«Бас дәрігерлерді ақша санауға үйрету керек»

Тимур Құлыбаев МӘМС жүйесіне қатысты сын айтты.

07 Маусым 2018 16:32 Автор: Фархат Әміренов
«Бас дәрігерлерді ақша санауға үйрету керек», МӘМС, «Атамекен» ҰКП, Тимур Құлыбаев, мәжіліс, зейнетақы жарнасы
Фото: atameken.kz

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевтың сөзінше, елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін енгізу шарасы асығыс түрде жүргізілді. Сондықтан, бұл жүйе қоғамда айтарлықтай әлеуметтік дүмпу тудыруы мүмкін.

«Біз елімізде қанша адамның зейнетақы жарнасын төлейтіндігіне назар аудардық. Яғни, Қазақстандағы жұмысқа қабілетті 9 миллион адамның шамамен 5,6 миллионы жылына бір мәрте болсын жарна аударады екен. Ал жарнаны 12 ай бойы үзбей төлейтіндердің саны 1,4 миллион адам ғана. Олар – заң аясында таза жұмыс істеп отырған адамдар. Яғни, олар жыл-он екі ай бойы жалақы алып, зейнетақы жарнасын аударып отыр. Ал біз оларға тағы да салмақ салмақпыз», – деді Тимур Құлыбаев мәжіліс депутаттарымен болған кездесуде.

Төралқа төрағасының пікірінше, МӘМС жарнасын да тек осы 1,4 миллион адам ғана төлейтін болады. Ал жарнаны төлеуге мүмкіндігі жоқтар заңсыз жұмыс істейтін болады. Осы орайда, Тимур Құлыбаев алдағы уақытта аталған мәселе бойынша денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановпен кездесіп, ведомстваның дайындығын пысықтайтынын мәлімдеді.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының шамамен 44%-дық жүктемесі жоғарыда атаған 1,4 миллион адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорындарға түспек. Бұл айтарлықтай көп және бәсекеге қабілетті емес. Сондықтан адамдар «көлеңкеге» еніп, заңсыз қадамдар жасауға баратын болады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты мәселе әлі толық шешімін таппауының бір себебі сол. Меніңше, денсаулық сақтау министрлігі бұған әлі дайын емес. Ал ең үлкен мәселе медициналық мекемелерде ақша санай алатын менеджерлердің жоқтығы болмақ. Өйткені,  бас дәрігер мен менеджер екі түрлі саланың адамдары. Демек, олардың бірін не ақша санауға, не адам емдеуге үйрету керек болады. Медициналық мекемелерді бас дәрігер басқарады. Ендеше міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі нәтижелі болсын десек, бас дәрігерлерді ақша санауға үйрету керек», – деді Тимур Құлыбаев.

Сондай-ақ, «Атамекен» ұлттық палатасының төралқа төрағасы МӘМС қатысушыларына ақысыз көрсетілетін көмек минималды көлемінің өзі түсініксіз екенін алға тартты. Сондықтан ол міндетті төлемдердің орнына, ерікті түрде жарна төлеу жүйесін енгізуді ұсынды. Бұл қадам әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қызығушылық танытқандардың нақты үлесін айқындап бермек.

«Мәселен, жарна төлеп отырған адамға минималды түрде медициналық көмек көрсеттік делік. Ал егер оның ауруы әбден асқынған болса ше?! Не істей аламыз? Ал мұндай жағдай міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қарастырылмаған. Сондықтан, бұл жүйе қоғамда айтарлықтай әлеуметтік дүмпу тудыруы мүмкін. Алдымен жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ең төмен деңгейдегі жарнаны төлеуге тиіс. Жоқ дегенде осыған қол жеткізіп алу керек», – деді Тимур Құлыбаев.

Төралқа төрағасы үкіметте болған кездесуде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізбес бұрын денсаулық сақтау министрлігінің шығындарына талдау жүргізу керектігін ұсынғанын айтты. Оның айтуынша, министрліктің шығынын оңтайландыру арқылы қажетті резервті де табуға болады.

«Дәрі-дәрмектерді сатып алумен айналысатын компанияның басшылық құрамының екі-үш өкілі істі болып, сотталды. Сөйте тұра, дәрі-дәрмектерді сатып алу мәселесі шешімін тапқан жоқ. Бұл процестің тиімділігі де артпады. Сондықтан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қажетті ақшаны министрліктің шығынын оңтайландыру арқылы да шығарып алуға болады. МӘМС – сақтандыру жүйесі емес. Ол денсаулық сақтау министрлігін қаржыландырудың қосымша көзі ғана», – деді ұлттық палатаның төралқа төрағасы.

Тимур Құлыбаевтың сөзінше, шешімін таппаған басқа да мәселелер баршылық. Ол үшін бизнес пен билік бірлесе отырып әрекет етуі керек.

«Нақтырақ айтсақ, сот жүйесін жетілдіру қажет. Заңның үстемдігі әділ соттардан басталады. Сонда ғана адамдарда қазіргідей құқықтық нигилизм болмайды. Адал жұмыс істеуге де жол ашылады. Тек сонда ғана олардан салық төлеуді талап ете аламыз. Жалпы, бұл елдегі кәсіпкерлікті дамытудағы маңызды бағыттардың бірі», – деді Тимур Құлыбаев.

Еске сала кетейік, бүгін «Атамекен» ҰКП өкілдері мәжіліс депутаттары алдында палатаның 5 жылда атқарған жұмыстары туралы баяндап, алдағы жоба-жоспарларымен бөлісті.

Фархат Әміренов