«7-20-25»: мақұлданған қарыздардың 41%-ы Алматыға тиесілі

Әлеуметтік ипотека алуға Атырау, Маңғыстау және Түркістан облыстарынан бірде-бір өтініш түскен жоқ.

02 Тамыз 2018 12:10 Автор: Карина Алимова
«7-20-25»: мақұлданған қарыздардың 41%-ы Алматыға тиесілі, Ипотека, 7-20-25, Қазақстан ипотекалық компаниясы, ТҮҚБ

Мемлекеттің «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы бойынша мақұлданған тұрғын үй қарызының саны бойынша Алматы мен Астана көшбастап тұр. «Баспана» ипотекалық ұйымының abctv.kz-ке ұсынған жиынтық ақпарында барлық несиенің жартысынан көбі, яғни 61%-ы Астана мен Алматы қаласына тиесілі екенін көруге болады. Оңтүстік өңірде берілген 174 өтініш бойынша оң шешім қабылданып, 2,1 млрд теңгеге ипотекалық қарыз берілген, бұл 41% үлесті құрайды. Елордада 1,3 млрд теңгеге 86 тұрғын үй қарызы мақұлданған, яғни бұл ипотекалық несие алуға рұқсат алған өтініштердің жалпы санының 20%-ы.

Әлеуметтік ипотека алуға белсенділік танытқандардың арасында Ақтау қаласы үшінші орында тұр. Бұл қаланың 41 (10%) азаматына бағдарламаға қатысуға рұқсат берілген. Одан әрі қарай 25 (6%) адам ипотекалық несие алған Ақтөбе және 20 (5%) адамға несие мақұлданған Шығыс Қазақстан, сондай-ақ 20 адамға рұқсат берілген Қостанай облыстары тұр.

Атырау, Маңғыстау және Түркістан облыстарының тұрғындары «7-20-25» бағдарламасына қызығушылық танытпады. Бұл өңірлердегі серіктес-банктерге тұрғындардан бірде-бір өтініш түспеген.

Берілген және мақұлданған өтініштер саны

Дереккөз:  «Баспана» ипотекалық ұйымы

Сондай-ақ бұл сан «7-20-25» бағдарламасы бойынша жұмыс істеуге тіис жеті банктің екеуі ғана жұмыс істеп жатқанын көрсетеді. Барлық берліген несиенің басым бөлігі, яғни 413 қарыз «ЦентрКредит» банкте берілген, ал АТФ Банк тек тоғыз несие қарызын берген.

Жалпы бағдарлама бойынша 8,6 млрд теңгеге 749 өтініш түскен. Осы өтініштердің ішінде 422-сі мақұлданған. Ал мақұлданбай қалған өтініштерге келер болсақ, олардың көбі тағы Алматыға тиесілі болып отыр. Оларда 36 шешім қарыз алушының пайдасына шешілмей қалған.

Еске салар болсақ, бұған дейін сарапшылар «7-20-25» ипотекалық бағдарламасын игерудің орталығы Астана мен Алматы болады деген еді. Алайда бұл осы қалалардағы тұрғын үйдің бастапқы нарығында сатылымды күшейтеді деуге келмейді.

ҚР Тұңғыш президенті қорының жанындағы әлемдік экономика және саясат институтының (ӘЭСИ)сарапшылары болса тұрғын үй бағасының өсіп кететінін айтқан болатын.

«Астана мен Алматыдан басқа өңірлерде пайдалануға беру шектеулі екенін ескерген жөн. Осыған орай критерийлерді әзірлеу барысында сұраныстың төлемқабілетін олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын негізге ала отырып өңірлер бойынша әртараптандырылған тұрғын үй саясатын қолданған орынды болар еді», – деді ӘЭСИ бас сарапшысы Айжан Мұқышбаева.

Еске сала кетер болсақ, 2018 жылдың шілдесінде елбасының әлеуметтік бастамаларының бірі бойынша берілген тапсырма негізінде Ұлттық банктің әзірлеген «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы іске қосылды. Жоба ипотекалық қарызды бастапқы 20 пайыз жарна төлеумен 25 жылға 7% сыйақы мөлшерімен беруді қарастырады. Бағдаралама бойынша несиені еңбек табысы немесе кәсіпкерлік табысы бар, сондай-ақ меншігінде баспанасы жоқ кез келген азамат ала алады.

Аталған бағдарлама бойынша еліміздің кез келген өңіріндегі бастапқы нарықтан баспана алуға несие рәсімдеуге болады. Ипотекаға алынатын үйдің бағасы Астана, Алматы, Ақтау мен Атырауда  25 млн теңге, ал басқа өңірлер үшін 15 млн теңге.

 Бағдарламаның операторы ретінде Қазақстан Ұлттық банкінің еншілес ұйымы – «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ болып белгіленді.

Гүлназ Ермағанбетова, Карина Алимова