«Аман қалған» астықтың бәсі жоғары болмақ

Жиын-терім кезіндегі ауа райы қолайсыз болып отыр.

12 Қыркүйек 2018 15:49 Автор: Данияр Сериков
«Аман қалған» астықтың бәсі жоғары болмақ, Егін, егін жинау, ауа-райы, Eurasia Group, АӨК, ауыл шаруашылығы, субсидиялар, ауылшаруашылық техникасы, Астық-2018

Еліміздің көптеген өңірінде егін жинау қиынға соғуда. Бұл туралы abctv.kz-ке Қазақстандағы John Deere ауылшаруашылық техникасының дистрибьютері – Eurasia Group Kazakhstan компаниясының бас директоры Сергей Глокке айтып берді.

«Біз сатылған техника бойынша клиенттердің пікірін естіп жатырмыз. Олар астықтың шығымы өңірлерге байланысты орташа есеппен гектарынан 10-нан 15-17 центнерге дейін айналуда деп отыр. Вегетация өте күрделі жағдайда. Тіпті арпаның өзі барлық жерде бірдей шықпаған. Көптеген шаруашылық егіннің өсіп-өну мерзімін қысқарту үшін жығып, десикация (ылғалды ауа-райында егінді жинауды жеңілдету үшін өсімдікті сусыздандыру. – Ред.) жасай бастаған. Сапа аса керемет емес. Қазір негізінен төртінші класты астық жиналып жатыр. Оны тіпті үшінші деп бағалауға келмейді, төртіншіге жақын», – деп нақтылады ол.

Аралас сала өкілінің айтуынша, әдетте бұрнағы жылдары елімізде егіннің жартысына жуығы 10 қыркүйекке дейін бастырылатын. Алайда қазір оның шамамен оннан бірі ғана жиналған. Шындығын айтар болсақ, көрсеткіштер әр өңірге қарай түрліше өзгеруде деп отыр Eurasia Group клиенттері.

«Кей жерлерде, мысалы, Шығыс Қазақстанда қар жауып өтті. Ауа райы жағдайы да қиын, қазір кепсе, артынша жаңбыр құя салады, оны тағы күтуіңе тура келмек. Енді ғана күн қызып, жинауға кірісе бастағанда, жаңбыр жауып, барлығы қайта су болады. Бүгін өңірлермен сөйлестім – КамАЗ-дар элеваторларда кезекте тұрған көрінеді. Бұл егіннің дымқыл екенінің бір белгісі. Кезекте тұрса, демек кептіруге қабылдап жатыр деген сөз. Егін жинау қиын болатыны анық. Егер алдағы уақытта ауа райы жақсармаса, онда, өкінішке қарай, көбісі жинап үлгермейтін шығар деп ойлаймын. Ауа райы болжамы да көңіл көншітпейді, қыркүйектің аяғына дейін жаңбырлы болмақ. Сондықтан барлығына үлгеру үшін нақты механикаландыру, жақсы логистика, кептіретін жақсы элеваторлар керек», – деп есептейді Сергей Глокке.

Дегенмен егіннің аз болу ықтималдығына қоса әлемдік үрдістер ағынында бидай бағасы одан сайын өсуде. Қазірдің өзінде үшінші класты бидай бағасының бір тоннасы 50-55 мың теңге шамасында, тіпті 60 мың болуы мүмкін.

Бұл ретте кірістіліктің жартысын соңғы кездегі теңге бағамының құбылуынан болып отырған девальвация жойып жіберуі ықтимал. Сергей Глокке көптеген фермер жинаған егінін ақпанға жетпей сатуы мүмкін екенін айтып отыр. Бірақ егінді сақтауға шамасы жететін әрі міндеттемесі аздар баға шарықтайтын ақпан-сәуірді күтетіні анық.

Сондай-ақ ол abctv.kz-ке берген сұхбатында электронды үкімет парақшасында салалық министрліктер мақұлдаған ауылшаруашылық техникасын сатып алуға арналған инвестсубсидия бөлу туралы бұйрық шыққанын тілге тиек етті.

«Ауыл шаруашылығы министрі уәдесінде тұрып, айтқанын орындады. Яғни ауылшаруашылық техникасын сатып алуда инвестсубсидияландыруды және субсидиялауды пайыздық мөлшерлемемен қамтамасыз етті. Шаруаларға сатып алған техникасы құнының 25%-ы қайтарылады, бұл тамаша нәрсе. Мұндай қадам жаңаруға үлкен серпін беру керек, қазірдің өзінде қозғалыс барын көріп отырмыз. Құжаттың жобасы қарала бастаған кездің өзінде бізге комбайн сатып алуға өтініш көп түсті. Бұған дейін 20-30 ғана комбайн сататын шығармыз деп болжағанбыз, ал қазір болжам 80-ге дейін көбейді. Келесі жылы трактор, су бүріккіш, егін егу кешендерін сатып алатындарын қазірден мәлім жатыр. Бұл жақсы демеу. Бірақ та инвестсубсидиялау бағдарламасы жарияланып жатқанымен, бюджеттен қанша ақша қарастырылатынын ешкім білмейді», – дейді Eurasia Group Kazakhstan бас директоры.

Оның ақпары бойынша инвсетсубсидиялау тетігі іске қосылғанға дейін компанияда үлкен сауда болмаған. Сондай-ақ ол техника жеткізетін басқа компанияларда да тап осындай жағдай байқалып отырғанына тоқталып өтті. Тіпті шілде айында іске қосылған ауылшаруашылық машиналарын сатып алуда пайыздық мөлшерлемеге субсидия берудің өзі нарықты оңалта алмаған.

«Биылғы жыл 15 жыл ішіндегі ең бір нашар жыл болды. Басқаларда қалай екенін білмеймін, мүмкін тап біздегідей шығар. Бұл саланың жалпы қаржылық жағдайына, яғни несиеге белшеден батқандығына байланысты. Субсидияларға тек қазір ғана қол қойды, жылдың алғашқы жарты жылдығында пайыздық мөлшерлемені субсидиялау да, инвестсубсидиялау да болған емес. Бұрын пайыздық мөлшерлеме 14-16 пайыз болған, сол қалпында қалды, бұл өте қымбат. Инвестсубсидия бойынша 25 пайыздың орнына бұрынғы мөлшерлеме бойынша жоқ дегенде үш-бес пайыз болды, оны бұрынғы министр мақұлдаған. Осының барлығы тежеу болды – ауылшаруашылық техникасын бірен-саран ғана адам сатып алуда», – деп атап кетті Сергей Глокке abctv.kz-пен болған әңгімеде.

Ол сатып алуға субсидия беру бағдарламасы жыл соңына дейін толық іске қосылатын болса, онда тұқым себетін кешендердің де саудасы қыза түседі деп отыр.

«Адамдар биылғы жылға бюджет бар екенін біліп отыр, сондықтан оны жылдың соңына дейін пайдаланып қалу үшін өтініш бере бастайды. Механикаландырылуы жақсылар жинап үлгереді. Ондай шаруашылықтар бар, жағдайы өте жақсы, өнімді жақсы жинауда, олар техниканы сатып алуға дайын болады. Егер қаржыландыру теңгеде болатын болса, онда оның девальвацияға ұшырайтыны да олар үшін тағы бір үлкен артықшылық. Мысалы, шаруа техниканы бір доллар үшін 250 теңгеден алған болса, қазір бағам 380 теңге – бұл міндеттемені айтарлықтай төмендетеді. Егер пайда экспорттық болса, онда ол шаруалар үшін үлкен басымдық», – деп отыр ол.

Сонымен қатар Eurasia Group топ-менеджері қағаз жүзінде жасалып жатқан, сонымен қатар нақты сауда бар екенін айтты. Нақты саудада ауылшаруашылық техникасын жеткізушілер ақшаны бірден алады, ал қағаз жүзіндегі саудада оны үш айдан бір жарым-екі жылға дейін күтуі керек, оның жартылай немесе толық қайтарылмай қалатын қаупі де бар.

Бүгінгі күнге дейінгі ауылшаруашылық техникасын сатып алуды қаржыландыруға қатысты екіұштылық нарықты әрі-сәрі күйге түсірді, сондықтан Eurasia Group биыл техникаға көп тапсырыс бермеген, тек былтырғы жылғы қалдықты сатуда. Аздаған қалдық келесі жылға қалуы да мүмкін. Сергей Глоккенің сөзінше, егер инвестсубсидия мен пайыздық мөлшерлемеге демеуқаржы беру бағдарламасы іске қосылатын болса, онда келесі жылы сауда жақсы болуы мүмкін.

Инвестсубсидиялаудың 25 пайыздық бағдарламасы жарияланғаннан кейін тек астық жинайтын емес, сонымен бірге күріш, мақта жинайтын комбайндар нарығы жандана бастаған.

«Биылғы жылы Eurasia Group Қызылорда облысына 15 комбайн, 6-7 трактор, жер өңдейтін техника лардан шамалы сатты. Жалпы бұл өңірге жыл сайын 10-15 техника сатамыз. Сондай-ақ Claas компаниясы да бұл өңірге 15-20 комбайн сататынын білемін. Биылғы жылы өздігінен жүретін шөп машинасына сұраныс жоғары болып, шын мәнісінде, жетпей қалды. Егер көп болса – көбірек сатар едік, бірақ шамамыз жетпеді. Мақта жинауға қатысты техниканы сату үнемі қиын болатын. Жылына тек 5-10 дана ғана сатылатын», – деді Eurasia Group бас директоры.

Данияр Серіков