Вьетнамда қазақтың ұлттық өнері таныстырылды

1099

Вьетнамда қазақтың ұлттық өнері таныстырылды

Вьетнам астанасы Ханойда көшпенділердің мәдениеті мен дәстүрі, сан ғасырлық тарихы, сондай-ақ қазақ пен қырғыз халықтарының ұлттық тағамдары көпшілікке таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

I am Nomad іс-шарасын Ханой Азия әйелдерінің клубы (Asian Woman and Friends in Hanoi Club) ұйымдастырды. Оған шетелдік елшілер, Вьетнамның іскери әйелдері мен Оңтүстік-Шығыс Азия халықтарының өкілдері қатысты. Қонақтарға Орта Азияның ғажайып табиғатынан және оның тағылымы мол тарихынан сыр шертетін видеоролик көрсетілді. Жиынға қатысушыларды көрмеге қойылған ұлттық заттар, аспаптар, қолөнер бұйымдары көбірек қызықтырды. Қырғызстанның өкілі Регина Гатина атақты қызғыз композиторы Апаз Жайнаковтың "Қырғыз жері" әнін асқақтата орындады. Ал қазақстандық студенттер мен дипломаттардың әйелдері ұлттық киімдерін киіп, қазақтың қара домбырасын күмбірлетті. Кеш соңында қазақстандықтар жиналғандарға "Қара жорға" биін билеп берді. "Қара жоға" биінің қимылдары шетелдіктердің таңданысын тудырды.

"Бұл шараны ұйымдастырудағы негізгі мақсатымыз Вьетнамда тұратын біздің достарымызды ұлттық құндылықтарымызбен таныстыру. Өкінішке орай, Оңтүстік-Шығыс Азия елдері біз туралы біле бермейді", - деді Ханой Азия әйелдері клубының президенті Аида Ишеналиева.

Жапониядан келген қонақ Маюми Масудо жиындағы әсерімен бөлісті. "Мен бүгін Азия елдерінің тарихы мен мәденетінің шексіздігіне, алуан түрлілігіне тәнтті болдым. Мен өзім үшін жаңа дүниелерді аштым. Маған әсіресе ұлттық ән мен би қатты ұнады" ,- деді ол.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу