Төтенше жағдай туындағанда елдегі әр концерт залында нақты жоспар болуы керек

2664

Бұдан бөлек мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу алгоритмдерін қайта қарау керек. 

Төтенше жағдай туындағанда елдегі әр концерт залында нақты жоспар болуы керек Фото: elements.envato.com

Депутат Айдос Сарым Ресейдегі террорлық шабуылдан кейін Қазақстанда халық көп баратын мәдени-спорттық ғимараттар мен залдарға аудит жүргізілуі керек екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ол тиісті депутаттық сауалын Премьер-Министр Олжас Бектеновке жолдады. 

"Қазақстан болған оқиғаны жіті зерделеп, қажет сабақ алуы керек деген пікірдеміз. Оқиға құрбандарының үштен бірі тікелей террористік шабуылдан қаза тапқанын, ал қалған адам шығыны оқиға орнындағы өрт пен дүрбелең, күштік құрылымдар мен іс-шараны ұйымдастырушылардың үйлесімді әрекет етпеуі салдарынан болғанын оқиғаны талдау барысы көрсетіп отыр. Орталық және жергілікті атқарушы органдар Қауіпсіздік кеңесінің жедел кеңесінде Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмалардың орындалуын қамтамасыз етеді деп сенеміз. Бұдан басқа назарыңызды келесі мәселелерге аударуды сұраймыз. Ең әуелі салынып жатқан мәдени-бұқаралық және спорт ғимараттарын мемлекеттік қабылдау мәселесіне мемлекеттік бақылауды күшейтуге көңіл бөлген жөн. Оның ішінде құрылыста қолданылатын материалдар, оларды пайдалану кезінде азаматтар мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бар", - деді Айдос Сарым.

Бұдан басқа халық қалаулысы республика бойынша мәдени-көпшілік, спорттық іс-шараларды өткізу мен регламенттеу алгоритмдерін қайта қарау қажет деген пікірде.

"Төтенше жағдай туындағанда елдегі әр концерт залында, спорт ғимаратында нақты жоспар болуы керек. Ол жердегі кәсіби қызметкерлер оқытылып, халық көп шоғырланған оқиғалар қарсаңында тұрақты нұсқамадан өтуі қажет. Іс-шаралар кезінде залдар мен үй-жайлар азаматтардың өлім тұзағуына айналмауы тиіс. Қажет болған күні ұйымдастырушылар қосымша адамдар жалдап, азаматтарды шұғыл қауіпсіз жерге эвакуациялау қажет болған жағдайда Ішкі істер және Төтенше жағдайдар органдарын жұмылдыруы керек", - деді депутат.

Сонымен қатар Мәжіліс депутаты Айдос Сарымның айтуынша, халық көп баратын мәдени-спорттық ғимараттар мен залдарға терроризм және өрт қауіпсіздігі тұрғысынан аудит жүргізілген жөн.

"Мұндай жаңа нысандар өртке, отқа төзімді материалдарды пайдаланып, сейсмикалық және өрт қауіпсіздігінің талаптарына сай салынуына жіті көңіл бөлген жөн", - деп қорытындылады спикер.

Айта кету керек, осыған дейін Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи Ресейдегі террорлық шабуылға қатысты пікір білдіргенін жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу