banner

Шымкентте өртенген 45 көлік құнын айыппұл тұрағы әкімшілігі төлейді

919

Шымкентте өртенген 45 көлік құнын айыппұл тұрағы әкімшілігі төлейді

Шымкентте өртеніп кеткен 45 көліктің құнын қалалық айыппұл тұрағы әкімшілігі төлейді. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, өрт бүгін түнгі сағат 1.14-те "ЛТД Тұрмыс" ЖШС-нің айып тұрағында орын алған еді.  Оқиға орнында шикі мұнай қалдықтарымен 20 тонналық "Камаз" маркалы  автокөлік, жоюға арналған 35 автокөлік және айыппұл салынған 10 автокөлік өртке оранған болатын. Жалын шарпыған аумақ  270 шаршы метрді құрап, тіпті жанындағы жиhаз цехының шатырына 24 шаршы метр жерге өтті.

Тілсіз жауды ауыздықтауға 76 сөндіруші мен  17 техника, медицина апаттар орталығының 4 қызметкері мен 1 техникасы және "ЛТД Тұрмыс" ЖШС-ның жұмысшылары жұмылдырылды. Нәтижесінде өрт сағат 02:13-те оқшауланып, сағат 03:05-те толық сөндірілді.

Жалыннан зардап шеккендер жоқ.

Айыппұл тұрағы басшысы А. Әбдіқадыровтың айтуынша, жол ережелерін бұзған жүргізушілерге тиесілі 10 көліктің алтауы 3 жылдан аса мерзімде тұрған.

"Оларды иелері іздеп келмеген. Қалған төрт көлік жуырда ғана тұраққа қойылған. Көліктердің шығынын біздің мекеме өтейтін болады",- деді айып тұрағының басшысы.

Қалалық ТЖБ қызметкерлерінің мәліметінше, алдымен  "КамАЗ" автокөлігі өртенген. Кейін жалын жеңіл көліктерге тараған. Өрттің шығу себептері қосымша анықталатын болады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу