Жедел жәрдем көлігі қызметі жасырын тексерілетін болды

1377

Бердібек Сапарбаев облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевке ерекше тапсырма берді.

Жедел жәрдем көлігі қызметі жасырын тексерілетін болды

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жедел жәрдем станциясының, емхананың басшыларымен кездесті, деп хабарлайды Aktobenews.kz.

"Мендегі ақпарат бойынша 69 жедел жәрдем көлігі бар. Сол көліктің тең жартысы жаңа. Дәрігерлер де жеткілікті. Облысқа 60 дәрігер жетпейді. Бұл күнделікті емге еш кедергі келтірмейді. Жалақы уақытылы беріледі, көтеріліп жатыр. Жақсы маман, жақсы жалақы алады. Дегенмен халықтың жедел жәрдемге көңілі толмайды. Диспетчер 30-40 минут телефонды алмайды, телефон алса 30-40 минутта келеді. Орталық салынған кезде шақыруға бару уақыты 15-20 минутқа кемиді деп айтамыз. Сәуірде мектепте, таяуда үйінде бала көз жұмды. Бұл жедел жәрдемнің кемшілігі. Диспетчерлік қызметте отырғандар басшылар келген кезде дұрыс жұмыс істеп, қалған уақытта "таз қалпына" түседі. Кейбір емханалардағы жұмыстың сапасы нашар. Түрік инвесторлары алған кезде "бәрін қатырамыз" деп уәде берген. Бірақ қатырып жатқан түгі жоқ. Әркім өзіне алған міндетін толық орындауы керек. Егер орындамаса, басқа талап қойылады. Жақсы ғимарат салып, қымбат көлікпен жүру емес, халыққа сапалы қызмет көрсету ғана әдемі. Жалтыраған ғимараттан не пайда, ішінде түк болмаса?" — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевке ерекше тапсырма берді.

"Жедел жәрдемге телефон шалып, диспетчердің тіркеуі мен жедел жәрдем көлігінің келуін жасырын тексеруге тапсырма берілді. Сол кезде нақты көрініс белгілі болады. Әр маман өз қызметі үшін ақы алады, әрі халық алдындағы жауапкершілігі бар", — деді өңір басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу