Жансейіт Түймебаев: Шымкентке сыймай емес, оны қимай кетіп барамыз

871

Түркістанда мыңға жуық мемлекеттік қызметкер жаңа облыс орталығына қоныс аударды. 11 автобусқа жайғасқан көш құрамын Түркістан шаһарының әкімдігі күтіп алды.

Жансейіт Түймебаев: Шымкентке сыймай емес, оны қимай кетіп барамыз

Бүгін Түркістан облысы әкімдігінің мемлекеттік қызметкерлері Шымкент қаласынан облыс орталығы — Түркістан шаһарына көшті, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Өңір басшысы Жансейіт Түймебаев Түркістанға ат басын бұрып, қызмет етуге бара жатқан азаматтардың тарих алдындағы ұлы мұраттарының бірін орындап жатыр деуге толық негіз бар екенін айтты.

"Әрбір мемлекеттің, әрбір облыстың, әрбір қаланың тарихында жауапты кезеңдер болады. Биыл 19 маусымда Елбасы Жарлығымен бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы болып құрылып, оның орталығы деп Түркістан қаласы бекітілді. Бұл тарихи шешімге 2 ай жетер-жетпес уақыттың өзінде біз тынбай жұмыс істеп, Елбасы Жарлығын орындауға бар күшімізді салдық. Түркістан қаласында облыс әкімдігіне қарасты 24 басқарма мен облыстық мәслихат, қоғамдық кеңес пен департамент қызметкерлері отыратын кеңселер даярланды. Бүгін біз үлкен көшті бастайын деп отырмыз. Кезінде Елбасы Астанаға көшер кезде "Алматыға сыймай емес, Алматыны қимай кетіп барамыз" деген екен. Біз де Шымкентке сыймай емес, оны қимай кетіп барамыз. Түркістан — бар қазақтың рухани астанасы. Сондықтан оны дамытуға, өркендетуге күш салуымыз қажет. Шежірелі қаланың туристік әлеуеті көтеріліп, жаңа жұмыс орындары ашылады. Міне, енді Түркістан облысы мен Түркістан қаласының жаңа дәуірі басталды", — деді әкім.

Шымкенттен көшіп шығу салтанатты шарасы аясында келушілерге қымыз бен бауырсақ таратылып, тарихи көштің көрігін ашты.

11 автобусқа жайғасқан көш құрамын Түркістан шаһарының әкімдігі күтіп алды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу