"АХҚО – ең ірі ұлттық мегажоба"

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
1932

Бақытжан Сағынтаев "Астана" халықаралық қаржы орталығы арқылы ІРО-ға шығарылатын компанияларды атады.

"АХҚО – ең ірі ұлттық мегажоба"

Astana Finance Days форумының пленарлық сессиясына қатысқан үкімет басшысының айтуынша, Қазақстанның қаржы саласындағы ірі қадамының бірі АХҚО Биржасына ұлттық компаниялардың акцияларын жария түрде орналастыру болмақ. Бұл ретте, IPO-ға ұлттық экономика алыптары – "Эйр Астана", "Қазатомөнеркәсіп", "Қазақтелеком" компаниялары шығарылады деген жоспар бар. Ал 2020 жылдың соңына дейін еліміздегі "Қазақстан темір жолы", "ҚазМұнайГаз", "Самұрық-Энерго", "Қазпошта", "Таукен Самұрық" және "Қазақ Эйр" секілді басқа да ірі компаниялардың акциялары шығарылады. Бұл бизнес пен инвесторлар үшін бірегей мүмкіндік болмақ.  

Бақытжан Сағынтаевтың пікірінше, "Астана" халықаралық қаржы орталығы – тәуелсіздік жылдарындағы ең ірі ұлттық мегажоба. Ол жаңа буынның қаржы орталығы ретінде құрылуда.

Үкімет басшысының айтуынша, АХҚО өтімді және теңдестірілген капитал нарығын дамыту мен жеке тұлғалардың активтерін және әл-ауқатын басқаруды орындап қана қоймай, сонымен қатар дүниежүзілік қаржы әлемінің ең әлеуетті даму бағыттарындағы қызметтерді көрсететін болады.

"Біз АХҚО-ны қаржы технологиялары саласындағы шешімдерді құру мен дамытуға арналған финтэк-плацдарм ретінде қарастырамыз. Мұндай жұмыстар Masterсard және Visa, Microsoft және Tai Cloud Corp компанияларымен әріптестік негізінде басталып та кетті. АХҚО 60-тан астам ірі қаржы институттарын, сондай-ақ Жаһандық финтэк-хабтар федерациясын қамтитын R3 халықаралық консорциумінің қатысушысы болды", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Премьер-министрдің сөзінше, "Астана" халықаралық қаржы орталығы "жасыл" қаржыландыру құралдарын, механизмдерін және стандарттарын енгізу үшін тиімді алаңға айнала алады. Бұл орайда, клинтек саласында Жасыл қаржылар құзыреті орталығы, сонымен қатар БҰҰ қамқорлығымен Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы құрылып, жұмыс істеп жатыр.

"АХҚО қаржылық қызметтерінің тағы бір ерекшелігі – исламдық қаржыландыру нарығының дамуына ықпал ету. Қазірдің өзінде АХҚО базасында Азия Даму банкі және Ислам Даму банкімен бірлесіп қажетті құқықтық және реттеушілік орта құрылды. Биылғы жылдың соңына дейін мемлекеттік исламдық құнды қағаздар – сукуктар эмиссиясы жүргізіледі. АХҚО-ны біз болашақта исламдық қаржыландырудың өңірлік хабы ретінде көреміз. "Астана" халықаралық қаржы орталығы жеткілікті дәрежедегі ауқымды қаржы қызметтерін ұсынатын болады", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Үкімет басшысы АХҚО-ның бұдан басқа да артықшылықтарын атады. Біріншіден, АХҚО Еуразияның әлеуетті нарықтарына шығу мүмкіндіктерін арттырады.

"Қазақстан АХҚО-ны әлемдік қаржы жүйесінің бөлігі ретінде қарастырады. Әлемдегі ақша ағынын басқаратын қаржы орталықтарының жаһандық тізбегі бүкіл жер шары арқылы – Торонтодан Сиднейге дейін, Токиодан Нью-Йоркке дейін өтеді. Олардың әрқайсысының өзіндік бірегей саласы бар. "Астана" халықаралық қаржы орталығының географиялық ерекше орналасуы Орталық Азия, ЕАЭО, Күнгей Кавказ, Таяу Шығыс елдерінің нарығына шығуға мүмкіндік береді.  Сонымен қатар Астана "Белдеулер мен Жолдар" жаһандық бастамасының жаңа трансқұрлықтық бағыттарының басты тораптарының бірі болып табылатынын да ескеру керек. Сондықтан АХҚО Батыс Қытай, Моңғолия және Еуропа елдері арасындағы қаржылық-экономикалық көпірге айнала алады. Мұның барлығы 1 млрд астам адамды қамтитын алып нарыққа жол ашады", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Үкімет басшысы атаған екінші артықшылық – АХҚО-ның тәуелсіз құзыреті. АХҚО дүниежүзінің барлық қаржы орталықтары тәрізді құқық және сот жүйесінің ағылшындық жалпы құқық принциптерін ұстанады.

"Арбитраж орталығы, Халықаралық қаржы соты және тәуелсіз қаржылық реттеуші ретінде Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитет құрылды. Аталған барлық құрылымдарды әлемге танымал тәжірибелі заңгерлер басқарады", – деп жалғастырды сөзін үкімет басшысы.

Премьер-министрдің сөзінше, АХҚО өзінің географиялық және заңды басымдықтарын салық артықшылықтарымен, жеңілдетілген валюталық, визалық және еңбек режимдерімен, көлік қолайлылығымен нақтылайды. Бұл ретте, АХҚО органдары мен қатысушылары, сондай-ақ олардың қызметкерлері салық төлемдерінен 50 жылға босатылады. Олар – қаржылық және қосымша қызметтерден түсетін кірістерге корпоративті табыс салығы, жеке табыс салығы, жер салығы және мүлік салығы.

Сондай-ақ, қаржы орталығының қатысушылары АХҚО Биржасының келісімшарттары мен ережелерінде қарастырылған кез келген валютаны пайдалана алады. 65 елдің азаматтарына, оның ішінде ЭЫДҰ-ның барлық елдері үшін визасыз келу енгізілді. Бұдан бөлек, АХҚО органдарының қызметкерлері мен қатысушылары және олардың отбасыларының мүшелері үшін 5 жылға дейінгі мерзімге арнайы визалық режим қарастырылды.

"Көліктік қолжетімділігі кеңейтілді. Бүгінде Астана тікелей әуе қатынасы арқылы әлемнің 9 қаржы орталығымен байланысады. Алдағы бір, бір жарым жыл ішінде кезең-кезеңмен Сингапур, Токио, Нью-Йорк және тағы да басқа бағыттарға жаңа халықаралық рейстер ашылатын болады", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу