерісін енгізді

Шымкент өз тұрғындары үшін "7-20-25" президенттік бағдарламасының алғашқы жарнасын екі есеге арзандатты, деп хабарлайды abctv.kz.

Елбасының "Бес әлеуметтік бастамасы" аясында жарияланған "7-20-25" бағдарламасының операторы саналатын "Баспана" ипотекалық ұйымының дерегінше, Шымкент қаласының жас отбасылары мен бюджеттік сала қызметкерлері енді баспана бағасының небары 10 пайызын алғашқы жарна ретінде төлеп, "7-20-25" бағдарламасына қатысуға мүмкіндік алды. Еске сала кетсек, өзге өңірлер тұрғындары үшін бастапқы жарна 25 пайыз көлемінде болып келеді.

Бағдарламаға тиісті өзгерістер енгізетін меморандумға "Баспана" ипотекалық ұйымының басшысы Қайрат Алтынбеков пен Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қол қойды.

Екі жақты келісім бойынша, азаматтардың аталған санатына Шымкент қаласының әкімдігі ұзақ мерзімді, жеңілдетілген несие беру арқылы алғашқы жарнаның жартысын өзі төлеп бермек.

Осы мақсатта биылғы жылы еліміздің үшінші әрі жаңа мегаполисінің бюджетінен 500 млн теңге қаражат бөлініп отыр. Жалпы, алдағы 2 жылдың көлемінде, Шымкент әкімдігі өз тұрғындары үшін "7-20-25" бағдарламасының бастапқы жарнасын төмендетуге 2 млрд теңге жұмсамақ. Осы арқылы, әкімдік шамамен 2 мың жас отбасы мен бюджеттік сала қызметкерлерін әлеуметтік қолдаумен қамтуды жоспарлап отыр.

Айта кету керек, дәл осы үлгілі тәжірибені өзге өңірлер де қабылдай алады.

"Шымкент "7-20-25" бағдарламасына қатысып жатқан тұрғындарына жергілікті әкімдіктер қолдау көрсететін бірлескен жобаны іске асыратын тұңғыш өңір атанып отыр. Өз кезегінде, осы игі бастаманы біз басқа да өңірлермен бірлесіп, жүзеге асыруға дайынбыз!", - деді "Баспана" ипотекалық ұйымының басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков.

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қалада "7-20-25" бағдарламасы бойынша 500 мың шаршы метр тұрғын үй салынатынын хабарлады. Яғни, 8 333 пәтерде қоныстой тойланады.

Қазіргі кезде Шымкент қаласының тұрғындары "ЦентрКредит", "АТФБанк", "Цеснабанк", "Bank RBK" мен "Еуразиялық банк" арқылы арзан ипотекалық несие ала алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу