"Астана Арландары" жартылай финалға қалай шықты

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2901

Бүкіләлемдік бокс сериясының жартылай финалында Қазақстан қырандары Ұлыбритания ұландарымен кездесетін болды.

"Астана Арландары" жартылай финалға қалай шықты

"Астана Арландары" WSB жобасының сегізінші маусымында "С" тобында өнер көрсетті. Қарсыластары "Indian Tigers" (Үндістан), "China Dragons" (Қытай) және "Patriot Boxing Team" (Ресей) клубтары болды. Нұрлан Ақүрпеков жаттықтыратын күрзі жұдырықты жігіттеріміз бұл квартетте топ жарып, бірінші орынға ие болды.

Қазақ елі клубы "С" тобында екі айналымдық жүйе бойынша алты кездесу өткізіп, бесеуінде жеңіске жетіп, біреуінде ұтылып қалды. Негізі, ұтылған жоқ еді. Алайда 11 наурыз күні күні Ресейдің Петербор қаласында өткен кездесуде, шаршы алаң иелері қалай да, ірі есеппен жеңіске жету үшін қолдарынан келгенін жасап, қоныштарынан басты.

Қайсыбір жекпе-жектерде, әсіресе жеңіл салмақтардағы тартысты айқастарда төрешілер әділеттік танытпады. Жеңісті ресейлік "Patriot Boxing Team" боксшыларына берді. Ал ең ауыр салмақтағы Нұрсұлтан Аманжолов пен Шигабутдин Алиев арасындағы жекпе-жектің нәтижесіне ресейлік мамандардың өздері таң қалып, күмән келтірді.

Рас, Аманжолов бірінші раундта ауыр соққы өткізіп алып, есеңгіреп қала жаздады. Есесіне, содан кейін басымдық танытып, қарсыласын екі рет нокдаунға түсірді. Біреуінде тіпті сұлатып салған, алайда рингтегі төреші Шигабутдин Алиевтің есін жинап алуына мүмкіндік беріп, уақыт созумен болды. Ал қапталдағы қазылар жеңісті шаршы алаң иесіне берді. Содан бұл жекпе-жек әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, жекпе-жек нәтижесін сан-саққа жүгіртіп, келемеждеушілер көп болды.

"Patriot Boxing Team" сол кездесуде 5:0 есебімен "жеңіске" жетіп, "Астана Арландарының" алдын орап кетуге тырысқандарымен, олардың бұл әрекеттерінен ештеңе шықпады. Ресей клубы соңғы кездесуін Үндістанда өткізіп, "Indian Tigers" боксшыларынан 2:3 есебімен ұтылып қалды. Бәрібір әділеттік орнап, "С" тобында"Астана Арландары" үздік шықты.

Енді, Нұрлан Ақүрпеков жаттықтыратын қайыс қолғапты қырандарымыз "В" тобында бірінші орынға ие болған "British Lionhearts" (Ұлыбритания) клубымен кездеседі. Бірінші кездесу 17 мамыр күні Англияның Шеффилд қаласында өтеді (С1). Ал қарымта матч 26 мамырда Атыраудағы "Жайық" спорт кешенінде ұйымдастырылады (С2).

Екінші жартылай финалдық жұпта "А" тобында топ жарған "Cuba Domadores" (Куба) боксшылары мен екінші орын алған командалардың ішіндегі үздігі (төмендегі кестені қараңыз) "France Fighting Roosters" (Франция) командасы кездеседі.

Егер жартылай финалдық немесе финалдық кездесу 5:5 есебімен тең аяқталса, онда шешуші жекпе-жек өткізіледі. Жартылай финалда қосымша (шешуші) жекпе-жек 69 келі, финалда 64 келі салмақ дәрежесі бойынша өткізілетін болып бекітіліпті.

"Астана Арландарының" сегізінші маусымдағы кездесулері:

10.02.2018: "Astana Arlans" – "Indian Tigers" – 4:1

24.02.2018: "Astana Arlans"– "Patriot Boxing Team"– 5:0

11.03.2018:"Patriot Boxing Team" – "Astana Arlans"– 5:0

24.03.2018:"Indian Tigers"– "Astana Arlans" – 2:3

06.04.2018: "China Dragons"– "Astana Arlans"– 0:5

14.04.2018: "Astana Arlans"– "China Dragons"– 5:0

Қорытынды кестелер:

"А" тобы

"В" тобы

 

"С" тобы

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу