banner

"Қазақмыс" байыту фабрикаларын жаңғыртуды жалғастыруда"

5656

2017 жылы мыс корпорациясы жаңарту жобаларына 6,5 млрд теңге қаржы құйған.

"Қазақмыс" байыту фабрикаларын жаңғыртуды жалғастыруда"

Әлемде мыс тапшылығы туындаған шақта бұл метал бағасы "Қазақмыс" корпорациясы үшін қолайлы болып отыр. Келешекте үлкен табыстылыққа шығу үшін компания 2017 жылы инвестициялық базаны өсіруді жалғастырып, көзделген өндіріс көлемін асыра орындады. Қазақстанның ірі мыс корпорациясы былтырғы жылы қандай көрсеткішке қол жеткізе алғаны жайлы "Қазақмыс" корпорациясы" ЖШС Басқарушы кеңесінің бас директоры Бақтияр Қырықпышев abctv.kz-пен болған сұхбатта әңгімелеп берді.

– Бақтияр Әбдірахманұлы, компания үшін 2017 жыл өндірістік көрсеткіш тұрғысынан қалай болғанын айтып берсеңіз...

– Корпорация жұмысының өткен жылғы көрсеткіштері айтарлықтай табысты болды деуге тұрады. Көптеген міндетті асыра орындадық. "Қазақмыс" компаниясының тобы өңдеу, шығару және дайын өнімді өткізуге қатысты өндірістік жоспарды мерзімінен бұрын аяқтады. Былтыр 232943 тонна катодты мыс өндірілді. Өңделген кендегі мыстың орташа құрамының коэффиценті 0,93 пайыз төңірегінде болғанын ескерсек, демек біз жақсы көрсеткішке қол жеткіздік деп есептеймін.

Әрине, мұнымен шектеліп қалмаймыз. Көп жағдайда бізге мысқа қатысты баға жағдайы мен әлемдік нарықтарда біздің мысқа деген тапшылық біз үшін оңтайлы болып тұр, сондықтан өндірісті арттыруға болады. Жақында жезқазғандық өндіріс алаңын премьер-министр Бақытжан Сағынтаев аралып көрді. Премьер-министр катодты мыс өндірудің технологиялық процесімен танысты. Сол кезде үкімет басшысына өндірісті арттыруға қатысты жоспарымызды таныстырдық.

Жезқазған мыс балқыту зауытының (ЖМЗ) қуаты күкірт қышқыл цехын салғаннан кейін артатын болады. Жаңа цех екі балқыту кен қыздыру пештерімен байланыста жұмыс істейді. 2009 жылы бұл пештің бірі жұмыс істеуін тоқтатқан болатын. Бірақ қазір Ақтоғай және Бозшакөл байыту фабрикалары іске қосылғаннан кейін шикізат көлемі арта бастайды. Сондықтан Жезқазғандағы өндірістің жүктелуі шамамен 200 мың тоннадай болады. Ауқымның экономикасы артатыны түсінікті, сондықтан біз ЖМЗ-да тиімдірек жұмыс істеуге мүмкіндік аламыз. Оған қоса, шамамен 600 қызметкеріміз жұмыспен қамтылады. Биылғы жылдың басынан бері аталған өндірістік қуаттылықтарымыздан 30 мың тоннадан астам тазартылған мыс шығарылды.

– Демек, биылғы жылы өндірістік көрсеткіш тағы да өседі  ғой?

– Иә, 2018 жылдың I тоқсанында "Қазақмыс" 7,222 млн тонна кен қазды. Бұл біз жоспарлаған 7,186 млн тонна көрсеткіштен 35,3 мың тоннаға артық. Бізде мыс концентратын шығару 3559 тоннаға артығымен орындалды.

– Мыс өнімін негізінен экспортқа шығарысыздар ма әлде Қазақстанда тұтынушыларыңыз бар ма?

– 2017 жылы біздің жалпы өндіріс 552 млрд теңгеге жетті. Былтыр ішкі нарыққа 76 млрд теңгенің дайын өнімі кетті. Экспортқа шығарылған мыс өнімінің көлемі 475 млрд теңге болды. Осылайша, 2017 жылы дайын өнімді экспортқа шығару үлесі 86 пайыз, ал ішкі нарыққа жеткізген үлесіміз 14% болды. Бір жылда 12 млн тонна жүк жеткізілген, оның ішінде жоспардың 104 %-ын құраған мыс кені мен мыс концентраты бар.

"Қазақмыс" корпорациясы негізінен катодты мысты саудалайды. Ол шетелге де, ішкі нарыққа да жөнелтілуде. Ал елімізде оны Үлбі металлургиялық зауыты мен Балқаштағы "Түсті металдарды өңдеу зауыты" АҚ сатып алады. Мысты көбінесе Еуропа мен Қытайға экспорттаймыз. Бізде шығарылатын мыс сым көп жағдайда ішкі нарыққа, сондай-ақ Литва мен Ресейге жеткізіледі. Өткен жылдың 12 айына арналған нақты міндеттерімізді уақытында орындағанымызды айта кеткен жөн. Уақытында жеткізбеу және біздің өнімді сатып алушылар тарапынан наразылық болған жоқ.

2018 жылы ішкі нарыққа – 130 млрд теңгенің, ал экспортқа 451 млрд теңгенің дайын өнімін жеткіземіз деп отырмыз. Жалпы сатудан 581 млрд теңге пайда көреміз деген жоспар бар. Өзіңіз көріп отырсыз, өсудің бар екені көзге көрініп-ақ тұр.

– Балқашта аффинаж цехтарыңыз бар. Осы жерде алынған алтынды қайда жіберіп жатырсыздар?

– Егер қымбат металдарды алатын болсақ, онда біз қорытатын алтын еліміздің заңнамасына сәйкес басым құқық бойынша Ұлттық банкке жөнелтіледі. Күміс ішкі нарыққа жеткізілмейді, ол Ұлыбританияға экспортталады. Сондай-ақ Германия, Қытай, Үндістанда сатып алушылар бар.

Балқаштағы "Қазақмыс Смэлтинг" ЖШС-ның мыс балқыту зауытының қымбат металл цехында алтынды кесектеп, күмісті түйіршектеп және кесектеп шығарамыз. Біздің күміс Лондонның металдар биржасының Good Delivery стандартын алды, ал алтын өз кезегін күтуде. Аффинажға арналған шикізатты Балқаш пен Жезқазғандағы зауыттардың, сондай-ақ қазақстандық және шетелдік жеткізушілердің шламдарынан аламыз. Орташа мерзімді келешекте Good Delivery сертификатын алу үшін алтын өндірісін 10 тонналық толық қуатта өндіру міндеті бар. Бұған жабдықты қайта жарақтандыру мен жаңғырту арқасында қол жеткіземіз деп ойлаймын. Оған біз шамамен 7 млн доллар жұмсаған болатынбыз.

– Ал басқа өндірістерді жаңғыртып жатырсыздар ма?

– Әрине, 2017 жылы "Қазақмыс Холдинг" ЖШС өндірісті жаңғыртуға бағытталған жобаларға 6 млрд 469 млн теңге құйды. Осы жылы қайта жарақтандыруға 16 млрд 273 млн теңге салу көзделіп отыр.

Жаңғырту жобаларымыздың ішінде талшықты-оптикалық жер үсті байланыс желісін (ТОБЖ) салу да бар. Қазір бизнес пен барлық бөлімшелерді біріктіріп жатырмыз. Цифрландыру үшін бізге ТОБЖ керек. Мұндай бірігушілік кен орындарының өндірістік процестердің басқарылуын арттыруға мүмкіндік береді. Өйткені осы арқылы олардың әртүрлі бөлімшелермен ақпараттық өзара қарым-қатынас орнату деңгейі артады. Сонымен қатар ТОБЖ желідегі мәліметтерді беру жылдамдығын да арттыруға мүмкіндік береді, яғни IT-жүйені қолдану сапасын жақсартады.

Мәселен, 2017 жылы Қарағайлы байыту фабрикасының әкімшілік-тұрмыстық кешені (ӘТК) учаскесінен "Абыз", "Ақбастау-Құсмұрын" АТК-ге дейін ұзақтығы 238 шақырым болатын талшықты-оптикалық байланыс желісін тартуға қатысты жобаны іске асыру үшін 1,4 млн теңге шамасында қаржы құйылды. Биыл жоспарланған 724 млн теңге көлеммен аталған бағыттағы жұмысты жалғастырамыз.

Айтпақшы, Қарағайлы байыту фабрикасының өзіне тоқталатын болсақ, қазір біз оны қайта құрып жатырмыз. Бұл жобаны іске асыру - осы фабрикада кенді өңдеу көлемін жылына 200 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар фабрикада шығарылатын өнім тізбесін мырыш және пирит концентраттары есебінен кеңейтеміз. Былтыр жобаға 3 млрд 379 млн теңге құйдық. 2018 жылы 2 млрд 718 млн теңгеге фабриканы жаңғырту жұмыстарын жалғастырамыз деп отырмыз.

– Басқа байыту фабрикаларында жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр ма?

– Иә, Нұрқазған байыту фабрикасында да жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Ол жерде жұмыс істеп тұрған өндірісті қайта құру өңдеу көлемін жылына 500 мың тоннаға арттыруға, сатудан жыл сайын 6 млрд теңге мөлшерінде пайда алуға мүмкіндік береді. Өткен жылы модернизациялаудың бұл жобасына 1 млрд 745 млн теңге құйдық. 2018 жылы Нұрқазған байыту фабрикасын жаңартуды одан әрі жалғастыру үшін тағы 6 млрд 161 млн теңге бөлеміз.

Қазір өндірістік нысандардағы өлшеуіш жабдықтарын жаңғыртып жатқанымызды айтқым келеді. Бұл құрамында мыс, алтын бар шикізаттың және дайын өнімнің шығындарын азайту үшін қажет.

– Жезқазғандағы өндіріс алаңында гидрометаллургия құруға қатысты жобаларыңыз не болып жатыр?

– Біз мыс концентраттарын гидрометаллургиялық өңдейтін тәжірибелік зауыт салдық. Қазір онда қара мыс концентраттарын гидрометаллургиялық өңдеу зауыты құрылысы бойынша жобаны әзірлеуге қажетті бастапқы технологиялық праметрлер пысықталып жатыр. Бұл жерде шикізат көзі ретінде Жезқазған кен орнындағы жер астынан өндірілетін өте аз мөлшердегі сульфитті кен мен Жезқазған байыту фабрикасының жатып қалған қалдықтары пайдаланылмақ. Бұл жобаға 2017 жылы 860 млн теңге құйдық. Қазір бұл жұмыстар жалғасуда, жобаға бөлінетін жалпы қаржы 5 млрд 971 млн теңге болады деп күтіліп отыр.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Гүлназ Ермағанбетова, Данияр Серіков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу