"Астана" ауыр қозғалды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2121

Елордалық клуб Чемпиондар лигасының жаңа маусымдағы алғашқы ойынын өткізіп, Црна Гораның "Сутьеска" клубын әзер жеңді.

"Астана" ауыр қозғалды Фото: fcastana.kz

Футболдан ХХІ әлем чемпионаты шешуші кезеңіне жеткен шақта, UEFA-ның Еурокубок додалары басталып кетті. Чемпиондар лигасында бақ сынайтын "Астана" клубы бірінші іріктеу сатысындағы екі матчтық кездесуін өз алаңында бастаған. Өкінішке қарай, деңгейі өзінен төмендеу Црна Гора чемпионын 1:0 есебімен ғана жеңді. Оның өзінде жалқы голды пенальтиден соқты.

Жанкүйерлер "Астана" алғашқы ойында ірі есеппен жеңіске жетсе деп тілеген. Сонда бір аптадан кейін түзде өтетін қарымта матчта жеңілдеу болар еді. Матчтан бір күн бұрын Қазақ елі чемпионының бас бапкері де өз алаңымызда голды көбірек соғудың пайдасы мен маңызы зор екендігін жасырмай айтқан. Алайда жасыл алаңда бәрі де басқаша болып шықты.

"Астана" алаң иесі екендігін білдіріп, көп шабуылдады. Қарсыласына қарағанда, соққыны да үш еседен артық бағыттады. Қонақтарды қыспаққа алып, басымдық танытты-ақ. Бірақ гол соға алмай, пұшайман болды. Жоғарыда жазғанымыздай, жалғыз доп пенальтиден соғылды. Жоқтан бар жасайтын, бірлі-жарым мүмкіндіктерді мүлт жібермейтін шабуылшы жетіспеді.

Өздеріңіз білесіздер, Джуниор Кабананга кеткен. Қос қапталмен атойлап алға шабатын Патрик Твумасидің де басқа елдің командасына ойысқысы келетін сияқты. Әйтеуір, кейінгі кездері команда сапынан көрінбей кетті. "Астананың" өзге шабуылшылары тұрақты ойын үлгісін көрсете алмай жүр. Бесаспап шабуылшы керек-ақ. Әйтпесе, Чемпиондар лигасында жеңіске жету оңай болмайды.

Матч қарсаңында "Сутьесканың" бас бапкері өз клубының бюджеті "Астанамен" салыстырғанда, 30 есе кем екендігін көлденең тартқан еді. Бірақ Никола Ракоевичтің шәкірттері жасыл алаңда аянған жоқ. Жанкештілік танытып, елорда клубының шабуылдарын тойтарумен болды. Темірдей тәртіп пен сауаты тактиканы "намыс" деген ұғыммен ұштастыра білсе, қаражат пен деңгейге төтеп беруге болатындығын көрсетті.

Әрине, 1:0 есебі арқаны кеңге салатын нәтиже емес. Әйтсе де, ең бастысы жеңіс екендігін де ескеруге тиіспіз. Әрі елордалықтар өз алаңында гол жіберген жоқ. Бұл да – маңызды. Енді тек қарымта матчта қамшыны басу керек. "Сутьеска" да өз алаңында бар ойыншысымен қорғанып, өз қақпасының алдына бекініс құрып, "жатып" алмас. Гол соғуға тырысып, алға қарай ентелеуге тиіс. Сол кезде "Астанаға" жеңілдеу болады деп ойлаймыз.

Негізі, "Астана" былтыр да ауыр қозғалған. Чемпиондар лигасының іріктеу сатысындағы алғашқы қарсыласын әупіріммен жолынан тайдырған. "Спартак" (Юрмала, Латвия) клубымен кездесіп, түзде 1:0 есебімен жеңіп келгенімен, өз алаңындағы қарымта матчта 1:1 есебімен тең түскен болатын. Кім біледі, басы қатты болса, аяғы сәтті болар. "Сутьескамен" өткен бірінші ойыннан да сабақ алып, қорытынды шығарар деп ойлаймыз.

Жалпы, "Астана" UEFA Чемпиондар лигасы додасына биыл төртінші рет қатысып отыр. Әрі осы төрт жылда өз алаңында ұтылған емес. Клубтық деңгейдегі осы Еурокубок додасында 11 ойын өткізіп (өз алаңында), соның алтауында жеңіске жетті. Қалған бес ойын тең аяқталды. Қарымта матчта жеңіке жетсе, "Сутьесканы" ойсырата жеңе алмаған бірінші ойын да ұмытылады.

Айтпақшы, матчтан соң "Астананың" бас бапкері Роман Григорчук те, ойыншылары да Қаратау (яғни Црна Гора) чемпионын ірі есеппен ұта алмағандарына қапаланғандарын білдірмеуге тырысты. Сабырлық сақтап, қарымта матчта бар күш-жігерлерін салатындықтарын тілге тиек етті. Ал біз "Астана" жерге қаратпайды деп сенеміз. Бірінші ойын оларды жігерлендіре түседі деген ойдамыз.

"Астана" (Қазақстан) – "Сутьеска" (Црна Гора) – 1:0

Гол: Муртазаев, 29-пенальтиден
Ескертулер: Аничич, 12 – Мил.Вучич, 45. Булатович, 62. Цицмил, 73.
"Астана": Эрич, Шомко, Аничич, Постников, Рукавина, Кляйнхайслер, Маевский, Мұжықов (Зайнутдинов, 90+2), Муртазаев (Станоевич, 86), Томасов, Деспотович (Щеткин 73).
"Сутьеска": Гильен, Булатович, Недич, Цицмил, Мил.Вучич, Стефанович, Лончар, Цеткович (Вукович, 78), Мердович, Мар.Вучич, Кордич (Божович, 85).
Төрешілер: Карако, Ольберт, Кобор (бәрі де – Венгрия)
11 шілде. Астана. "Астана Арена" 20 500 көрермен. 

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 16 – 5
Тура соққы: 9 – 1
Қиыс кеткені: 5 – 4
Тойтарылғаны: 2 – 0
Бұрыштама соққылар: 6 – 2
Офсайдтар: 2 – 0
Ескерту (сары қағаз): 1 – 3
Ереже бұзу: 13 – 12

Сөз соңында естеріңізге сала кетейік, бұған дейін "Тобыл" Еуропа лигасының бірінші сатысындағы алғашқы ойынын өткізіп, Тбилисиде "Самтредиа" клубын 1:0 есебімен тізе бүктірген болатын. Маңызды голды ойын соңында Максим Федин салды. Ал "Қайрат" пен "Ертіс" Андорра мен Литвада бүгін ойнайды.

Маруан Түсіп 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу