Сібір жарасы ошағын бетондауға 101 миллион теңге бөлінді

1290

Сібір жарасы ошағын бетондауға 101 миллион теңге бөлінді

Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы аймағындағы Сібір жарасы ошағы көміндісін бетондау жұмыстарына облыстық бюджет есебінен 101 млн теңге бөлінді, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Батырғали Сопбеков пен облыс әкімі аппаратының құқық бөлімінің бас маманы Мейіркүл Батырбекова өткізген баспасөз мәслихатында мәлім болды.  

Айта кетейік, Сайрам ауданы Қарамұрт ауыл округі Жартөбе аумағындағы Ақсу өзенінің жағалауында 1987 жылы Сібір жарасын жұқтырған бірнеше қара мал көмілген болатын. Алайда уақыт өте келе Ақсу өзенінің арнасы кеңіп, көміндіге қауіп төнген.

Нақтырақ айтсақ, көктемгі су тасқыны кезінде Ақсу өзені суы тасып, өзен арнасын қорғау мақсатында салынған ұзындығы 200 метр, биіктігі 2 метрдей бетон плиталары бұзылған. Сондай ақ, өзен арнасынан заңсыз шағал тас материалдарын алу салдарынан Сібір жарасы ошағы көміндісінің ашылып кету қаупі туындаған. Осыған байланысты таяуда төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі арнайы комиссия құрылып, аталған Сібір жарасы ошағы көміндісінің бүгінгі ахуалын қанағаттанарлықсыз деп тапты. 

"Біздің департамент тарапынан Сайрам ауданының әкіміне тиісті іс-шараларды шұғыл түрде атқару мақсатында Ақсу өзен арнасының бойында заңсыз жұмыс жүргізіп жатқан карьер жұмыстарын тоқтату туралы ұсыныс жолданды. Сонымен қатар мал өлексесі көмілген аумақта арна түзеу және жаға бекіту жұмыстарын жүргізу туралы тиісті басқармаларға нақты шаралар қабылдау қажеттігі туралы тапсырмалар берілді", - деді Батырғали Сәрсенбекұлы.

Қазіргі таңда Сайрам аудан әкімдігімен төтенше жағдайды жариялау туралы шешім қабылданып, аудан әкімі тарапынан мердігер тартылып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу