"Қазақмыстың" пайдасы қалдық қоймаларда

4112

Корпорация кен орны орналасқан өңірлердегі жинақталған ТМТ-ның жекелеген кенін пайда әкелетіндей етіп өңдей алады.

"Қазақмыстың" пайдасы қалдық қоймаларда

"Қазақмыс" Балқаш пен Жезқазғанда жинақталған қалдық қоймалардағы техногендік-минералдық түзілімдерді (ТМТ) өңдеу арқылы өзіне пайда таба алады. Бұл туралы Астанада өткен 25-ші Дүниежүзілік тау-кен конгресінің "Экология және қалдықтарды өңдеу" тақырыптық сессиясында "Гидрометаллургия" ғылыми-зерттеу орталығының (ҒЗО) аға ғылыми қызметкері Илья Фоменко мәлім етті.  

Қазақстандық мыс корпорациясының тапсырысы бойынша былтыр Петербордың ғылыми орталығы "Механобр Инжиниринг" компаниясымен бірлесіп бірқатар сынақ жүргізді. Зерттеу Жезқазған, Балқаш, Қарағайлы және Нұрқазған байыту фабрикаларындағы мыс, мырыш және бағалы металдар сияқты құнды компоненттерді бөліп шығаратын үйінділерді флотациялық гидрометаллургиялық тәсілмен өңдеу экономикалық тұрғыдан қаншалықты орынды болатынын анықтауға тиіс болатын. Флотацияның бағытымен "Механобр" айналысты, ал гидрометаллургиялық эксперименттер ҒЗО-да жүргізілді. Жалпы гидрометаллургиялық өңдеудің 95°C-да атмосфералық сілтісіздендіру, 170°C-да автокландық сілтісіздендіру және 220°C-да жоғары температуралық автоклавты сілтісіздендіру сияқты үш тәсілі сынақтан өтті.

"Атмосфералық сілтісіздендіруде бөлінетін өнімдер – бұл мыс-күміс цементаты (металдар ерітіндісінен қысылып шығарылған- Ред.) және мырыш концентраты.Орташа және жоғары температурадағы автоклавтық ашу кестесі бойынша мысты цементат түріндегі жеке өнім ретінде бөліп шығаруға болады. Алтын және күміс бағалы металдардың цементаты циандаудан кейін бөлінеді, сондай-ақ мырыш консентраты да бөлінуі мүмкін", - деп түсіндірді маман баяндама барысында.

"Қазақмыстың" ірі қалдық қоймаларының бірі Балқашта орналасқан. Оны ғарыштан анық көруге болады. "Гидрометаллургия" ҒЗО ғалымдарының анықтауы бойынша ол жерде ТМТ-ның болжанып отырған құрамы мыс бойынша 0,27% шамасында, мырыш бойынша 0,75%, күміс 1,75 г/т мен алтын 0,12 г/т. Флотация көмегімен құрамында 4,5% мыс және 1,7% мырыш бар концентрат алынды.

"Балқаш кәсіпорнындағы концентрат пирметаллургияға жарамайды, бірақ та бұл концентрат гидрометаллургиялық әдіспен өңделеді. Атмосфералық сілтісіздендіру барысында мыс алу 67% болды, автоклавтық процестер барысында ол 86-94%-ға дейін біршама өседі. Орташа температуралық автоклавтық режиммен күміс алу шамамен 70%-ға жетеді, ал жоғары температуралық автоклавтық режимде ол 92%-ға алынады", - деген қорытынды айтты гидрометаллургия жөніндегі сарапшы.

Оның есептеуі бойынша, егер Балқаштағы қалдықтар үшін орташа температуралық автоклавтық өндіріп алу әдісі таңдалатын болса, онда оған жалпы көлемі 38,1 млн доллар болатын қаражат керек. Бұл ретте операциялық шығындар жыл сайын 21,8 млн доллар болады, ал ҒЗО мамандары Балқаш байыту фабрикасындағы үйінділердегі ТМТ-ны өңдеу жылына кепілді 4,5 млн доллар пайда әкелетінін есептеп отыр. Осылайша, Илья Фоменко бұл қалдықтардың құрамы төмен болғанына қарамастан, оларды өңдеу пайдалы болады деп есептейді.

Жезқазған алаңы жайын сөз еткенде, сарапшы жергілікті кен байыту фабрикасындағы бірінші және екінші қалдық қоймадағы мыстың мөлшері 0,21%-дан төмен екенін атап кетті. Алайда оның құрамындағы күміс бір тоннада 4,77 грамды құрайды. Жалпы минералдық ерекшелігіне қарай Жезқазғандағы үйінділердегі сульфитті күкірттің болуы 0,12%-дан біршама аз. Бұл ТМТ-дағы мыс атмосфералық сілтісіздендіруде белгілі болатын сульфиттер арқылы беріледі.

"Флотацияда Балқаш фабрикасындағыдай мыс концентраты алынды. Яғни мыс мөлшері 4%, бірақ та гидрометаллургиялық өңдеу нәтижесінде атмосфералық әдіспен 94% мысты, 70% мырышты сілтісіздендіруге және қосымша циандаусыз, атмосфералық сілтісіздендіру арқылы шамамен 90% күміс алуға болады. Автоклавтық технологиялар жоғары көрсеткіш көрсетті, бірақ бұл жағдайда есептеу үшін атмосфералық жол таңдап алынды. Өйткені ол аппаратуралық орындауда ыңғайлы және капиталдық шығындар да аз болады. Олар небәрі 17, 5 млн доллар шамасында болуы мүмкін, операциялық шығыстар жыл сайын 23,6 млн долларға жетеді, ал бір жылда келетін пайда 5,2 млн долларға дейін жетеді", – деп отыр "Гидрометаллургия" ҒЗО өкілі.

Сонымен қатар Илья Фоменко өз баяндамасында Жезқазған байыту фабрикасының үшінші қалдық қоймасындағы мыс шикізат базасы мардымсыз екенін атап кетті. Алайда ол жерде белгілі болған металдар құрамының көрсеткіші басқа екі үйіндідегіге ұқсас. Ол жерден алынған концентраттағы мыстың мөлшері 4% болды. Алынған материалды атмосфералық және автоклавтық әдіспен өңдеуден кейін мыс бойынша 93-97%, мырыш бойынша 87-97%, күміс бойынша 87-91% концентрат алынды. Алдағы уақытта бұл жерден атмосфералық әдіспен ТМТ-ны алуға таңдау жасалып отыр, оған кететін шығын 17 млн доллар ғана болады. Ал операциялық шығыс 23 млн доллар болады және түсетін табыс жыл сайын 4,4 млрд доллар болады деп болжанып отыр.

"Қазақмыс" корпорациясы бойынша ТМТ-ның бағалы компоненттерін алу бойынша "Механобр" және "Гидрометаллургия" орталықтарының зерттеген төртінші кейсі – бұл Қарағайлы байыту фабрикасының қалдықтары болды. Зерттеу ондағы үйінділерде мыстың мөлшері өте жоғары 0,48% , сондай-ақ күмістің мөлшері 21,8 г/т. екенін көрсетті. Алайда бұл қалдық қоймадағы сульфитті күкірт шамадан тыс көп.

"Бұл сульфитті күкірт мол концентрат алуға мүмкіндік бермейді.Қайта өңдеу үшін атмосфералық әдіс қолайсыз, ал автоклавтық әдістің екеуі де өте көп қаражатты қажет етеді. Яғни автоклавтық тотықтыруға кететін оттек реагенті, содан кейін алынған қышқылды бейтараптандыруға керек әктасқа кететін шығын өте үлкен. Осының нәтижесінде мұның барлығы аталған процестің шығыны көп екенін, бұл қалдықтарды барлық үш әдіспен қайта өңдеу тиімсіз екенін көрсетті", - деп түйіндеді Илья Фоменко.

Бағалы металдарды алу мүмкіндігіне қатысты тап осындай жағдай Нұрқазған байыту фабрикасында да орын алды. Ол жердегі қалдық қойманың құрамы өте төмен, сонымен қатар сульфитті күкірт те көп. Мұндай бастапқы материалға реагент көп кетеді, ал бұл нашар мыс концентартын бөліп шығаратын ТМТ-ны пайдасыз өңдеуге әкеледі.

Илья Фоменконың айтуынша, ТМТ-ны алу пайдалы болатын қалдық қойма байыту үшін маңындағы фабриканың жабдығын пайдалана алады. Жанама өнімдерді қаттау мен қалдықтарды қайта өңдеуді пайдаланылған кен орындарына бөлінген жерде жүзеге асыруға болады деп жауап берді ол .

"Жинақталған қалдық қоймаларды қайта өңдеу пайдалы болуы мүмкін. Ол үшін жиналған материалдардың минералогиясына қарай және қандай технологияның сәйкес келетінін сынақтан өткізу арқылы әртүрлі технологияларды қарастыру керек", - деп қорытындылады сарапшы өзінің таныстыруын.

Гүлназ Ермағанбетова, Саян Абаев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу