«Барыс» әлі бабында емес

Құрлықтық хоккей лигасында ойнайтын қазақтың жалғыз клубы биылғы маусымда бірде ұтып, бірде ұтылып, жеңісін жеңіліспен сабақтап жүр.

19 Қыркүйек 2018 09:23 Автор: Маруан Түсіп
«Барыс» әлі бабында емес , Құрлықтық хоккей лигасы, хоккей, «Барыс» хоккей командасы, шабуылшы Әлихан Әсетов
Фото: hcbarys.kz

«Барыс» биылғы маусымды ірі жеңіспен бастады. Түзде бұрынғы өзінің бапкері Андрей Назаров жаттықтыратын «Нефтехимик» клубын 6:1 есебімен тас-талқан қылды. Алайда келесі матчта Татарстанның екінші клубына есе жіберіп алды. Атап айтқанда, «Ак-Барс» хоккейшілерінен 3:4 есебімен ұтылып қалды. Іле-шала Нижний Новгородта жергілікті «Торпедо» клубымен кездесіп, 5:6 есебімен овертаймда жеңіліске ұшырады.

Бұдан кейін осы үш команданы Астанада қабылдады. Әуелі «Нефтехимикпен» кездесіп, 4:5 есебімен овертаймда ұтылды. Алайда бұдан кейін «Торпедодан» есесін қайтарды. Есеп – 4:1. «Ак-Барспен» өткен тартысты ойында жанкештілік танытты. Ұтылып жатып, есепті теңестіріп, тіпті 4:3 есебімен буллитте жеңіске жетті. Есе қайтты.

Кеше түнде Омбының «Аванградын» қабылдап, тағы да қайсарлық көрсетті. Матч басталған бетте қонақтарын тоқтата алмай әбігерге түсті. Әйтсе де, үш шайба айырмасымен ұтылып жатып, таразы басын теңестірді. Алайда буллитте қонақтардың бағы жанды. Есеп – 3:4. «Авангард» жеңіске жетті. «Барысқа» бұйырғаны бір ұпай болды.

Жалпы, осы матчтарда байқағанымыз, «Барыстың» бұрынғыдай шабуылы – жойқын. Жеті ойында 29 гол соқты. Ал қорғанысы сол бұрынғысынша сыр беріп жүр. Жоғарыда аталған жеті матчта 24 шайба жіберіп алды. Аз емес, әрине. Қорғанысының «топсасы» босап кетіп жүр. Бас бапкері Андрей Скабелканы ойлантатын да осы сияқты.

«Барыс» қазір жеті ойыннан 9 ұпай еншілеп, Құрлықтық хоккей лигасының «Шығыс» дивизионында 6- орынды иеленіп тұр. Бір ескерте кетерлігі, биыл ҚХЛ ұпай беру жүйесіне өзгеріс енгізген. Бұрынғыдай ойынның негізгі уақытындағы жеңіске үш ұпай берілмейді. Жеңістің үш түріне де (негізгі уақыттағы, овертаймдағы және буллиттегі) екі ұпайдан беріледі. Овертайм мен буллитте ұтылғандарға бір ұпайдан тиеді. Матчтың негізгі уақытында ұтылғандарға, сол бұрынғысынша, соқыр ұпай да бұйырмайды.

Биыл да «Барыс» сапында бір ғана қазақ жігіті ойнап жүр. Ол – шабуылшы Әлихан Әсетов. Әзірше екі гол соғып, әлеуеті зор екенін көрсетті. Бірақ бапкерлер құрамы кешегі матчта мұзайдынға шығарған жоқ. Оның алдындағы ойында кішігірім жарақат алып қалған. Толықтай айығып кетуі ойластырылған секілді.

«Барыс» енді ұзақ жолға шығады. Уфа, Мәскеу, Чехов және Рига қалаларына барып, «Салават Юлаев» (22 қыркүйек), «Динмамо» М (24 қыркүйек), «Витязь» (26 қыркүйек) және «Динмамо» Р (29 қыркүйек) клубтарымен кездеседі. Осы ойындарда команданың нақты деңгейін көруіміз ықтимал.

Маруан Түсіп