«Астана» «Яблонецті» соңғы минуттарда есеңгіретті

Еуропа лигасының ІV турында Қазақстан чемпионы Чехия клубын тізе бүктірді.

09 Қараша 2018 09:44 Автор: Маруан Түсіп
«Астана» «Яблонецті» соңғы минуттарда есеңгіретті, Астана-Яблонец, Еуропа лигасы, матч
Фото: fcastana.kz

Бейсенбіден жұмаға ауған түні футболдан Еуропа лигасының топтық кезеңінде төртінші турдың ойындары өтті. «K» тобында бақ сынайтын «Астана» өз алаңында Чехияның клубын қабылдап, аса тартысты өткен матчта жеңіске жетті. Әрі шешуші голды соңғы минуттарда соғып, жеңісті жұлып алды. Сөйтіп, жанкүйерлерін қуанышқа бөледі.

«Яблонец» бұл ойынға жан-жақты дайындалып келіпті. Әрі Сарыарқа төрінен құр қол кетпеуге тырысты. Себебі бұл ойында ұтылса, плей-офф сатысына шығу мүмкіндігі тым көмескіленіп кетер еді. Алайда, «Астана» да қарап қалмады. Матчтың басында алаң иелері өте сауатты ойнады. Көп ұзамай, гол соғып, алға да шықты.

Матчтың 18-минутында Ричард Алмейда допты ойынға бұрыштан қосқан. Бахтиер Зайнутдинов басымен «сілкіп», қақпаның екінші бұрышына қарай асырды. Қонақтардың қорғаушылары осы қарбалас сәтте Педро Энрикені тұсаулап ұстауды ұмытты. Оның тіпті теңбіл допты қақпаға аспай-саспай дәл бағыттауға да уақыты жеткілікті боды. Гол!

Бұл голдан кейін қонақтар өте мұқият ойнауға тырысты. Әрі алаңдағы ойыншылары орындарын ауыстырып, жиі шабуылдай бастады. 41-минутта тіпті таразы басын теңестіріп кетті. Оларда допты ойынға бұрыштан қосқан. Давид Лишканың басымен қақпаға бағыттаған соққысын Зайнутдинов тойтармақ болып, ышқына ұмтылған. Өкінішке қарай, доп оның басына тиіп, қақпа ішінен бір-ақ шықты.

Бірінші тайм осылай аяқталды. Ойынның екінші жартысында екі команданың да гол соғатын мүмкіншіліктері болды. Әсіресе қонақтар тамаша екі мүмкіндікті мүлт жіберді. Әрі олар гол соқпақ түгілі, қақпаға тура соққы бағыттай алмай, пұшайман болды. Қақпашымыз Ненад Эричпен бетпе-бет шыққан футболшысы да қақпадан қиыс тепті. Ал «Астананың» шабуылшысы Джуниор Кабананганың қайшылап тепкен соққысы Властимил Грубыдың оңай олжасына айналды.

Соңғы минуттарда қонақтар титықтап, шаршап қалды. Содан олар «тең ойын да жаман нәтиже емес» деп ойлады ма, тек қорғануға көшті. Ал «Астана» керісінше қарқынын үдете түсті. Себебі жанкүйерлер қиқу салып, «қамшылаумен» болды. Ел чемпионының матч соңындағы құлшыныстары мен жанкештіліктері зая кеткен жоқ. 88-минутта қорғаушы Евгений Постников Марин Томасовтың көлбеулете теуіп, аяғына салып берген добын ышқына теуіп, қақпа торында тулатты. Гол! Жеңіс!

Сөйтіп, «Астана» футболшыларға матч соңында жанкештілік танытып, жеңісті жұлып алды. Қонақтар ойынның аяғында қарқындарын бәсеңсітіп алып, алаң иелерінің қыспағына шыдай алмай, жаза басты. Ал осы топтағы екінші ойында Киевтің «Динамосы» Франция клубын 3:1 есебімен тізе бүктірді. Яғни қызықтың бәрі – әлі алда.

Еуропа лигасы. «K» тобы, төртінші тур:

«Динамо» (Киев, Украина) – «Ренн» (Франция) – 3:1

Голдар: Вербич, 13 (1:0). Миколенко, 68 (2:0). Шапаренко, 72 (3:0). Сибачо, 89 (3:1)

«Астана» (Қазақ елі) – «Яблонец» (Чехия) – 2:1

Голдар: Педро Энрике, 18 (1:0). Зайнутдинов, 41-автогол (1:1). Постников, 88 (2:1).

Ескертулер: Педро Энрике, 55. Аничич, 78 – Йовович, 28.
«Астана»: Эрич, Зайнутдинов, Аничич, Постников, Рукавина, Кляйнхайслер, Маевский, Педро Энрике (Муртазаев, 80), Томасов, Ричард Алмейда (Мұжықов, 71), Кабананга (Янга, 61).

«Яблонец»: Грубы, Ганоусек, Лишка, Говорка, Голеш, Хюбшман, Соболь (Кратохвил, 72), Йовович (Кубиста, 89), Травник, Поважанец, Долежал.
Төрешілер: Вод, Ольберт, Серт (бәрі де – Венгрия).

 

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 10 – 14

Тура соққы: 5 – 1

Қиыс кеткені: 4 – 8

Тойтарылғаны: 1 – 5

Бұрыштама соққылар: 5 – 3

Офсайдтар: 6 – 1

Доп иелену: 56% – 44%

Пастар: 438 – 309

Дәл пастар: 344 – 211

Пастар дәлдігі: 79% – 68%

Қорғаныста доп тартып алу: 42 – 27

Ескерту (сары қағаз): 2 – 1

Ереже бұзу: 20 – 6


Маруан Түсіп