"Ақтөбе" мен "Қайрат" Чемпиондар лигасын жеңіспен бастады

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3319

Футзалдан Чемпиондар лигасының негізгі додасы басталып, еліміздің екі командасы да жеңіске жетті.

"Ақтөбе" мен "Қайрат" Чемпиондар лигасын жеңіспен бастады Фото: afckairat.kz

Футзалдан 2001/2002 жылдар маусымынан бері өткізіліп келе жатқан UEFA кубогы додасы биылдан бастап Чемпиондар лигасы болып, атауы мен мәртебесін өзгерткен. Әрі қатысушы командалар саны да артты. Мәселен, биылғы Чемпиондар лигасының тырнақалды додасына Еуропаның 57 командасы қатысты.

Әуелі іріктеу сыны өтіп, онда 34 команда додаға түсті. Олар тоғыз топқа бөлініп (жеті топта – төрт командадан, ал екеуінде – үш клубтан), 28 тамыздан 2 қыркүйекке дейін әр топтың жеңімпазын анықтады. Осы тоғыз топта бірінші орынға ие болғандар келесі кезеңге өтті.

Енді, міне, Чемпиондар лигасының негізгі додасы басталып отыр. Іріктеу сынында топ жарған тоғыз командаға UEFA-ның клубтық деңгейдегі рейтингінде жоғары орналасқан елдердің 23 командасы қосылды. Барлығы – 32 команда. Олар екі деңгейлі сегіз топқа тең бөлінген.

Осы жерде ерекше атап өтерлігі, рейтингте көш бастаған төрт елден екі командадан қатысады. Олар – Испания, Португалия, Ресей және Қазақстан. Сөйтіп, біздің елдің намысын "Қайрат" (Алматы) және "Ақтөбе" клубтары қорғайтын болды. Бірақ екеуі әр түрлі жолмен іріктелетін топтарға жіктелді.

"Қайрат" азулы командалар қатарында, "А жолымен" екшеледі. Яғни әр топтан келесі кезеңге үш команда шығады. Ал "Ақтөбе" – әр топтан бір команда ғана жартылай финалдық додаға шығатын төрт топтың бірінде. Мұндағы командалардың дейгейлері – сәл төмендеу. UEFA мұны "В жолы" деп атапты.

Дәлірек айтқанда, "Ақтөбе" 6-топқа түсті. Бұл топтың ойындары Хорватияда өтіп жатыр. Еліміздің өткен маусымдағы күміс жүлдегерінің қарсыластары – "ТМЦ Тбилиси" (Грузия), "Кампуксен Динамо" (Финляндия) және "Ново Вриеме" (Хорватия). Түнде ақтөбеліктер Грузия футзалшыларымен кездесіп, 6:2 есебімен басым түсті.

"Қайрат" 4-топта додаға түсіп жатыр. Бұл төрттіктің ойындары Косовоның Приштина қаласында басталып кетті. Қазақстан чемпионының қарсыластары – "Феникс" (Косово), "Лида" (Беларусь) және "Спортинг" (Португалия). Алматылықтар түнде алаң иелерін 7:3 есебімен тізе бүктірді.

"Ақтөбе" – "ТМЦ Тбилиси" (Грузия) – 6:2

Голдар: Данило, 0:14. Серый, 2:16. Валенко, 7:15. Иманалин, 10:27. Валенко, 32:40. Төреғазин, 34:24 – Кекелия, 22:52. Курдадзе, 36:30.

"Ақтөбе": Асылжан Алин – Евгений Валенко, Евгений Серый, Александр Сорокин, Эрик Данило; Салауат Байралиев, Қайрат Иманалин (кап), Виктор Клинов, Асхат Күлбаев, Альберт Ақбалықов, Нұрбек Қарағұлов, Ағеділ Мадияров, Ринат Төреғазин, Егор Нулет.

"Қайрат" – "Феникс" (Косово) – 7:3

Голдар: Песс Перейра, 4:16. Тайнан, 10:44. Джон Леннон, 11:25. Дос Сантос, 13:46. Тайнан, 15:36. Тайнан, 23:57. Тайнан, 39:26 – Сезар, 8:46. Ментор Мейзини, 19:32. Драган Петрович, 34:31.

"Қайрат": Дуду – Песс Перейра, Фелинто Силва, Фаверо, Дәурен Нұрғожин; Дінмұхамбет Сүлейменов, Серік Жаманқұлов, Шыңғыс Есенаманов, Дәурен Тұрсағұлов, Біржан Оразов, Тайнан, Тайеби, Гомес Дос Сантос.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу