"Баспана" ипотекалық ұйымы құрылады

1112

"Баспана" ипотекалық ұйымы құрылады

Ұлттық банк басшысының орынбасары Олег Смоляков ҚР парламенті сенатындағы дөңгелек үстел барысында "7-20-25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру" бағдарламасын іске асыру тетігі туралы айтты, деп хабарлайды Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

"Ұлттық банкке 7-20-25 бағдарламасын іске асыру тапсырылды және біз оны іске асырудың тиімділігі үшін үлкен жауапкершілікті сезінеміз. Бұл – қаржы нарығының қолданыстағы инфрақұрылымы осындай ауқымды міндеттерді де іске асыруға дайын екендігін көрсету мүмкіндігі. Соңғы күндері банктермен болашақ бағдарлама қалай жұмыс істейтіндігін талқылаудамыз", - деп түсіндірді Олег Смоляков.

Сонымен қатар, ол бағдарламаны іске асыру схемасы туралы айтып берді.

"Коммерциялық банк қарыз алушыға 7-20-25 схемасы бойынша кредит беретін болады. Кредит тек теңгемен беріледі. Содан кейін бұл кредитті банктен Ұлттық банктің арнайы компаниясы сатып алатын болады. Коммерциялық банк кредитті сатудан алған қаражатты келесі ипотекалық қарыз алушыларды кредиттеуге жұмсайды", – деп түсіндірді Ұлттық банк басшысының орынбасары.

Ол Ұлттық банктің компаниясын қаржыландыру нарық қағидаттарымен ішкі нарықта қаражат тарту есебінен жүзеге асырылатынын атап өтті.

"Бұл маңызды талап. Жылжымайтын мүлікті 25 жылға сатып алуды кредиттеу сияқты ұзақ нарыққа кіре отырып, тек нарық тетіктерін ғана пайдаланған жөн. Бұл бағдарламаның болашақтағы орнықтылығын қамтамасыз етеді және мемлекеттен көлемді ақша салуды талап етпейді. Бүгінде нақты қадамдар жасалды. Қажетті заңнамалық түзетулер дайындалды. Операторды, арнайы компанияны құру туралы шешім қабылданды. Ол "Баспана" ипотекалық ұйымы деп аталатын болады. Ұлттық банк қабылдайтын шаралар мемлекет басшысының әлеуметтік тұрақтылықты нығайту бойынша қойған міндеттеріне қолжеткізуді қамтамасыз ететініне сенімдімін", - деді сөзін қорытындылай келе ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу