"Bank RBK" АҚ-ның бұрынғы атқарушы директоры тұтқындалды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
3394

Асылбек Игілманның қолына кісен салынды.

"Bank RBK" АҚ-ның бұрынғы атқарушы директоры тұтқындалды

Бас прокуратура сот санкциясымен "Bank RBK" АҚ-ның бұрынғы атқарушы директоры Асылбек Игілманның бостандығын шектеді.

Бас прокуратураның баспасөз хатшысы Оксана Лоскутованың хабарлауынша, Асылбек Игілман заңсыз несие рәсімдеу арқылы қаржы институтының 850 млн теңгесін қолды қылған деген күдікке ілініп отыр.

 "Ол  "Bank RBK" АҚ директорлар кеңесі өкілінің бұрынғы кеңесшісі Жомарт Ертаевпен сөз байласқан болуы мүмкін",  – деді бас прокуратураның баспасөз хатшысы. 

Атқарушы директор заңға қайшы әрекетін осыдан 5 жыл бұрын жүзеге асырған. Ол банктен "ұрлап алған" ақшаның 562 млн теңгесін топ-менеджерлер мен банк қызметкерлеріне бонус түрінде бөліп берген. Қалған 288 млн теңгеге Алматы қаласының қымбат ауданынан өзіне зәулім котедж салған.

"Оның үйі тұтқындалды. Бұған дейін "Bank RBK" АҚ-ның Данияр Туғанбай, Данияр Едігенев, Руслан Батырбаев және Бақыт Ибрагим сынды топ-менеджерлері ұсталған. Олар өз айыптарын мойындап, келтірілген залалды өтеп жатыр", – деді Оксана Лоскутова.

Естеріңізге сала кетейік, "Bank RBK" АҚ-дағы қаржылық былық директорлар кеңесі төрағасының бұрынғы кеңесшісі Жомарт Ертаевтан басталған. Ол жалған жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді несиелендіру арқылы 80 млн АҚШ долларын жымқырған.

Бұдан кейін "Bank RBK" - да 600 млрд теңге көлемінде проблемалық актив пайда болды. Ұлттық банк "Bank RBK"-ны сауықтыру жөнінде шешім қабылдап, оның өтімділік көрсеткішін қолдау үшін 160 млрд теңге қарыз берді. Алайда банктің жағдайы жақсарған жоқ. Қаржы институты жеке және корпоративті клиенттеріне кедергі келтіріп, банк кассасы мен банкоматтан ақша алу операцияларына шектеу қойды. Бұдан кейін депозиттен ақша беруді доғарды. Іс насырға шапқан соң Ұлттық банк "Bank RBK" - ге жазбаша ұйғарым түрінде ықпал ету арқылы шектеу шарасын қолданды.

Айтып айтпай не керек, "Bank RBK"-ның айналасындағы дау ақыр аяғында президентке жетті.

"Нұр Отан" партиясы саяси кеңесінің отырысында "Қазақстан ұлттық тұтынушылар лигасының" басқарма төрағасы Светлана Романовская президентке "Bank RBK"-нің айналасындағы заңсыздықтарды бүкпесіз баяндады.

"Bank RBK" салымшыларына көмектесуіңізді сұраймын", – деді ол.

Елбасы бұл проблемадан хабардар екенін айтты.

"Мен бұл проблеманы жақсы білемін. Онда не болып жатқанынан хабардармын. Бұл акционерлердің ұрлығы ғой. Біз бәрінің есін жиғызамыз. Ұрылар өздеріне тиісті жерде отырады. Оларға ақшаны қайтартқызамыз, акционерлер, әсіресе жеке тұлғалар қаржыларын алады", – деп қорытқан болатын сөзін мемлекет басшысы.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу