Жамбыл облысында еліміздегі ең ұзын аспалы жол салынып жатыр

877

Жамбыл облысында еліміздегі ең ұзын аспалы жол салынып жатыр

Еліміздегі ең ұзын аспалы арқан жол Жамбыл облысында салынып жатыр. Ол құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқан "Қар алма" тау шаңғы кешенінде бой көтермек. Курорттық мекен Жуалы тауларының етегінде бой көтеруде. Қазір ауқымды құрылыстың логистикалық жүйесі жолға қойылуда, деп хабарлайды almaty.tv.

Ең алдымен Тараз-Шымкент тас жолынан тау бөктеріне апаратын автожолдың құрылысы жүргізіліп жатыр. Бүгінде жұмыстың 50 пайызы аяқталған. Ол қыркүйек айына дейін бітуге тиіс. Себебі, бұл аймақта қазан айының ортасында жарты метрге дейін қар түседі. Жолдың құрылысына 78 арнайы техника және 30-ға жуық жұмысшы жұмылдырылған. Автодәліздің ерекшелігі, жол тігінен емес, зигзаг түрінде салынуда. 

"Болашақта жобаның көкжиегі кеңейсе, қосымша 40 гектар жер жақын маңнан беріліп қойды. Ол жерлер ешкімге сатылмайды", – дейді "Тараз" ӘКК инвестициялық сараптама және жобаларды бақылау бөлімінің жетекшісі Рүстем Әбдірахманов.

Атап өтерлігі, аспалы арқан жол, шаңғы жолы, спорт алаңы және көлік тұрағы мемлекет қаржысы есебінен тұрғызылады. "Қар-алма" жобасын жүзеге асыруға бас-аяғы 3,3 миллиард теңге қаржы бөлінген. Кешен толығымен осы жылдың желтоқсанына дейін қолданысқа берілуі керек.

"Кешенге адамдар тек қыс кезінде ғана емес, жыл бойы барып демалып, бір-бірімен араласып тұрса, денсаулыққа да жақсы әсер етеді. Өйткені кешеннің төменгі жағына үлкен этноауыл, саумалхана салуды жоспарлап отырмыз. Ол жерде де жаздық мерзімде көктем болсын, жаз болсын, барып демалуға жағдай жасауымыз керек", – дейді Жамбыл облыстық туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова.

Тау-шаңғы кешенінің жалпы аумағы 17 гектардан асып жығылады. Кешен тәулігіне 5 мың адамға қызмет көрсетеді деп күтілуде. Логистика жолға қойылған соң, аспалы темір арқан жол орнатылады. Оның жалпы ұзындығы 2,5 шақырымды құрайды. Қажетті қондырғылар Австрия елінен әкелінбек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу