«Astana Arlans» таратылады

Дүниежүзілік бокс сериясының (WSB) үш дүркін чемпионы 2019 жылдан бастап жұмысын тоқтатады.

04 Желтоқсан 2018 18:23 Автор: Фархат Әміренов
«Astana Arlans» таратылады, бокс, Astana Arlans, Мырзағали Айтжанов, AIBA
Фото: kfb.kz

Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының жыл қорытындысына арналған конференцияда ұйымның вице-президенті Данияр Әбілғазин мәлім етті.

«Президентіміз осындай шешім қабылдады. Біз жобадан шығамыз. Келер жылғы маусымға қатыспаймыз. Ал команда таратылады», – деген Данияр Әбілғазин бұл мәселенің талқыланбайтынын да еске салды.

«Astana Arlans» кәсіпқой бокс клубының бас менеджері Бақтияр Артаев команданың таратылуын AIBA-ның қазіргі жағдайымен байланыстырды.

«Дүниежүзілік бокс сериясы – AIBA-ның жобасы. Әр нәрсенің өз уақыты болады. Бұл жоба да тартымдылығын жоғалтты. Одан бөлек, AIBA-да не болып жатқанын спортсүйер қауым жақсы біледі. Боксты Олимпиада ойындарынан алып тастау мәселесі көтерілуде. Тіпті, AIBA-ның өзі бола ма, болмай да деген сұрақ өзекті боп тұр. Бокстың болашағы бұлыңғыр тартқан шақта «Astana Arlans» клубын тарату туралы шешім қабылданды. Бірден айтайын, клубтың таратылуы қаржылық мәселелерге байланысты емес», – деді Бақтияр Артаев.

Олимпиада чемпионының сөзінше, AIBA тарапынан Қазақстан боксына қысым көрсетілген. Біздің спортшылардың биыл халықаралық жарыстарда жарқылдай алмауының бірден-бір себебі осында жатыр.

«AIBA тарапынан ақылға сыймайтын әрекеттер жасалды. Олар біздің төрешілерді Азия ойындарына қатыстырған жоқ. Мұны ашық айтуымыз керек. Осыған байланысты Серік Қонақбаев AIBA төрағалығына өз кандидатурасын ұсынды. Өкінішке қарай, сайлауда жеңіліп қалды. Ал Қазақстан құрамасының Азиадада екі күміс медальмен ғана шектелуі ұнжырғамызды түсіргені анық. Ел боксының тарихында мұндай сәтсіздік болған емес. Айтып өткенімдей, бұл сәтсіздіктің бәрі AIBA-мен байланысты», – деді Бақтияр Артаев.

Еске сала кетейік, «Astana Arlans» бокс клубы – Дүниежүзілік бокс сериясының үш дүркін чемпионы. Клуб 2012/13, 2014/15 және 2017 жылдардағы маусымда жеңімпаз атанған болатын.

Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Данияр Әбілғазиннің айтуынша, боксшылардың биылғы нәтижесі көңіл көншітпейді.

«Өкінішке қарай, боксшылар биыл өте нашар өнер көрсетті. Ел құрамасы 1994 жылдан бері алғаш рет Азия ойындарынан алтын жүлдесіз қайтты. Бұл боксшылардың тынғылықты дайындалмағанын көрсетеді. Азия аймағындағы бәсекелестіктің күшеюі біздің боксшылар мен бапкерлерді ойлантуға тиіс. Сондықтан жаттығу жұмыстарына деген көзқарасты өзгерту керек. Алда Токио Олимпиадасы күтіп тұр. Жақсы нәтиже көрсетуге тиіспіз. Әйелдер құрамасы биылғы әлем чемпионатынан бір күміс және бір қола медаль олжалады. Келесі чемпионатқа дейін дайындықты күшейту керек», – деді Данияр Әбілғазин.

Бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов 2018 жыл қиын болғанын атап өтті.

«Біз алға қойылған мақсаттарға қол жеткізе алмадық. Жігіттер барын салды. Басқа да қиындықтар болды. Кінәліні іздеудің қажеті жоқ. Қарсыластан бір емес, екі саты жоғары болуға тиіспіз. Федерация мен министрлік тарапынан қолдау көрсетілді. Алғысымыз шексіз. Бірақ, мақсат орындалған жоқ. Сол үшін жанкүйер қауымнан және басшылықтан кешірім сұраймыз», – деді Мырзағали Айтжанов.

Бас бапкер келер жылы АҚШ және Ұлыбритания құрамаларымен бірге бірлескен оқу-жаттығу жиындары өтетінін еске салды. Жалпы, 2019 жылы құрама үш оқу-жаттығу жиынын өткізуді жоспарлап отыр.

«Басты мақсат – Олимпиада ойындарына барынша көп лицензия ұтып алу. Яғни, кем дегенде 4-5 лицензия иеленуіміз керек. Ал әлем біріншілігінде 8 салмақ дәрежесі бойынша сынға түссек, 2 алтын медаль, 10 салмақ бойынша өнер көрсетсек 3 алтын медаль еншілеуді жоспарлап отырмыз», – деді ұлттық құраманың бас бапкері.

Сондай-ақ жиында Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Юрий Цхай бокс бапкерлерін даярлайтын мектеп ашу туралы бастама көтерді. Бұл мәселе алдағы екі айдың ішінде оң шешіледі деген сенім бар.

Фархат Әміренов