banner

"Темір адам" Қазақстанның рекордтар кітабына енді

1377

Пышақпен денесін кесіп, өткір араның жүзіне, шынының үстіне жатып, үстінен он шақты адамды өткізетін  экстремал тісімен 32 келілік кір тасын көтереді. 

"Темір адам" Қазақстанның рекордтар кітабына енді

Жеңісбек Қадырұлы экстремал жанры бойынша "Темір адам" ретінде Қазақстанның рекордтар кітабының сертификатына ие болды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

"Рекордтар кітабына ену үшін барлық құжаттарым мен БАҚ-та шыққан мақалаларды, видеоларды тапсырған болатынмын. Арнайы комиссия бір жылдай қарап, Алматы қаласының "Тұран" университетінде өткен салтанатты марапаттау рәсіміне шақырту алдым.  Алайда,  түрлі себептерге байланысты бара алмадым. Ұйымдастырушылар еліміз бойынша 2014-2018 жылдар аралығында енген адамдар туралы мәліметтер жинастырылған кітапты беріп жіберді. Бұл Алланың берген күш-қуаты, ата тегімізбен дарыған өнер деп білемін", – дейді Жеңісбек Қадырұлы.

Жеңісбек Қадырұлы 1972 жылы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында дүниеге келген. Салмағы бес келі болып туған баланы анасы Шәрбану көп уақытқа дейін ешкімге көрсетпей өсірген. Үш жасында ойнап жүріп, үлкен қозыларды ұстап мінгенде белін сындырып жіберген.

Пышақпен денесін кесіп, өткір араның жүзіне, шынының үстіне жатып, үстінен он шақты адамды өткізетін  экстремал тісімен 32 келілік кір тасын көтереді. Ол сондай-ақ, екі шынашағымен көтеретін  екі 16 келілік  кір тасының салмағын 24 келіге дейін жеткізуді жоспарлап отыр.
Бірегей өнер иесі 12 жасында ерекше түс көргенін айтады.

"Түсімде бір адамның "Пышақпен денеңді кессең, қан шықпайды" деп айтқаны есімде. Содан ақырын ешкімге көрсетпей тәжірибе жасай бастадым. Алғаш рет Абайдың 150 жылдығында көпшіліктің алдында тамағымды кесіп көрдім", – дейді экстремал.  

Айта кетерлігі, экстремал 2012 жылы "Аймақтар аламаны" республикалық жобасына қатысып, бас жүлдені жеңіп алған. ҚР "Мәдениет майталманы" медалімен марапатталған. Омбы қаласының 300 жылдығында үш күн қатарынан өнер көрсетіп, "Батыр Жеңісбек" деген аттақа ие болған. "Қазақстанның ерекше бес адамы" қатарына енген. Қазіргі таңда Г.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейі көпшілік ағарту бөлімінің маманы  болып жұмыс істейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу