"Ордабасыны" Еуропа лигасынан айырды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2490

Былтыр Қазақстан премьер-лигасында үшінші орынға ие болған "Ордабасы" клубы биыл Еуропа лигасына қатыса алмайтын болды.

"Ордабасыны" Еуропа лигасынан айырды

Шымкент клубы өткен жылы қола жүлдегер атанса да, биыл Еуропа лигасында бақ сынау құқығынан айырылып отыр. Себеп, кредиторлық қарыздарын дер кезінде төлемей, 1-2 күн кешіктіріп алған. Таратып айтар болсақ, 25 сәуір күні Қазақстан футбол федерациясының ресми сайты "Ордабасы клубының Еуропа лигасына қатыстырылмайтындығын жариялады. Ресми түрде былай баяндады:

– "Ордабасы" футбол клубына (Шымкент қ.) "УЕФА клубтық турнирлеріне қатысу үшін қаржылық фэйр-плэй және футбол клубтарын сертификациялау ережесінің" қаржылық талаптарды орындамағаны үшін (52-бап – әлеуметтік қорлар мен салықтық органдар алдында кредиторлық қарыздарды өтеу уақытының бақылау мерзімін бұзғаны үшін) 2018/2019 жылғы маусымда УЕФА додасына қатысу құқығына Сертификат беруден бас тарту туралы шешім қабылданды."

Бұл шешімді Қазақстан футбол федерациясының Сертификация комиссиясы қабылдаған. Әрі "Ордабасы" клубының орнын "Тобыл" басып (былтырғы ел чемпионатында 5-орынға ие болған команда), биыл Еуропа лигасында Қостанай клубының додаға түсетіндігін мәлімдеді.

Әрине, "Ордабасы" мұнымен келіспей, наразылық білдірді. Шымкент клубының президенті Бақтияр Байсейітов "Біз мұндай жазаға тартылмауымыз керек. Жарты жылдап, бір жылдап ақша төлемей, қашқан жоқпыз. Төлемді небәрі бір күн кешіктірдік. Кепілдік мерзімі бойынша, 31 наурыз күні өтеуіміз керек болатын. Ал бұл сенбі, демалыс күні болды. Сондықтан 2 сәуірде төледік", – деп мән-жайды түсіндірді. Әрі Қазақстан футбол федерациясына сол күні-ақ (25 сәуірде) шағым түсіргендерін де тілге тиек етті.

"Ордабасы" клубының шағымы 3 мамыр күні қаралыпты. ҚФФ сертификация жөніндегі Апелляциялық комиссиясы Шымкент клубының шағымын қанағаттандырмаған. ҚФФ Сертификация комиссиясының 25 сәуірдегі шешімін өз күшінде қалдырған. Себеп, Оңтүстік Қазақстан облысының командасы кредиторлық қарыздарын мерзімінде (31 наурызға дейін) төлемеген.

Енді "Ордабасы" клубы не істейді екен? ҚФФ комиссияларының шешімдеріне мойынсұна ма, әлде әрі қарай шағымдана ма? Бұлай дейтін себебіміз, клуб президенті Бақтияр Байсейітов "Егер жергілікті билік бұл мәселені шешпесе, онда біз мұнымен шектелмейміз. Біз дұрысты ұйымдарға дейін жетеміз. Бізді Еуропа лигасынан айырмаулары үшін күресеміз" деген болатын.

Клуб президентінің бұл сөздері 27 сәуір күні "Ордабасы" клубының ресми сайтында жарияланған-тын. Онда Байсейітов "Біз UEFA-да ойнау құқығын өз күшімен жеңіп алдық. Қазір біздің Еуропа лигасы ойындарынсыз қалғанымызды қалайтындар бар" деген де болатын. Яғни Шымкент клубының Еуропа лигасында ойнау құқығына қол жеткізу үшін әрі қарай әрекет етуі де ықтимал.

Дәл қазір "Ордабасы" жеті ойыннан 13 ұпай еншілеп, Қазақстан премьер-лигасында 3-4 орындарды "Тобылмен" бөлісіп тұр. Десек те, Қостанай клубы доп айырмасы бойынша (+2) Шымкент командасынан (+1) жоғары орналасқан. Ал Еуропа лигасы 28 маусымда басталады, алғашқы іріктеу сатысының бірінші ойындары дәл осы күні өтеді.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу