"Барыс" бұлқынып, "Трактор" тізгіндеп, мұзайдын додасы қызды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2032

ҚХЛ плей-офф додасында "Барыс" пен "Трактор" арасындағы ойындар шектен тыс шиеленісті өтіп жатыр. Бәсеке көрігі мейлінше қызды.

"Барыс" бұлқынып, "Трактор" тізгіндеп, мұзайдын додасы қызды Фото: hcbarys.kz

"Батыста" үздіктер басымдық танытты

Шайбалы хоккейден құрлықтық хоккей лигасында плей-офф додасының басталғанына бір аптадан асты (сегіз күн болды). Осы уақыт ішінде "Батыс" конференциясында екі клуб келесі кезеңге шығып үлгерді. Ресейдің ЦСКА және СКА клубтары қарсыластарын төрт рет қатарынан ұтты.

Қалған екі жұпта жалпы есеп – 3:1. Бұл жұптардағы жеңімпаз бүгін кешке анықталып қалуы керек. Екеуінде болмаса да, біреуінде төртінші рет жеңіске жеткен команда келесі кезеңге шығып, қуанышқа кенеліп жатса, таң қалмаймыз.

"Шығыстағы" шиеленісті ойындар

Ал "Шығыс" конференциясындағы төрт жұпта да мұзайдын додасы қызып тұр. Екі жұпта таразы басы тең. Қалған екеуінде де азулы командалар үстемдік танытып жатыр деп айта алмаймыз.

Мәселен осы конференцияда бірінші орын алған "Металлург" (Магнитогорск) клубы плей-оффқа сегізінші орынмен шыққан Қытайдың "Куньлунь Ред Стар" командасын "Батыстың" көшбасшылары сияқты төрт рет қатарынан жеңе алмады.

"Барыс" – "Трактор": 11-секундтағы нокдаун

Қазақтың "Барысы" "Шығыс" конференциясының ширек финалында Челябінің "Трактор" клубымен додаға түсіп жатыр. Екеуінің бір-бірімен деңгейлес екеніне мұзайдындағы додалар да куә. Бұл жұптағы ойындар шектен тыс тартысты өтіп, көрермендер көңілінен шықты.

Бірінші және екінші матчтар 22 және 24 ақпан күндері Челябіде өтті. Алғашқы ойында "Трактордың" мақтаулы қорғанысы сыр беріп, өз қақпасының маңында бірнеше рет қателесті. "Барыстың" бесаспап шабуылшылары мұндайды мүлт жіберсін бе?!

Бірінші гол матчтың 11-секундында соғылды! Керемет! Бокс тілімен айтқанда, бұл – нокдаун. "Трактор" тыпырлап, қақпашысы күйзеліп, қорғаушылары тайсақтап, білгенінен жаңыла бастады. Содан өздеріне келе алмай қойды.

Айдын иелері 11-секундтағы психологиялық соққыдан арылғанша, "Барыс" тағы төрт гол соғып үлгерді. Екінші таймның басында есеп 5:0 болды. Төртінші голдан кейін "Трактор" қақпашысын ауыстырды. Біздің ойымызша, кеш қалды. Екінші шайба соғылғанда-ақ ауыстыруы керек еді.

Рас, бесінші голдан кейін "Барыс" та күш-жігерін сарқа жұмсамауды ойлағандай. Тіпті ашулы айдын иелерімен ерегесіп, жарақат алып қалмау жағын да ескерді. "Трактор" намысқа тырысып, ойын аяғына дейін екі гол соқты. Сөйтіп шайба айырмасын қысқартты. Есеп – 2:5.

"Трактор" жалпы есепте таразы басын теңестірді

Екінші матчта "Трактор" қарқынын үдетті. Өз айдынында екінші рет ұтылса, жағдайды тығырыққы тіреп алатынын білді. Одан кейін Астанада екі рет ұтып, есе қайтару өте қиын. Ол тіпті мүмкін емес те еді. Сондықтан Челябі хоккейшілері қамшыны басты.

Бұл матчта нағыз кескілескен дода болды. Екі команда да тартынған жоқ. Бірін-бірі итеріп жіберу, мұзайдын жақтауына аямай қысып қалу, қолдарындағы таяқтарымен нұқып өту, төрешіге білдірмей түйіп қалу, бәрін-бәрін көрдік.

Төрешілер бәрібір мұндай сәттерді қалт жібермеуге тырысты. Екі команда сапында да хоккейшілердің алаңнан қуылуы аз болған жоқ. "Барыс" ойыншылары 11 рет, ал "Трактор" хоккейшілері сегіз рет ойыннан аластатылды.

Жалпы "Трактор" осы ойында қорғанысының топсасы берік екенін көрсете білді. Чехия қақпашысы Павел Францоуз да бар өнерін салды, бірінші матчта жіберген есесін қайтаруға тырысты. Челябі клубы есе қайтарды – 5:1.

Астанада "Барыс" тағы алға шықты

Астанада өткен үшінші ойында "Барыс" бұлқынып, тағы алға шықты. Есепті бірінші кезеңде артық құрамда ойнаған қонақтар ашты. Екінші жиырма минуттықта Қазақстан клубы да артық құрамда гол соға білетінін көрсетіп, таразы басын теңестірді.

Үшінші кезең басталған бетте "Барыс" тағы "Тракторды" қапы қалдырды. Содан ойын қызды. Матчтың аяқталуына екі минут қалғанда қонақтар қақпашының орнына алтыншы хоккейшісін шығарып, есепті теңестіруге тырысты.

Бірақ айдын иелерін қыспаққа аламыз деп, шайбадан айырылып қалды. "Барыс" хоккейшісі алыстан қарауылсыз қалған қақпаны дәл көздеп, үшінші шайбаны соқты. Осылай "Трактордың" салы суға кетті. Есеп – 3:1.

"Трактор" "Барысты" ұзатар емес

Кеше кешкісін төртінші ойын өтті. Бұл кездесу де аса шиеленісті болды. Екі команда бірін-бірі әбден біліп алған. Қателесуге болмайды. Қорғаныста мұқият ойнау маңызды. Міне, осыдан кейін гол соғудың өзі мұң бола бастады.

Бірінші кезеңде гол соғылған жоқ. Екіншісінде "Трактор" шабуылшылары "Барыстың" қақпашысын сан соқтырып кетті. Қонақтардың небір шабуылы мен өте қауіпті соққыларын тойтарған Хенрик Карлссон шайбадан көз жазып қалды.

Үшінші кезеңде "Трактордың" тәжірибелі қорғаушысы Кирилл Кольцов жаза басып, екі рет қатарынан ойын ережесін бұзды. Төреші де аямады. Оны екі минутқа айдыннан қуып, "Барыстың" буллит орындауына мүмкіндік берді.

Екі гол соғуға болады. Бірақ "Барыс" бір гол ғана соқты. Найджел Доус буллитте Павел Францоуздан айласын асыра алмады. Ал артық құрамда айдын иелері гол соғып, есепті теңестірді.

Матчтың негізгі уақыты осылай тең аяқталып, жеңімпаз овертаймда анықталды. "Барыс" тағы да жеңіске жетуге болатын мүмкіндікті пайдалана алмады. Овертайм басталған бетте екі минут артық құрамда ойнаса да, жеңіс голын соға алмады.

Ал "Трактор" овертаймдағы қарсы шабуылдарының бірін нәтижелі аяқтай білді. Жылдам шабуыл ұйымдастырып, "Барыстың" қақпашысын екінші рет қапы қалдырды. Есеп – 1:2. Жалпы есепте таразы басы екінші рет теңесті.

"Барыс" азуын батыра ма, "Трактор" "шынжыр табанына" сала ма?

Қазір жалпы есеп – 2:2. "Шығыс" конференциясының жартылай финалына шығу үшін екі жеңіс керек. Енді "түзде-үйде" жүйесі бір ойыннан жалғасады. Яғни бесінші матч – Челябіде, алтыншысы – Астанада. Қажет болса, соңғы шешуші матч "Барыс" үшін түзде өтеді.

"Барыстың" капитаны Брэндон Боченски әлі қатарға қосылған жоқ. ҚХЛ біріншілігінің соңғы матчтарының бірінде, 17 ақпан күні жарақат алып қалған. "Металлург" (Новокузнецк) клубының қорғаушысы, бұрынғы Қазақстан құрамасының ойыншысы Алексей Васильченок "күш-айла" қолданып, оңбай құлаған-ды.

"Боченски медициналық тексеруден өтуге АҚШ-қа кетіп қалды" деген суыт хабар тез тарап кеткен. Бірақ "Барыстың" бас бапкері Эдуард Занковец бұл ақпаратты растамады. "Ол бізбен бірге" дейді, қабағын түйіп.

Әрине, Боченски болса, "Барыстың" қарқыны бұдан да жоғары, шабуылы бұдан қатерлі болар еді. Десек те, қалған жігіттері де аянып жатқан жоқ. Азулы қарсыласымен табан тіресе "шайқасып" жатыр. Әйтсе де, бір-бірімен деңгейлес командалар арасындағы тартысты додада негізгі құрамдағы әрбір ойыншының маңызы зор.

Жалпы, екеуінің де қақпашылары хас шеберлік танытып, командаларын жігерлендіріп келеді. Шабуылшыларға гол соғу мүлде қиындап кетті. Сондықтан екі команда үшін де дәл қазіргі басты мәселе – ойын ережесін бұзбауға, айдыннан қуылмауға тырысу. Өйткені кем құрамда ойнау – қатерге бас тігумен бірдей.

Сонымен, ертең – бесінші ойын. "Барыс" азуын батыра ма, "Трактор" "шынжыр табанына" сала ма, оны ойын көрсетеді. Екі команда арасындағы ойындар, екі елдің көрермендерінің дегбірін алып барады. Қайсысы жеңер екен, ә?..

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу