Валюта нарығындағы ахуал тұрақты - Данияр Ақышев

640

Валюта нарығындағы ахуал тұрақты - Данияр Ақышев

Инфляция биылғы жылдың бес айында 2,4% болды, бұл өткен жылдың осындай кезеңіндегі көрсеткіштерден төмен. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев үкімет отырысында айтып берді, деп хабарлайды бас банктің баспасөз қызметі.

Ол жылдық инфляция өткен жылдың соңындағы 7,1%-бен салыстырғанда мамырда 6,2%-ға дейін төмендегенін атап өтті. Осылайша, инфляция деңгейі 2018 жылға арналған 5-7%-дық нысаналы дәлізге сәйкес келеді.

"Инфляциялық күтулердің төмендеуі байқалады. Мамырда халық арасында жүргізілген пікіртерім нәтижелері бойынша бір жыл алға күтілетін инфляцияны сандық бағалау жыл басындағы 7,1% мәннен және сәуірдегі 6,3% мәннен төмендеп, 6% деңгейінде тұр", - деп түсініктеме берді Ақышев.

Оның айтуынша, инфляциялық процестердің баяулауы және осы үрдістің орта мерзімді перспективада сақталуын бағалау базалық мөлшерлемені төмендетудің негізгі талаптарының бірі болып табылады. Осы жылдың басынан бастап ол төрт рет 10,25%-дан 9%-ға дейін төмендетілді.

"2018 жылғы бес айда валюта нарығындағы ахуал жалпы алғанда тұрақты болды. Ұлттық валютаның бағамын белгілейтін факторлар оңтайлы қалыптасты. Теңге жыл басынан бері бір АҚШ доллары үшін 333, 8 теңгеге дейін 0,4%-ға шамалы әлсіреп, бір АҚШ доллары үшін 318,3-334,0 теңге аралығында өзгерді", - деді Ұлттық банк төрағасы.

Қорытындылай келе Данияр Ақышев Ұлттық банктің алтынвалюта резервтері мамырдың соңында 31,2 млрд АҚШ доллары, Ұлттық қордың активтері 59,2 млрд АҚШ доллары болғанын атап өтті.

Жалпы халықаралық резервтер жыл басынан бастап 1,4%-ға немесе 1,3 млрд АҚШ долларына ұлғайып, 90,4 млрд АҚШ долларын құрады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу