"Астана" Чемпиондар лигасынан тыс қалды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2219

Қазақстанның ең үздік клубы биыл да Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өте алмады.

"Астана" Чемпиондар лигасынан тыс қалды Фото: fcastana.kz

"Астана" үшінші жыл қатарынан Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне іліге алмай, беделді Еурокубок додасынан тыс қалды. Загребте жергілікті "Динамо" клубымен кездесіп, 0:1 есебімен ұтылды. Сөйтіп, Хорватия чемпионына азуы батпай қойды. Естеріңізге сала кетейік, осыдан бір апта бұрын елорда клубы өз алаңында 0:2 есебімен есе жіберіп алған болатын.

"Астана" Загребтегі қарымта матчта есе қайтаруға тырысатынын сездіріп, алдын-ала жар салғанымен, Хорватия чемпионына шамасы жетпеді. Жалпы, "Максимир" стадионындағы ойын аса жоғары қарқында өткен жоқ. "Динамоның" жағдайы түсінікті. Қазақ даласынан келген қарсыласының аңдысын аңдаумен болды. Ал астаналықтар құйындай орап соға алмады.

"Динамо" өз қақпасына гол жіберіп алмауды көп ойлады. Басты мақсаты да сол болды. Гол соғуға асыққан жоқ. Бірлі-жарым мүмкіндік боларын білгендей. Тек сонда мүлт кетпеу керек! Негізінен, "Астананың" шабуылдарын тойтарып, қарқындарын бәсеңдетуге тырысты. Атойлап алға шапқан жоқ, артына қарайлады.

Ал "Астана" бұл ойында құрамына аздаған өзгеріс енгізді. Бірінші ойында жарақаттанып қалған орталық қорғаушысы Марин Аничичтің орнына Сергей Малый шықты. "Астана-Аренада" гол соға алмаған шабуылшысы, атап айтқанда, Джуниор Кабананга матчты қосалқы құрам орындығынан бастады. Сонымен қатар, бапкерлер алқасы Серікжан Мұжықовтың орнына Әзербайжаннан келген Алмейданы шығарды.

Осы ретте бір көңіл аударарлығы, жасыл алаңға негізгі құрамда бір ғана Қазақстан футболшысы шықты. Ол – қорғаушы Дмитрий Шомко. Сонымен қатар, Қазақстан азаматтығын алған, еліміздің ұлттық құрамасы сапында өнер көрсетіп жүрген Ненад Эрич, Сергей Малый және Евгений Постников сынды ойыншылар да бірінші минуттан бастап ойнады. Қалғандары легионерлер еді.

"Астана" қанша тырысқанымен, Загребте де "Динамоның" қақпасын доп сала алмады. Екі ойында да Даниел Загорац қорғаған қақпаның "кілтін" таба алмай, пұшайман болды. Хорват голкипері өз жерінде де қас шеберлік танытып, астаналықтардың бірнеше қауіпті соққыларын тойтарды. Қорғаушылары да өте мұқият ойнап, елорда клубының шабуылшыларын "тұсаулап" ұстады. Өрескел қателіктер жіберген жоқ.

Ал "Астана" қорғаушылары екінші таймның 74-минутында жаза басып, бойы өздерінен аласа (175 см) Марио Гаврановичтің баспен гол соғуына мүмкіндік беріп қойды. Ол әуелеп ұшқан допты бірден қақпаға бағыттамай, жерге соғып, қақпашымызды да қапы қалдырды. Эрич ышқына секірсе де, допқа жете алмай, сан соғып қалды...

Сөйтіп, "Астана" үшінші жыл қатарынан Чемпиондар лигасының топтық кезеңінен тыс қалып отыр. 2015/2016 жылдар маусымында UEFA-ның мәртебесі асқақ аталмыш лигасында ойнағаны биыл да арман болып қалды. Енді Еуропа лигасының топтық кезеңінде бақ сынау құқығынан айырылып қалмауға тырысады.

Еуропа лигасының плей-офф сатысындағы қарсыласы бейсенбіден жұмаға ауған түні анықталады. АПОЭЛ және "Хапоэль (Беэр-Шева) клубтарының бірімен кездеседі. Бұл екі команда арасындағы, Израильде өткен ойын тең аяқталған (2:2). Яғни Никосияда Кипр клубының мүмкіндігі жоғарылау сияқты. Өз алаңында жеңіске жетуі де мүмкін. Әйтсе де, әліптің артын бағайық.

"Динамо" (Загреб, Хорватия) – "Астана" (Қазақстан) – 1:0

Гол: Гавринович 74 (1:0)
Ескертулер: Постников, 44. Малый, 55.
"Динамо" (Загреб): Загорац, Леовац, Дилавер, Теофиль-Катрен, Стоянович, Адеми, Оршич (Перич, 83), Ольмо, Гояк (Шуньич, 70), Хайрович, Будимир (Гавранович, 56).
"Астана": Эрич, Шомко, Малый, Постников, Рукавина, Кляйнхайслер (Щеткин, 78), Маевский, Педро Энрике, Томасов, Алмейда (Мұжықов, 78), Янга (Кабананга, 78).
Төрешілер: Мажейка, Шимкус, Казлаускас (бәрі де – Литва).

 

Бірінші ойын – 2:0

Ойынның қысқаша статистикасы:
Соққы: 11 – 10
Тура соққы: 2 – 3
Қиыс кеткені: 7 – 6
Тойтарылғаны: 2 – 1
Бұрыштама соққылар: 7 – 5
Офсайдтар: 1 – 2
Ескерту (сары қағаз): 0 – 2
Ереже бұзу: 16 – 13    

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу