banner

"Ендігі арман – Қасымханды елге қайтару"

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
8709

Киногерлер Асанәлі Әшімовтің бейнесін клоунға айналдыра алмайды.

"Ендігі арман – Қасымханды елге қайтару"

Қазақ киносының аңызы һәм абызы Асанәлі Әшімов abctv.kz порталының тілшісіне эксклюзивті сұхбат берді.

– Аға, Францияда өткен 71-ші Канн фестиваліне қатысып қайттыңыздар. Бұл жолғы фестивальдың жаңалығы не болды?

Әлем интелектуальды киноға бет бұрыпты. Әлемдік проблемаларды киноның тілінде зерделеп, соған назар аудартуға тырысуға талпыныс бар. Мұндай фестивальдар қазақ киносының әлемдік прокатқа шығуына мүмкіндік береді. Басқаша айтқанда, өз-өзіне сенгендер киноөнімін әлемдік кинонарықта саудалайды. Қазақтарға да әлемдік кинонарыққа шығып, өз өнімдерін саудалайтын кез келді.

– Режиссер Сергей Дворцевойдың "Айка" фильмінде бас кейіпкерді сомдаған қазақстандық актриса Самал Еслямова "Үздік әйел рөлі" номинациясының жеңімпазы атанды. Фильмнің өзегі – Мәскеудегі қырғыз мигранттарының өмірі. Сергей Дворцевойдың "Қызғалдағы" қазақ арасында соншалықты жақсы атала қоймайды. Қырғыз мигранттарының өмірін сомдаған кино жайлы қырғыз ағайындар не деп жатыр?

– Киноны көзген қырғыз ағайындар ренжіп жатыр деп есіттім. Бұл кино ғой. Өнер туындысы, жазушы немесе киногердің қиялының жемісі. Қазір әлемдік миграцияның көші басталды. Ешкімді сенің туған жерің осы деп күштеп ұстап отыра алмайсың. Адамзаттың өзіне жайлы жер іздеуі – эволюциялық құбылыс. Бұл Асан қайғы заманынан қалған. "Жерұйығым" деп таңдаған мекенде жерсінгенше, қияметтің көпірінен өтеді. Суреткер өзі танып-білген, зерттеген объектіге басқа қырынан келді де, экранға шығарды. "Айка"-ны жер бетінде тарыдай шашылған мигранттардың жиынтық образы деп қабылдау керек.

"Қыз Жібек" киносы қазақтардың рухын көтеріп кетті. Өмірде Қыз Жібек пен Төлегеннің сән-салтанатының ондай болмауы да әбден мүмкін ғой. Жазушының қиялын оның сценарийін жазған киногер іліп алып кетті. Нәтижесінде керемет өнер туындысы өмірге келді.

Кезінде Ермек Тұрсыновтың "Келін"-і де қазақтардың намысына тигені есіңде болар. "Келін"-ді мен де мазмұны жағынан қабылдай алмаған топтанмын. Бірақ маған кино ретінде ұнайды. Қойылымы, актерлер таңдау жағынан мін жоқ. Бәрі – сұлу. Сұлулық "мен сұлумын" деп айғайламай-ақ экранды билеп-төстеп тұр. "Келін" фильмі АҚШ-тағы "Оскар" байқауының жартылай финалына шықты. Әлемдік өркениет қыздың жалаңаш денесіне емес, әйел денесінің сұлулығына және тұмса табиғаттың сұлулығына назар аударды. Қазір киногер мен көрерменнің талғамы арасында гармония жоқ, күрес жүріп жатыр. Соңғы нүктені көрермен қояды. Бұл процестің қаншаға дейін созылатынын мен білмеймін.

– Фестиваль кезінде Қуат Ахметовтың "Әруақ" киносының трейлері шетелдік дистрибютерлердің назарын аударды дейді. Онда басты рөлді сіз сомдап шықтыңыз.

Фестивальде Қуат Ахметовтың "Аруақ" киносының трейлері көрсетілді. Фильм 7 тілді меңгерген қазақтың қариясы туралы. Барлау қызметімен өмір бойы жат елде жүрді. 80 жаста елге оралды.

– Таныс кейіпкер: Бұл фильм "Сіз кімсіз, Ка мырза"-ның жалғасы емес пе? Осыдан үш жыл бұрынғы әңгімемізде "Атаманның ақыры", "Трансібір экспрессінің" кейіпкері Қасымхан Чанышевты елге әкеліп, ортасына қоссам деген едіңіз...

Қуат Ахметовтың "Аруақ" киносында мен ойнаған кейіпкер мүлдем басқа. Оны Қасымхан деп қабылдауға болмайды. Қасымханды "Сіз кімсіз, Ка мырза" арқылы елге әкелдім ғой. Бірақ әлі табалдырықта тұр: Қасымханның тағдыры әлі жұмбақ. Ол қазаққа әлі ішін ашқан жоқ. "Сіз кімсіз, Ка мырзаны" көрген сайын оның тағдырына алаңдаймын. Мойнымдағы аманаттың жүгі ауыр. Ендігі арман – Қасымханды елге қайтару. Бірақ біраз мәселе әлі шешілген жоқ. Идея авторы болғандықтан, негізгі өзекті мен анықтауым керек. Елге оралған 80 жастағы Қасымханды әуежайдан күтіп аламыз. Елбасының қабылдауында болады. Орденді де берерміз. Содан кейінгі өмірі қазақтың көп қариясының біріне айналып кете ме деп қорқамын. Кілтті табуым керек. Бұл тақырыпты әбден пісіріп барып, кіріспесем болмайды. 40 жылдан бері жаныма жұмсақ нұр себелеп келе жатқан кейіпкерімді пәндауи тіршіліктің қамытына жегіп қойғым келмейді. Барлау қызметіне араластыруға жасы өтіп кетті. Барлау киногерлер үшін өзектілігін жойып алған тақырып. Көрермен ол тақырыпқа деген қажеттілігін ғаламтордан тауып алады. Көрермен ретінде 80 жастағы Қасымхан Шадияровтың елдегі тұрмысын қалай елестетесің, біз жасаған киноның дәмін ұмыта алмай жүрген буынсың ғой? Мен тыңдауға дайынмын.

– Киноны уақыттың көшінде қолдан сүйрей алмайсың. Әуежайдан күтіп алып, Елбасының қабылдауына кіргізу – пафос, документалды фильмнің жанры. Көрерменді де, Шәкен жасап кеткен киноның табиғатын да шошытып аламыз. Мүмкін, Қасымханды жасына қарамай тағы да драмаға айналдыру керек шығар.

Жалғастыр...

– Қазақ екі түрлі Қасымханды қарсы алады. Бірі – шетелде жүріп өз орнын тапқан, балаларын сол елде қалдырып, өзі елге оралған қария. Ол қазақтың сый-сияпатына тәуелді емес. Арда жүреді. Топқа қосылмайды. Қарапайым халыққа жақын. Оны соңғы сапарға екі ел басшылары құрметпен шығарып салады. Ал екіншісі шетелде өмір бойы қызметтің қамытына жегілген жалғызбасты жан. Елге келіп, халқының ықыласына бөленеді. Кейін ұмыт қалады. Қарттар үйінде. Оның дүниеден өткенін де ешкім білмей қалады. Бұл біздің қоғамда мүмкін ғой. Сіз осылардың қайсысын көргіңіз келеді?

Мен алғашқы Қасымханымды көргім келеді. Қияметтің қыл көпірінен өтіп, елге жеткен батырымды ондай өмірге қимаймын. Ол менің өмірімнің бір бөлшегі. Жүрек шыдамайды. Оның тым болмаса өмірінің соңғы сәттерін сәулелендіргім келеді. Ол текті қалпын бұзбай, қайта жаңғырып, жалғасын табуы керек. Қазір сол жұмыстың үстіндемін.

– Аға, 80 жасты бағындырдыңыз. Талант тұралайды, тоқырайды ма? Шашы ағармай жатып зейнетке кеткендер кинода да, журналистикада да көп.

Таланттың тоқырау мен құлдырауы тек Тәңірінің қолында. Адам баласына қасірет сыйлайтын құдайдың оның көңіл-күйін көтеруге де қабілеті жетеді. Оны өз тағдырымнан білемін. Оптимиспін мен. Қайсы бір жылдары өмір толқыны жар жағалауына тіреп қойғанда мені осы сенім алға жетеледі. Орнымнан қайта көтеріліп, жапырақ жайдым.

– Ресейде КСРО кезінен бірге жұмыс істеп келе жатқан Кончаловский-Михалковтар бар. Андрей Кончаловский Қасымханның мінезін біледі.

Кончаловский-Михалковтар жақсы дүние шығарар еді. Бірақ жақсы дүниенің құны қымбат. Сыр тартып көрсем, жарты миллион АҚШ долларын сұрайды. Оларға өкпе жоқ. Басқа елдің азаматтары. Ондай қаржы менде де, мемлекетте де жоқ. Бірақ сол киноны көріп өскен қалталы азаматтар бар. Сол киноны көріп-өскен, біз жасаған киноның дәмі – таңдайында, дауысы құлағында қалған Тимур Құлыбаев пен Болат Өтемұратовтар қазақ бизнесінің классикалық академиктеріне айналды. Өнерге бет бұрған бизнесте халқының күретамырында бүлкілдеп ағып жатқан қанды сезе алатын жүрек бар. Жүрегі бар бизнестің ғұмыры ұзақ болады. АҚШ-тағы, Батыс елдеріндегі атадан-балаға ауысып келе жатқан бизнес-кландардың табыс сырының кілтипаны осы, қызым...

Сауатты сценаристер бізде де, Ресейде де саусақпен санарлық қой. Рүстем Әбдірашов, Ақан Сатаевтар жақсы көрініп жүр. Бірақ олар жас қой. Жүгін көтере алмай, бүлдіріп қоя ма деп қорқамын. Кино деген фугу балығы тәрізді. Бабы келісу керек. Бір мысқалы кем болса, кейіпкердің жанын жаралап аламыз. Тимур Бекмамбетов деген інім бар. "Қандай тақырып бар?" деп ағалап тұрады. Ол бұл салада кәнігі маман болғанмен, қазақ киносының иісін білмейді. Сене алмаймын.

– Қасымханның бейнесі сізді 40 жылдан бері айналдырып келе жатыр. Бұл тақырыпқа нүкте қоймай, қартаюға, аттан түсуге де, ана дүниеге кетуге де құқыңыздың жоқ екенін сезіп отырмын. Шәкен атамыз Қасымханмен қалай табысты?

Шәкен мен Димекең, жарықтық Дінмұхамед Қонаевты айтамын, арасында жарасымды сыйластық бар еді. Димекең жүрген-барған жерінде Шәкенге естелік болсын деп кәдесый ала жүретін. Шығармашылық адамдарын жанына алып жүретін патша да халыққа жақын ғой. Сондай кездесулердің бірінде Димекең Қасымхан Чанышев жайлы "Известия" газетінде жарияланған тілдей мақала береді. Бұл киноны екі алыптың достығының жемісі деуге болады.

"Транссібір экспресі" Карловы Вары кинофестивалінде Гран-при алды ғой. Прокаттағы табысы "Атаманның ақырынан" асып түсті.

Ол рас. "Транссібір экспресі" "Атаманның ақыры"-ның айбынын асқақтатты. Оның режисері – Эльдар Оразбаев Шәкеңнің өкіл баласы ғой қолында өскен. Алматыда кездескен кезде өз қаржымызбен Шәкен әкемізге ескерткіш тұрғызбақ болып шештік. Кәдімгі тастан соғылған ескерткіш. Әңгіме кезінде "Эльдар, сен екеуміз Шадияровты жалғастырайық. Шәкеңе бұдан артық ескерткіш болмас" дедім. Эльдар жанып түсті. Эдуард Тропинин деген КГБ-ның полковнигі сценарийдің бірінші нұсқасын жазып шықты. Содан кейін бұл іске Андрей Кончаловский, Александр Адабашьян, Никита Михалков қосылды. Фильм табысының негізгі сыры – профессио­нализм. Кинолентаның өн бойына Шәкен жақсы көрген әуендерді пайдалану, Шәкеннің өзі айтатын "Жиырма бесті" қосу – тамаша шешім болды.

– Қасымхан Чанышев туралы деректер тым жұтаң. Ел арасында бұл фильм Юлиан Семеновтың "Семнадцать мгновений весны" романы желісімен түсірілген 12 сериялы осы аттас киносының жаңғырығы – Қонаевтың амбициясы деген пікір бар...

Мұндай пікірді таратып жүргендер оттапты! Қасымхан Чанышев Жетісу өңірінің азаматы. Бай тұқымынан. "Транссібір экспресіндегі" Абылайхановпен туыстығы киногерлердің қиялының жемісі. Кезінде Дінмұхамед Қонаевпен жақсы сыйластықта болған. Димекең жақсы білген Қасымханды.

Осы киноны түсіру барысында Димекеңмен ақылдасқанмын. Көп кеңес берді. Қасымхан 1930-1940 жылдары Жетісу өңірінде Төтенше жағдай комиссариатында жұмыс істеген, ҚХР-да атаман Дутовты ұрлау операциясына өз қалауымен сұранып барған дейді. Дутовты ұстау операциясын Қасымханның басқарғаны тарихтан белгілі. Оның басын кескен Қасымхан емес, басқалар. Елге келгесін Кеңес үкіметінің құрығынан құтылмады. Қуғын-сүргінде болды. Жазасын өтеп келген соң да қайта жазалану қаупі туды. Содан бір күнде, шетелге қашып кеткен. 1990 жылдардан бергі уақытта, тәуелсіздік алған соң тағдырына елеңдеп, қазағы көп елдерге сұрау салдым. Бірақ дерегін таппадым. Кеңес үкіметінің құрығы ұзын ғой. Аты-жөнін, тегін ауыстыруы да әбден мүмкін ғой. Сенің мана "ұрпақтары өсіп-өнген, 80 жасында еліне оралған Қасымханды көргіміз келеді" деген сөзді аузыңа Алланың өзі салған шығар. Лайым солай болсыншы. Тым болмаса ізі сайрап қалсыншы соңында. Ондай адамдардың жер бетінен ізім-ғайым жоғалып кетуі мүмкін емес.

"Атаманның ақыры"-нан кейін туыстары төбе көрсететін шығар деп күттік. Келмеді. Қасымханның туысымыз деуге қорыққан шығар ол кезде. Қасымхан тірі болса кино шыққан кезде 60-70 жастағы азамат еді. Кинодан өзін тану керек еді, бір хабарын бермеді.

"Транссібір экспресі"-нен кейін ағайындарымыз деген қазақтар келіп, алғысын айтып кетті...

– Шәкен атамыз "Атаманның ақыры"-нан кейін Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" романы бойынша Абайды қоймақ болған екен. Бас рөлді сізге бермек болыпты.

Ол рас. "Атаманның ақыры"-нан соң Мәскеуден криминальды тақырыптағы бір жобаға ұсыныс алған. Бас тартты. Абайға ықыласы шындап ауды. Мәскеуден келген бойда кіріспек болды. Менің онда 35-тегі дер шағым. 35 жастағы жігіт 60 жастағы Абайды ойнауы оңай. Ал алпыстағы актердің 35-40 жастағы Абайды ойнауы қиын. Кино Абайдың ақындық жолына бет бұрған 40 жасынан бастау алатын болып шешіліп қойған еді. Шәкеннің көзі кеткен соң бәрі адырам қалды ғой. Бұл идеяны іліп-алып кететін бас-иесі болмады. Мен жүрексіндім.

Шәкен атамыз сіздің азаматтығыңызға, өнердегі еңбегіңізге риза болып кеткен екен. Оңашада достарына "Менің өмірдегі сәтті жобам – Асанәлі болды. Асанәлі сомдаған бейне арқылы қазақ киносы жаңа деңгейге көтерілді" дейді екен. Ұлыңыз – Сағи Әшімов сіздің жобаңызға айналуға толық мүмкіндік бар еді...

Мен бұл әңгімені естімедім. Көңілімді көкке көтеріп отырсың. Сағиыма өнердегі жобама айналуына тағдыры мүміндік бермеді ғой. Аз ғұмырында Шоқан болып жарқ етті де, құйрықты жұлдыздай көктен ағып түсті. Шоқанды ойнаған соң домалақ арыздардың астында қалдым. Маған тағылған айып – Сағидың да Мемлекеттік сыйлықты алғаны. Мұның да сырын кейін түсіндім. Алдағы уақытта тағы да рөлді Сағиға беріп қояды деген қу қызғаныш. Сағидың өнердегі жолына арыздан тосқауыл-шлагбаум қоймақ болыпты. Сағи Алматыдағы академтеатрға менен бұрын барған ғой. Азырақ танылып қалған кезі. Мен басшылыққа келген соң "Аға, мен театрдан кетемін, екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды" дейді. "Біреуден қыспақ көрдің бе?" десем, "сен келгелі жолдастарым "Сәке, Сәке" деп қолпаштай бастады. Бұл маған ұнамайды. Саған зияным тиіп кетуі мүмкін" деп тұр. Сөйтіп, директор болған соң алғашқы бұйрығыммен баламды жұмыстан шығардым. Ауыр болса да шешім қабылдауға тура келді. Мені бұл тығырықтан Сағиымның өзі алып шықты. Кейін киностудияға барды. Бірнеше киноға түсті. "Аға, сенімен бір киноға түскім келеді" дейтін. Сценарий дайын еді. Түпсіз терең, философияға толы дүние болатын. Мен Арал теңізіндегі кеменің капитанымын, теңіз тартылса да, Аралды тастамай, қаңтарылған кеменің қарауылы болып қалған қартпын. Ал Сағи балам болса ғарышкер.

– Сонда бұл фильмде капитан мен ғарышкердің арасында қандай байланыс болуы мүмкін...

Әке мен баланың, Жер мен көктің арасындағы байланыс. Қазір жақсылықты жерден емес, көктен іздейтіндер көп. Құдайдың бар екеніне, нұр төгіп, шұғыла жаңбыр болып жерге енетініне сенеді. Жердегі қарт капитан көктегі перзентінен үміт күтеді. Бұл картинада әке мен бала арасындағы сағыныш құс жолындай болып тартылып жатыр. Қазір сағыныштың өзі архаизмге айналып бара жатыр ғой. Қазақтың менталитетінің күретамырында бүлкілдеп соғып жататын сол сағыныш жүректерге қайта орнаса деген ниеттен туған еді. Кейде маған Сағиым мені бір қуанту үшін Алланың бір сәтке жіберген періштесі тәрізді көрінеді. Менімен шығармашылықта түйіскен аз ғана сәтін белгісіз күш үйлестіріп қойған сияқты. Жалындап тұрған Шоқан 30 жасқа жетпей Шыңғыстың белін қайырып кетті. Менің де Шоқаным-Сағиым 36 жасында қайырылмастың кемесіне мініп, балаларын қарт әкесіне аманаттап кетті.

Айтпақшы, Шоқанның экрандағы тағдыры оңай болған жоқ. Мәскеу үш серияны жақсы қабылдап, шетелге прокатқа шығармақ болып пейіл танытты. Бірақ "ұлы жазушы Достоевский неге эпизодттық рөлде қалып қойған, Чернышевский неге аз көрінеді?" деген шовинистік пиғылдар байқалып қалды. Ондай сәтті "Шоқан мен Достоевский" деген жобам бар. Сол кезде Достоевсий басты кейіпкер болады" деп құтылдым. Қадыр ақын айтпақшы, шындықты өткізу үшін аздаған өтірік қосуға тура келді. Достоевскийді пір тұтып, Шоқанды білмейтін қоғамға Шоқанның оған жазған хаттарын оқып бергенімде таңдай қақты, "ондай адам неге оқулыққа енбеген" деп әңгімеге көбірек айналып кетті. Сөйтіп фильмді қабылдау актісінің нүктесі осылай қойылған еді. Кейде Сағиымды Шоқанның жолында тым ерте құрбандыққа қидым ба, өнердегі жолының тым ерте кесілуіне өзім себепкер болдым ба деп қорқамын.

– Аға, сіздер кешегі Алаш зиялыларының сарқытын ішіп үлгірген толқынның өкілісіздер. Кейіпкерлерінің көмейіне қазақтың сөз мәйегін қондырған текті кино-шығарма арқылы интеллектуалды көрермен қалыптастырдыңыздар. Біздің таңдайымызда текті киноның дәмі қалды, "Тракторшының махаббаты" немесе басқа тәрізді қазіргі заманауи кинолардың кермек дәмі таңдайымызға жат...

Жасым 80-нен асып барады. Біз арманымызға сәтті нүкте қоя алған және адасып қалмаған толқынбыз. Сен айтпақшы, біз жасаған киноның тәтті дәмін ұмыта алмай жүрген ұрпақ бар. Адам арманмен өмір сүреді. Қазіргідей су бетінде қалықтап жүрген жанқадай өнерпаздар су бетінде қалықтап өмір сүріп жүрген кезде, киелі өмірдің текті болмысын қайтару үшін, қайта атқа конғың келеді. Бозбала шақта Ақан мен Гамлет, кейін Абай мен Отелла, Король Лир болып атойлаған көңіл әлі сабасына түскен жоқ. Шоқаннан кейін Ыбырай Алтынсаринге ықыласым ауды. Бірақ заман өзгерді. Маргиналь қазақтардың күні туды. Кинодағы тарихты өзінен бастағысы келетіндер "Шәкен кім? Қожықов кім?" деген соң, Ыбырай ұлттық өнердің тұнығын лайлап жатқан дүлей диірменге түсіп кетті.

Бұған сіздер кінәлісіздер. Сіздердің толқындарыңыз эгоист болды. Іздеріңізді басатын шәкірт тәрбиелемей, Алаш заманынан аманатқа алып қалған алтын арқауды үзіп алдыңыздар. Зардабын біз тартып жатырмыз.

(күліп) Алдыңда томпаң қағып алдыңа түсіп кететін журналистер емес, мінезді журналистер ұнайды. Қоғамның көшін мінезділер сүйрейді. Бірақ олардың тұзы ауыр. Тұзы ауыр болғандықтан, жылпостардың тасасында қалады. Сен соңғы топтан сияқтысын. Жолын ауыр болады-ау деймін.

Ал енді беретін жауабым – шенеунікті дайындайды. Тіпті президентті де дайындайтын кез болады. Бірде Игорь Мойсеевке журналистердің бірі "соңыңыздан дайындаған адамыңыз бар ма?" деп сұраған кезде "Бетховен Бахты немесе басқаларды дайындады ма?" деген екен. Ал бізде, атымен айтар болсақ, әкімнің баласы – әкім, дипломаттың баласы – дипломат, тіпті әншінің баласы әнші болады. Тіпті бір шенеунік елге барғанда "балаларыңызды халықаралық саясат немесе басқа салаға оқытудың керегі жоқ. Керек мамандықтарды таңдасын" деген сөзінен жаным түршікті. Бұл малшының баласы малшы, ауылда өскен бала ауылда қалсын деген сөз ғой.

Хас талант топты жарып шығады. Басқа салада дайындаса, ол икемге көнетін шығар. Өнерде мүмкін емес. Шәкенге: "екінші Шәкенді дайындамадың" деу – күлкілі. Тіпті Әзірбайжанға: "неге өзіңнен кейін режиссерлер дайындамадың?" дегенде, "қалай даярлаймын" деп күлген. Кешегі Қаллекейлерді біреу дайындады ма? Жоқ, олар тума талант. Талантты адамға қол ұшын беріп, оқыту, тәрбиелеу жайлы бөлек әңгіме. Ал "Құдай бермегенді тартып аламын, талант дайындаймын" деген тәсіл ескірген. Ол мүмкін емес. Қазір ғаламданған заман. Сенің үкілеп топқа қосқан талантың сыртқа шыққанда сыр білдіріп қойса, ол оның жеке басына емес, еліңнің абыройына сөз келтіреді. Сол себепті сырт елде бізде қолдан дайындалған дәлдүршіктер емес, ғалымдар, математиктер көбірек мойындалады.

Елде кімнің қалай мойындалатынын білеміз. Тіпті әлеуметтік желіде бастығының пікірінің астына лайк қоятындар да, 1 күнде 100 лайк жинағандар да ертең қайраткер болып төрде отырады. Топ алдында әдемі сөйлеу де өнер шығар. Бірақ оның ғұмыры көбелектің бір күндік өмірімен бірдей. Мұхтар Әуезовтің соңынан көптеген жазушылар шықты. Оларды Мұхтар дайындаған жоқ. Мұхаңның Айтматовқа ықпалы болды. Бірақ оның өзі талант еді. Мұхаң оны демеді. Болды. Біз "пәленшенің шекпенінен шықтық" деп жарамсақтану жар жағалап, жарамсақтанудың жолына түсу, дәлдүріштер мен дүбәралардың иесіне жағыну үшін тапқан амалы. Басқа түк те емес.

Аға, жекелеген тұлғалар жайлы сериалдар көптеп экрандала бастады. Күләш, Шәмші шықты. Сіз Шәмшінің көзін көрдіңіз. Қандай ой түйдіңіз.

Досхан інім сенімен әңгімесінде "Үкімет бере салды. Режиссер түсіре салды" деген еді. Бұдан асып не айтамын. Күләштің көзін көрген жоқпын. Сосын ештеңе айта алмаймын. Ал Шәмшінің көзін көрдік. Сыр беріп, сыр алдырған сыйлас жан болды. Ал оның экрандағы бейнесін тек клоун-сайқымазақ деуге болады. Кино саясаты осылай жалғасса, менің Шәкенімді де осылай сомдайтындардың шығуы әбден мүмкін ғой. Ондай болса мен көрімде де тыныш жатпайтын шығармын. Сондықтан өзім жақсы білетін дүниені, өзіме тиесілі тақырыпты түгендеп кеткенше Алладан ғұмыр тілеймін. Болашаққа арызымды күш-қуатымның бар кезінде айтып қалғым келеді. Тарихтан алар еншімді көзімнің тірісінде айқындап алғым келеді. Сол кезде келер киногер Асанәлі Әшімовтің бейнесін клоунға айналдыра алмайды.

Үкімет бере салса, режиссер түсіре салса, онда үкіметте қаржы жеткілікті ғой. Әшімов деген атыңыз бар. Сіздің жердегі деміңізден аспандағы күн күркірейді. Мініңіз атқа...

Менің аттан түскен, аяғымның үзеңгіден ажыраған кезі бар ма? Кешегі жақсылардың аманаты жанымды тыныш таптырмайды. Ол өзіме ғана аян. Бірақ үкіметтің киноға бөлген қаржысы жыл сайын азайып келеді. Киногерлерге де өкпе жоқ. Үкімет бөлген қаржы таусылғанша түсіреді, сосын тоқтап қалады. Тоқтап қалған соң қан суып қалады. Кино түсіріп жатқанда қанды суытып алуға болмайды. Тиын-тебенге дәлдүріш кино түсіргім келмейді. Өнердің тұнығынан ауызданып үйренген қайран көңіл ұсақ-түйекке мойын бұрар емес. Қазір өнердегі арманымның үркері – Қасымхан Чанышев қой. Сенімен әңгімеден кейін Шәкен жайлы кино түсіру көкейіме қонақтап қалды. Шәкеннің Ресейде де достары көп болды. Біразының көзі тірі. Егер, сәтін салса бұл жобаға да режисерлерді тартуға болар еді.

Қазір әлемнің әміршісі – қару емес, идеология. АҚШ Голливуд арқылы әлемге өз мүддесін таңып отыр. Голливудтың жеңісі – КСРО-ның күйреуінен басталды. Голливудтың гүлденуі АҚШ-тың иделогиялық саясатының жеңісі. Қазір оның бюджеті Ақ үйдің бюджетіне қарайласатын жағдайға жетіп қалды. Голливуд кешегі Барак Обама немесе Дональд Трамптың билігінде емес, 5-6 бизнесменнің уысында. Біздің бизнесмендердің жаңа толқыны саясатқа идеология арқылы ықпал ету қажеттігін түсіне бастады. Әлидар Өтемұратов пен Әлия Назарбаева кинобизнестің негізін қалады.

Жұлдызыңыз жас кезден жанды. Бірақ "Асанәлі астамшылық танытты немесе біреудің жолын кесті" дегенді естіген жоқпыз. Естірткен жоқсыз. Бекежан мен Қасымханның шекпенінен шығып, Шыңғыс Уәлиханов болып көшелі сөз айттыңыз. Сізді сабырға шақырып тұратын күш неден қуат алып тұр, соны айтыңызшы.

Маған жұлдыз деген сөздің анықтамасын айтшы? Егер, оны нарық заңымен айтсақ, өнер адам жұлдызын жақты десек, онда Димашты айтуға болады. Таланты Димаштың жұлдызын жарқыратты. Ал қазіргі жұлдыздар той жұлдыздар ғой. Тойдан түскен тиын-тебеннің буымен кино жасағысы келеді. Тарихта қалғысы келеді. Өнердің тұнығы лайланып барады. Біз жас күнде жұлдыз дегенді білмедік. Бір кинодан кейін бір кино. Тіпті "Қыз Жібек" пен "Атаманның ақырына" сақалымды алып-салып жүріп қатар түскенмін. Содан кейінгі ғұмыр да ат үстінде келе жатыр.

Ел ішінде "Қыз-Жібектегі" Төлеген образы өмірдегі Құман Тастанбековтың адымын аштырмады" деген сөз бар...

Актерлардың бәрі Жантөрин Нұрмұхан емес. Адам ананың жатырында жаратылған қалыбынан әрі аса алмайды. Төлеген-Құман үлкен өнерге ақбоз атпен Төлеген болып енді. Ол лирикалық тұлға ғой. Кино түсіріліп жатқан кезде жаны нәзік, лирик Төлегеннің бейнесін асқақтатамыз деп, қызу қанды, батыр Бекежанға қиянат жасап алдық қой. Бекеженға қатысты лентаның 70 пайызы қиылып кетті. Сұлтан Қожықов оларды біразға дейін сақтап жүрді. Төлеген-Құман, Әнуарбек-Шегемен өмірде де, өнерде де қатар жүрдік. Құман жасы кіші болған соң бізге еркеледі, еркелегін көтердік. Ол "Төлегеннің шекпенінен шыға алмай қалды" деген пікір қате. Оған лайықты, оны жарқырататын рөл Төлегеннен кейін кездеспеді.

Кинодағы Ақанға сымбаты келісіп тұрған тұлға еді. Біреулер жолын кесті. Халық оны Төлегеннен басқа рөлде қабылдағысы да келмеді. Соңғы сапарына да Төлеген ретінде шығарып салды

Аға, соңғы сұрақ. Жолы болған азаматтың көлеңкесінде ақылды әйел тұрады. Олар күйеуінің тасасында жүріп, жолын ашады. Сәттілігіне ықпал етеді де өздері көлеңкеде қалады. Өмір жолыңыздың қалыптасуына сіздің өміріңіздегі әйелдер қалай әсер етті?

Бұл барлық еркектерге қарата айтылатын анықтама ғой. Бұл барлық еркектердің арманы ғой. Ал сіз сипаттаған әйел – фортуна, ондай әйелге тап болған еркектің жолының болмауы мүмкін емес. Менің Майрам сондай еді. Өмірімнің темірқазығы Сағиым мен Мәдиімнің анасы, менің жарым – жартым Майрам.

Майраның қасымнан кетіп қалғалы біраз болды. Бірақ Майрама арналған сағынышымның шексіздікке айналып кеткені қашан... Бір сөзбен айтқанда–мәңгілік муза. Менің еркелегімді көтерді. Таланты, дарыны болса да менің жұлдызымды жарқыратып, тасада қалды. Майрамнан, сонан соң қос құлынымнан айрылып, көзіме қамшы тигендей болып жүргенде Бағдат кездесті. Кейде Бағдат, ақындар айтпақшы көктегі періштелерім "жердегі Асанәлі жыламасын" деп жіберген періштем тәрізді. Бағдаттың өміріме енуі шаңырағымның шаттығын еселеді. Балалардың басы қосылды шаңырағымда. Балаларымның басы қосылған соң көңілім Алтаудың төріне барып қонақтады. Шабыт маған қайта оралып, бақыт пен сәттілік қайта бетін бұрды. Күні кеше ғана Сағиымнан қалған егіздің сыңары, немерем Майрамды ұзатып, құтты орнына қондырдық.

Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу