"Қазақтелеком" нарық тұтынушыларының 65 пайызын иемденуі мүмкін

794

"Қазақтелеком" нарық тұтынушыларының 65 пайызын иемденуі мүмкін

ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Майра Айсина "Қазақтелеком" АҚ "Kcell" ұялы байланыс операторының 75% акциясын сатып алуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Ең бастысы, бізді үкімет позициясы қызықтырып отыр, себебі екі апта бұрын үкіметке депутаттық сауал жолданған болатын. Бұл туралы ұзақ уақыттан бері айтылып келеді, оған нүкте қоятын кез жетті. Бізді де ұялы байланыс нарығындағы шоғырлану алаңдатады. Егер "Қазақтелеком" Kcell акцияларын сатып алса, жалпы нарық тұтынушыларының шамамен 65 процентін иемденеді", - деді Майра Айсина "Атамекен" КҰП жиынында журналистерге берген сұхбатында.

Сондай-ақ, депутат тарифтерді өзгертуде де тұтынушылар мүддесін ойлау керектігін баса айтты.

"Қазіргі уақытта бізді тұтынушылар мүддесі де алаңдатады. Олар біздің сайлаушыларымыз, біз олардың атынан сөйлеп отырмыз. Енді Қазақтелеком мен үкіметтің нақты ұстанымдарын, шешімнің неден туындағанын білу қажет. Егер нарықта үш немесе одан да көп ойыншы болса, теңгерім жағынан мәселе туындамайды. Ал егер бұл келісімге жол берілсе, Қазақстан нарығында екі ойыншы (Билайн және Алтел-Теле2) қалады және тарифтердің өзгермеуіне ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан, КҰП жанындағы кеңес атынан бұл мәселеге өте мұқият қарауды, тұтынушы мүддесін алдыңғы кезекке қоюды талап етеміз", - деді депутат.

Бұған дейін "Қазақтелеком" акционерлік қоғамының "Kcell" ұялы байланыс операторының 75% акциясын сатып алатыны туралы хабарланған еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу