Тимур Құлыбаев – Отандық тауарларды жеткізудегі әкімшілік кедергілер егжей-тегжейлі қаралуға тиіс

709

Тимур Құлыбаев – Отандық тауарларды жеткізудегі әкімшілік кедергілер егжей-тегжейлі қаралуға тиіс

Қазақстандағы сауда, шағын және орта бизнестің түйткілді мәселелері "Атамекен"  КҰП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевтың, осы салаларға жауапты комитеттердің басшылары Райымбек Баталов пен Қайрат Мәжібаевтың қатысуымен өткен жұмыс отырысында талқыланды, деп хабарлайды palata.kz.

Кездесу барысында өңірлерде кәсіпкерлердің мәселелерін шешуге мүдделі бола алатын салалық қауымдастықтардың рөлін нығайтып, оларды ірі қауымдастықтарға айналдыру қажеттілігі сөз болды. Сонымен қатар, интернет саудамен айналысатын қазақстандық импорттаушы кәсіпкерлердің мүддесін қорғайтын нормативтік құжаттарды жетілдіру жайы да айтылды. Мәселен, Қазақстанда өз ісін жүргізіп жүрген онлайн саудамен айналысатын шетелдік ірі компаниялар республикалық бюджетке мүлдем төлем жасамайды. Сондықтан да осындай әділетсіздікке тап болған отандық компаниялар оларға тиісті деңгейде бәсекелес бола алмауда.

Сауда базарларына қатысты мәселе әлі де ашық күйінде қалып отыр. Осы күнге дейін жалға алушылармен ара-қатынас, тауар айналымының ашықтығы, салық төлемдері, санитарлық және өрт қауіпсіздігі сияқты проблемалар шешімін таппаған.

"Атамекен" ҰКП басшысы сауда саласын дамытуда интернеттің рөлін, жаңа стандарттарға сай келетін биржалық сауда-саттықты ескеретін арнай мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу қажеттілігін, базарларды модернизациялау, елде құрылып жатқан көтерме-бөлшек сауда орталықтарының жұмыстарын назарда ұстау керектігін атап өтті.

"Ауыл шаруашылық өнімдерін сауда орындарына жеткізу – аса маңызды мәселе. Біз сіздермен бұл сұрақты талқыладық. Бұл мәселе Үкіметтің де бақылауында тұр. Сондықтан да бизнес қауымдастықтың ұсыныстарын айқындап алуымыз қажет. Және де ауыл шаруашылық өнімдерін жеткізуге қатысты барлық сұрақтар, отандық өнімдердің шынайы бағамен тұтынушыларға жеткізілуіне қандай әкімшіліккедергілер бар екендігі егжей-тегжейлі қаралуы керек", – деді Тимур Құлыбаев.

Кездесу барысында өңірлерде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың кәсіпкерлерге жәрдемдесудегі жұмысының маңыздылығын арттыру ұсынылды. Сонымен қатар, аймақтағы бизнестің жай-күйін анық көрсетіп беретін бірыңғай құжат дайындау үшін "Атамекен" палатасының өңірлік кәсіпкерлікті дамыту картасын әкімдіктердің аймақтарды дамытуға арналған жоспарларымен үйлестіру мәселесі көтерілді.

Сондай-ақ төралқа төрағасы қалалардың бас жоспарында сауда орындарын міндетті түрде ескеру қажеттілігін атап өтті.

"Кәсіпкерлердің байқауға қатысу талаптары қарапайым болуы шарт. Сауда нүктелері инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Ең бастысы – қала әкімідігінің сәулет талаптарынан шығу керек. Осындай жұмыстар барлық өңірлерде жүргізілуі тиіс", – деді Тимур Құлыбаев.

Кездесу қорытындысы бойынша айтылған ұсыныстар мен ескертулерді Үкіметтің қарауына ұсыну туралы шешім қабылданды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу