"Баспадан" шыққан баспана

7291

Голландия әлемде бірінші болып адам тұратын үйлерді 3D принтермен салуға кірісті.

"Баспадан" шыққан баспана

Елде тас қалаушы тапшы
Девелоперлердің сөзінше, мұндай үйлерді салуға шығын аз кетеді. Және де олардан экологияға зиян жоқ. Сонымен қатар, бұл технология Голландияда кірпіш қалаушылар тапшылығын жояды деген үміт бар.

Британияның "Гардиан" газетінің хабарлауынша, әлемде тұруға болатын 3D принтермен құйылатын алғашқы үйлер Нидерландтың Эйндховен қаласында бой көтереді. Жоба жақтастарының пікірінше, бұл инновация құрылыс индустриясында үлкен төңкеріс жасайын деп отыр.

Принтерден шыққан бірінші бес үй келесі жылы жалға беріледі. Үш қабатты әрі үш жатын бөлмесі бар шағын баспанаға сұраныс қазірдің өзінде бар. Оның суреті жарияланғаннан кейін небары бір апта өткенде 20 шақты отбасыдан өтініш түскен.

Van Wijnen құрылыс компаниясының мәлімдеуінше, елде тәжірибелі тас қалаушылар аз болғандықтан, принтерге жүгінуге тура келіп отыр. Сонымен қатар, мұндай тәсілмен тұрғызылған үйге цемент көп кетпейді.

3D принтердің үлкен робот қолы бар. Соған бекітілген алып шприц цемент қоспасын сәулетшінің жобасы бойынша жасалған қалыпқа қабат-қабат қылып құйып, үй қабырғасын көтереді.

"Қабырға тұрғызу үшін бізге бұрынғыдай үлкен форма қажет емес. Демек, цементті көп шығындамаймыз", – дейді жаңа жоба үшін Эйндховен технология университетімен ынтымақтастық орнатқан құрылыс маманы Ван Гурп.

Принтерден шыққан үй "ақылды" болады
Оның сөзінше, үйлердің әзірге сыртқы және ішкі қабырғалары ғана принтермен құйылады. Бірақ, алдағы уақытта кәріз құбырлары мен өзге де заттарды да жаңа технологиямен жасау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 3D принтер сымсыз сенсорларды қабырғаның ішіне орнатуға мүмкіндік беріп, үйді толықтай "ақылды" етеді. Жарық, жылу, қауіпсіздік жүйелері бір орталықтан басқарылады.

Дизайнерлер Van Wijnen салатын үйлердің стилін "жасыл ландшафтағы түрлі пішінді блоктар" деп сипаттаған. Яғни, үш өлшемді принтер ғимаратты адамның талғамына сай кез келген қалыппен салуға мүмкіндік береді.

"Дәл қазір бізге үйлердің сыртқы көрінісі ұнап тұр. Бұл – инновация, бұл – футуристтік дизайн. Алға қадам жасауға тиіспіз, адамдар ұнаған үлгісін таңдап, өздеріне принтерден баспана шығарып алады. Олар жаңа үйді эстетикалық тұрғыдан біршама тартымды етемін десе, өздері біледі. Мұндай тәсіл дәстүрлісіне қарағанда әлдеқайда арзан. Кірпіш болса, қымбаттап барады", – дейді Ван Гурп "Гардианға" берген сұхбатында.

Принтермен көпір де тұрғызды
Гурптың ойынша, 3D принтерлер алдағы бес жылдың ішінде үй тұрғызудың негізгі құралдарының біріне айналып, баспана құрылысының 5 пайызында қолданылуы мүмкін.

Эйндховен әуежайы маңындағы Меерховен ауданындағы орманда салынатын 5 үйдің құрылысы 2019 жылдың ортасына дейін аяқталады. Оларды Vesteda деген риелторлық компания жалға бермек. Гурп мәлімдегендей, жаңа үйлер Нидерландтың тұрғын үй нормаларына сәйкес тұрғызылады.

Журналистердің бірі Гурпке "өзіңіз осындай үйде тұрар ма едіңіз?" деген сұрақ қойған. Ол сауалға маманның жауабы мынадай болды: "Принтермен құйылған алғашқы үйлерді жалдауға ондаған отбасы өтініш білдірді. Бір аптаның ішінде осынша жанұя оларда тұруды қалап отыр. Ал, өзіме келсем, үш балам бар. Сондықтан, маған үлкен пәтер керек".

Жоба басшыларының айтуынша, принтермен салынатын үйлердің іргетасы кәдімгі әдіспен құйылады.

Эндховен технология университетіне оралсақ, ол 3D жүйесін қолдануда көш басында тұр. Былтыр бұл оқу орны Нидерландының оңтүстік-шығысындағы Гемерт қаласында әлемдегі алғашқы көпірді принтермен салып, оны велосипедпен жүруге арнаған.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу