​"Мидтьюлландты" мысы басты

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2310

"Астана" түзде Данияның "Мидтьюлланд" клубымен тең түсіп, Чемпиондар лигасының үшінші сатысына шықты.

​"Мидтьюлландты" мысы басты Фото: fcastana.kz

Елорда клубы UEFA Чемпиондар лигасысының екінші сатысынан да сүрінбей өтті. Бірінші електе Црна Гораның "Сутьеска" деп аталатын клубын 1:0 және 2:0 есебімен тізе бүктірген. Ал екінші кезеңде Данияның биылғы чемпионы "Мидтьюлланд" клубынан айласын асырды. Өз алаңында 2:1 есебімен жеңіске жетіп, түзде "итжығыс" түсті (0:0). Бір қызығы, осы екі қарсыласының да атауларында жіңішкелік белгісі (“ь” қаріпі) бар еді.

Дат елінің Хернинг қаласында өткен ойын тартысты өтті. Алаң иелері қарымта кездесуді аса жоғары қарқында бастады. Алайда Қазақстан чемпионын кейін қарай қарай тықсыра түскендерімен, Ненад Эричтің қақпасын дәлдеп нысанаға алудың сәті түспеді. "Астана" сауатты түрде қорғана білді.

Әрі "Мидтьюлланд" клубының матч басындағы қарқынына төтеп беріп қана қоймай, ойынның 12-минутынан бастап, өте қауіпті қарсы шабуылдар ұйымдастыра бастады. Жылдам ойнап, алаң иелерін әбден састырды. Тіпті олардың оң қапталдағы қорғаушысы қапелімде жаза басып, Джуниор Кабананганың гол соғатын тамаша мүмкіндігі болды да.

Сауд Арабиясындағы "Әл-Наср" клубынан қайта оралған (жалға алынған) Кабананга допты қақпаға тура бағыттаған да еді. Алайда қақпа ішіне шыр айнала еніп бара жатқан допты "Мидтьюлланд" қақпашысы қолымен кері қайтарып жіберді. Ал осы ойынға қазылық еткен Испания төрешілері бұл голды есепке алмады.

Өкінішке қарай, Чемпиондар лигасында төрешілер биылғы Әлем чемпионатындағыдай бейнекөмек жүйесіне (VAR) жүгіне алмайды. Егер ала доп жасыл желек үстімен сырғып бара жатса, онда қақпа сызығынан асқаны байқалар да ма еді. Ал сәл биіктеу (қақпашының иығынан аз ғана жоғары деңгейде) ұшып бара жатқандықтан, оның қақпа ішіне кіріп кеткендігін дәлелдеу мүмкін болмады.

Бұдан кейін алаң иелерінің де гол соғатын бірлі-жарым мүмкіндіктері болды. Бірақ кейде өздері кеш қимылдап, енді бірде "Астана" қорғаушылары мен қақпашысы жанкештілік танытып, қауіпті шабуылдар тойтарылып отырды. Бірінші таймның аяғында қонақтар да қарқындарын үдетіп, алаң иелерінен қалысқан жоқ. Ойын негізінен алаң ортасында өрбіді.

Екінші таймның басталған бетте "Мидтьюлланд" қорғаушысы басымен гол соққан. Бірақ допқа секірген "Астананың" қақпашысына бөгет жасап, оны құлатып кеткендіктен, бұл доп та есепке алынған жоқ. Бұдан кейін де алаң иелері тайлы-таяғымен алға қарай ентелеп, гол соғуға тырысты. Егер 1:0 есебімен жеңіске жетсе, үшінші кезеңге шығатындарын біледі. Сондықтан аянған жоқ.

Бірақ оған "Астана" көне қойсын ба?! Алаң иелерінің соққыларын тойтарып, өздері де қарсы шабуыл ұйымдастыруға тырысып отырды. Бірақ спорттық бабына әлі келе қоймаған Кабананганы ауыстырып жібергендіктен, қонақтардың бұл талпыныстары аса қауіпті бола қоймады. Ойын осылай 0:0 есебімен аяқталып, келесі кезеңге Қазақстан чемпионы шықты.

"Астана" енді Загребтің "Динамосымен" кездеседі. Хорватия чемпионы екінші електе Израильдің "Хапоэль" (Беэр-Шева) клубынан үстем түсті. Өз алаңында 5:0 есебімен күйрете жеңіп, түзде ұтылып жатып, таразы басын теңестіріп кетті (2:2). Сонда жалпы есеп – 7:2. Яғни Чемпиондар лигасысының үшінші сатысындағы қарсыласы – қарымды команда.

"Мидтьюлланд" (Хернинг, Дания) – "Астана" (Қазақстан) – 0:0
Ескертулер: Спарв, 47. Корчмар, 59. Мабиль, 80. Окосун, 90+6 – Аничич, 65. Маевский, 81. Мұжықов, 90. Томасов, 90+6.
"Мидтьюлланд": Й.Хансен, Святченко (Окосун, 76), Санне, К.Хансен, Хенде, Спарв (Мабиль, 59), Я.Поульсен, Мунксгор, Викхейм, Огочукву (Дуэлунн, 71), Онуачу.
"Астана": Эрич, Рукавина, Аничич, Постников, Шомко, Кляйнхайслер (Логвиненко, 90+2), Маевский, Мұжықов, Педро Энрике (Муртазаев, 78), Томасов, Кабананга (Щеткин, 62).
Төрешілер: Мартинес, Севилья, Новаль (бәрі де – Испания)
Хернинг. "Арена Хернинг".

Бірінші ойын – 1:2

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 9 – 13
Тура соққы: 3 – 5
Қиыс кеткені: 5 – 3
Тойтарылғаны: 1 – 5
Бұрыштама соққылар: 2 – 2
Офсайдтар: 2 – 1
Ескерту (сары қағаз): 4 – 4
Ереже бұзу: 15 – 11\

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу